Баланың қиялын жетілдіру үшін

Баланың қиялын – фантазиясын тәрбие қылу жолдары. Қиял деген жандағы бір суреттеулерден жаңа суреттеу жасау. Бұдан көрінеді: қиял терең һәм бай болу үшін жанды суреттеулер көп болу керек екен. Адам неғұрлым білімді, тәжірибелі болса, қиялы да сонша бай болсын десек, оның білімді болуына ыждиһат қылу керек. Бала тұрмыспен көзбе-көз таныссын. Оның есінде, жанында көп білім болсын, жан-жануардың тұрмысын бақыласын. Жаратылыстың тұрмысымен таныс болсын. Міне, сонда баланың қиялы өткір һәм бай болмақ.

Қиялды өркендетудің екінші жолы – баланы қиялды аса керек қылатын ғылымдармен таныс қылу: әдебиет, тарих, жағрафия, жаратылыс сықылды. Сөз арасында арнап қазақ баласының қиялы туралы бір-екі сөз айтып өтейік. Жаратылыстың құшағында, меруерт секілденген көк шатырдың астында, хош иісті жасыл кілем үстінде күнмен бірге күліп, түнмен бірге түнеріп, желмен бірге жүгіріп, алдындағы малымен бірге өріп, сары сайран далада туып, өсетін қазақ баласының қиялы жүйрік, өткір, терең болуға тиісті. Бірақ қазақ қиялы тәрбие көрген жоқ, әлі тағы, әлі бала. Біз күндер, жылдар өткен соң қазақ қиялы тәрбие алып, тереңдеп, адамзат дүниесін бастайтын бір жарық жұлдыз болар деп иманымыз кәміл.

Тағы бір сөз. Орыс учительдерінің аузында және солардан сабақ алған қазақ оқығандарының аузында бір сөз бар – қазақ баласы әдебиет, тарих сықылды ғылымдарға зерек болмайды, бәлки математика, есеп пәніне зерек болады деген. Мен бұл пікірді қате ме деп ойлаймын. Менің ойымша, қазақ баласы математикаға емес, әдебиет, тарих, жағрафия, жаратылыс сықылды ғылымдарға зерек болуға тиісті. Дәлелім: қазақ баласының жаратылысы осыны тілейді. Баланың атаға тартуы рас болса, сиқырлы даланың баласы қазақ баласы да қиялқұмар болуға тиісті. Яғни ол әдебиет, тарих сықылды қиялды көп керек қылатын ғылымдарға ұмтылуы тиісті. Ал енді орыс школасында оқыған қазақ баласының математикашыл болуы: әдебиет, тарих сықылды ғылымдарды сөйлеуге, жазуға орыстың тілін білмеген соң бейшара қазақ баласы тіл керек қылмайтын математиканы, есепті айырмағанда қайтсін.

Баланың фантазиясы һәм оның өркендеуі. Балада қиял ерте оянады. Бірақ оның жанында суреттеулер аз болғандықтан, қиялы да бай емес. Әйткенмен де бала әсерленімпаз болғандықтан, оның аз, тайыз қиялы ашық, жанды болады. Бала түсін өңім деп біледі. Балаға дүнедегі бар заттың бәрі жанды сықылды көрінеді. Баланың түсінуінше дүниеде мүмкін емес нәрсе жоқ. Бәрі мүмкін, бәрі болатындай. Бала ертегінің бәрін шын деп ұғады. Жоғарғы ерні қыбырлап, төменгі ерні жыбырлап Қобыландының Тайбурылы сөйлейді десең, көк ешкінің құйыршығы жұлынып қалған соң, бір құйыршық бала болыпты десең, қотыр тай құрық салғанда құнан болды, жүгендегенде дөнен болды, ерттегенде бесті ат болды десең, бала осылардың бәрін шын көреді.

Мағжан Жұмабаев «Педагогика»

Жалғасы

Ұқсас жазбалар:

Баланы ұйықтатудың жеңіл әдісі

«Бабалар аманаты»: Бала тәрбиесі