- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Баланың ойлау қабілетін...
Баланың ойлау қабілетін дамытуға көмектесетін 9 амал
Ойлаудың көмегімен біз күнделікті міндеттерді орындаймыз және жаңа нәрселер үйренеміз. Сондықтан баланың ойлау қабілетін дамыту маңызды. Оны жаттықтыру және дамыту қиын емес. Баланың ойлау қабілетін дамытуға көмектесетін және оның сүйікті хоббиіне айнала алатын қызықты әрі көңілді істерді ұсынамыз.
Өсімдік өсіру
Өсімдік өсіру баланың ойлауын дамытуға көмектеседі. Олар қоршаған орта жайлы ақпарат алады және гүлдерге, көкөністерге қалай күтім жасау керегін үйренеді. Сондай-ақ, бұл нәтижеге жету үшін еңбек етіп, күш жұмсау керегін түсінуге арналған жақсы тәжірибе.
Оригами
Қағазды бүктеп, пішіндер жасау ұсақ моториканы дамытады. Оған жауап беретін ми орталығы сөйлеу аумағына жақын орналасқан. Біз қаншалықты оны белсенді етсек, ақыл-парасат пен сөйлеу соншалықты жақсы дамиды.
Оригами өнері баланың қиялы мен есте сақтауын жақсартады. Оғақ қоса, бала онымен айналысса, біртіндеп қарапайым сұлбалардан күрделісіне ауысатын болады. Оригами эстетика мен талғам сезімін сіңдіреді. Ол оның өмір бойына хоббиі болып қала алады.
Сөздер іздеу және сөзжұмбақ
Сөздік ойындардың смартфондағы танымал ойындардың қатарына кіруі бекер емес. Вертикаль, горизонталь және диагонал бойынша орналасқан әріптер арасынан сөздер табу баланың зейінін жаттықтырады және оның сөздік қорын кеңейтеді. Бір ұзын сөзден қысқа сөздер табу да пайдалы.
Сөзжұмбақ шешу зейін қоюды арттырумен қатар логикалық ойлауды дамытады.
Тамақ пісіру
Пеште тамақ пісіру зейінді қажет етеді, сондықтан ол миды ынтамен жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Балалар үшін ол ата-анасымен немесе жақынымен көңілді уақыт өткізу болып келеді. Бәліштер мен тоқаштар дайындау арқылы баланың есептеу дағдысын, өлшем мен салмақ түсінігін жақсартуға болады.
Ол үшін балаға тамаққа қажетті ингредиенттерді өздігінше дайындауына мүмкіндік беріңіз. Мысалы: ұнның қажет мөлшерін өлшеуіш стақанға салу немесе бірнеше қасық су құю.
Би
Билеу және музыка тыңдау балаларға қозғалыс үйлесімін жақсартуға көмектеседі. Ол үшін мидың белсенді жұмысы қажет. Бұл кезде кеңістіктегі бағдарға, күшке және эмоцияға жауап беретін бірнеше аймақтар іске қосылады.
Балалар билеген кезде олардың визуалдан бастап кинестетикалыққа дейінгі қабылдаудың барлық каналдары жұмыс істейді. Бұл аймақтар қаншалықты жиі іске қосылса, есте сақтау мен ойлау соншалықты жақсы жұмыс істейді.
Логикалық тізбекті ойындар
Баланың логикалық ойлауын дамыту үшін олармен мына жаттығуды жасаңыз. Екі сөзді таңдап, содан соң балаға оларды бір-бірімен байланыстыруды тапсырыңыз. Олар үйде бар нәрселер болуы мүмкін. Мысалы, доп пен қарбыз (бір-біріне ұқсас заттар болуы міндетті емес).
Оларды қалай байланыстыруға болады? Мысалы: екеуі де дөңгелек және егер үйіңіздегі доп жасыл болса, екеуі де жасыл.
Бұл ойынды баламен жиі ойнасаңыз, ол түрлі заттар арасынан көбірек байланыстар таба алатын болады. Себебі осылай оның ойлауы жаттығады.
Көрініс қою
Әртістік нөмір дайындау баланың қиялын іске қосады және белсенді ойлануға мәжбүрлейді. Сондықтан үйде балалар театрын ұйымдастыруға болады. Балаға сүйікті ертегісінің кейіпкері болуды, мультфильм кейіпкеріне пародия жасауды немесе өздігінше оқиға ойлап табуын ұсыныңыз. Ал сіздер немесе ата-әжесі көрермен болып отырыңыздар. Бұл баланың адамдар алдында сөйлеуіне, өзін-өзі ұстауына көмектеседі және оның шығармашылық потенциалын ашады.
Конструктормен ойнау
Кішкентай детальдарды схема бойынша біріктіріп құрастыру бала миының белсенді жұмыс істеуіне көмектеседі. Ұсақ моторика, кеңістіктік ойлау және шығармашылық дағды жаттығады.
Констркутормен ойнау бірнеше заттарды өзара салыстыруды, анализ жасауды, қателіктерді анықтап, түзетуді және істі аяғына дейін жеткізуді үйретеді. Бала шыдамдылық, ұқыптылық және ынталылықты жаттықтырады.
Суреттерден айырмашылықтар табу
Бұл ойлауды дамытатын ең жақсы бас қатырғыштардың бірі. Оны шешу кезінде баладағы қабылдаудың визуалды каналы және оның логикалық ойлауы іске қосылады. Бала бірдей суреттерден айырмашылықтарды іздеу кезінде зейін қоюды және анализ жасауды үйренеді.
А. Жапатова