Бұрын тілі шықпаған балаға есін білмейді, бұл не түсінеді дейсің деп онша мән бере қоймайтын едік. Керісінше, алты жасар балада алпыс жастағы адамның ойы болады. Үш жасқа дейінгі балалардың оқуға қызығушылығын арттырып, кітапты сүйіп өсуі үшін, иллюстрацияларды мұқият қарап, өлеңдер мен ертегілерді тыңдауды үйрету үшін кітапты қалай таңдаған дұрыс?
Алдыңғы жазба алты айға толмаған нәресте жетілуіне не қажет екені жөнінде болды. Бүгін алты ай мен бір жас аралығындағы балаға алғашқы кітап таңдау туралы сөз қозғайық.
Ендігі балаңыз өздігінен отыра алатын болар әлде қолыңызда отыра алады, тым құрығанда етпетінен біраз уақыт жата алатын кезге келген шығар. Айналасындағы заттарға да қызығушылығы артқан үстіне арта түскені де айдан анық.
Алғашқы балалар кітабын алатын сәт жетті. Ол қатты, тығыз, қауіпсіз бірнеше картон қағазды парақтан құралуы керек. Барлық әңгіме осы парақта. Балаларға кітаппен алдастырып ойнатқан ұнайды, оның үстіне бұл моториканы жетілдірудегі алғашқы батыл қадамдардың бірі болады. Қолына түскен нәрсені аузына салатын баладан кітап та аман қалмайды, бірақ сонда да міні құрымауы қажет. Балаларға арналған кітапты көп етіп сатып ала берудің қажеті жоқ, екі-үш данасы жеткілікті. Арада біраз уақыт өткенде бала ілгері жылжып келе жатқанына куә боласыз. Сонда ғана мазмұнды, мәнді, оқуға ыңғайланған кітап сатып алуға болады. Ең алғашқы кітапты таңдау – ең жауапты жұмыстардың бірі.
Мұнда ескеру керек бірнеше ереже бар:
Жоғарыда атап өткеніміздей, кітап қалың картон парақтардан жасалып, мұқабасы, түптелуі сапалы болуы қажет. Оны баланың қолына бергенде бірден тас-талқаны шығып жыртылып, мыжылып қалмайтындай болуына көз жеткізіңіз.
Иллюстрациялардың (суреттері) қарапайымдылығы. Бір сурет бір бетте орналасқаны дұрыс. Ал ол сюжетті сурет болса, мейлінше қарапайым болсын. Бұл жастағы балаға күрделі бөлшектерді, кейіпкерлердің іс-әрекетін бірден түсінуі оңай емес. Бейнелер неғұрлым оңай қабылданатын болса, бала да жеңіл танысады, соған орай кітапқа деген қызығушылығы да жоғарылай түседі.
Бірыңғай түстер. Нәрестеге арналған кітапта (ақ пен қараны қоспағанда) қызыл, жасыл, сары, көк – негізгі төрт түс қана болғаны дұрыс. Алабажақ түстер балаға пайда әкелмейді, керісінше, шаршатып жібереді.
Шынайы бейнелер. Қолтырауын жасыл, қызанақ қызыл түспен берілуі шарт. Бұл аса маңызды сәт. Бала бұл жасында ақпаратты аса ірі ауқымда сіңіреді, қарама-қайшылық мүлдем қажетсіз. Бұл жануардың сыртқы пішініне де байланысты айтылып тұр. Суретшілер әдетте жануарға киім кигізіп бейнелегенді жақсы көреді. Ол бір жасқа толмаған баланың санасына кері әсер етеді. Дұрыс емес түсінік қалыптастырады. Ал сәл өсіп, есі кірген балалардың кітабына көйлек пен қалпақ киген мысық суретін салуға да болады. Себебі ол кезде сәби шынайы өмір бар екенін, оған қоса ертегі әлемі де бар екенін түсіне алатын күйге жетеді. Бастапқы сатыда мысық кәдімгі мысық сияқты төрт аяғы, құлағы, құйрығы бар бейнеде танылуы тиіс.
Алты айдан енді асқан балаларға арналған кітапта сөздер болуы міндетті емес, суреттерден құрастырылған кітапты сөйлетіп беруге әрбір ата-ананың қабілеті жетеді. Қай суреттің не екенін айтып, сөйлеп отырсаңыз, осының өзі «ертегі» болады.
Бала өз бетімен кітапты парақтай алатын шаққа жеткен бойда қолына құнды қазынаны ұстатсаңыз, ол өскенде міндетті түрде оқу-білімге жақын болады. Қағаз бен қаламды берсеңіз де, өзіне ғана түсінікті «шедеврлерін» шимайлау арқылы ішінде жиналған беймәлім невроздарды сыртқа шығара алады.