Қайратты өркендету жолдары
1) Тәрбиеші баланы денесін дұрыс билеп, дұрыс қозғалуға үйретсін. Дене мүшелері қайраттың тез қозғалатын, тез орындайтын қаруы болуға тиісті. Бала мүшелерін теріс қозғап үйреніп бара жатса, тәрбиеші тез түзесін. Сол уақытта бала қандай іске қай мүшені қозғау керек һәм қалай қозғау керек, соған әдеттенбекші. Жазғанда, тіккенде саусақтарды қалай ұстау сықылды.
Тәрбиеші баланы жан істерін қайратқа дұрыс бағындыруға үйретсін. Бала әсіресе тілегіне қожа бола алмайды. Не тілесе, соны жүзеге асырғысы келеді. Бала болмайтын нәрсе жоқ деп ұғады. Тура мағынасымен аспандағы айға ұмтылады. Тәрбиеші баланы осындай қияңқылықтан сақтауға міндетті. Балаға әрбір тілектің алдын, артын, болдыратын һәм болдырмайтын себептерін салмақтап, тексеріп үйретуге міндетті. Терең тексеріп келіп, тілекті жүзеге шығару қайраттылық болатыны сықылды, тексеріп келіп, тілекті тоқтатып қалу да зор қайраттылық. Есте болу керек: арыстан айға шапса, мерт болмақшы, өтпес жарлық бойға қорлық болмақшы. Тілектің алдын, артын тексеріп үйренген адам балалықта ебедейсіз еркеліктен, қияңқылықтан, есейгенде есерліктен аман болмақшы.
2) Баланың қайраты күшті болуы үшін тәрбиеші баланың барлық ісін тізгіндей бермей, әрбір істе балаға ерік берсін. Бала өз еркімен денесін қозғап, жүгіріп үйренсін. Әсіресе жанды жұмсап үйренсін. Яғни бала өз бетімен бір нәрсені тілеп, сол тілектің алдын, артын тексеріп, сонан соң иә болдыруға, иә болдырмауға өзі әдеттенсін. Сол уақытта баланың қайраты өркендемек. Әрине, баланың ісі, тілегі пайдасызға, зиянға айналып бара жатса, тәрбиеші кіріседі ғой. Бірақ баланы ылғи тізгіндеуден сақтану керек.
Әдет. Әрбір іс дене ісі болсын, жан ісі болсын, алғаш істелгенде бірталай қиындықпен істеледі. Екінші істелгенде қиындық біраз жеңілденеді. Егерде көп істесек, ол істі тіпті жеңіл істейміз. Сол істі ылғи істегіміз келіп тұрады. Белгілі шарттар болғанда, белгілі бір түрде іс істеу әдет деп аталады. Мысалы, жазған уақытта саусақтарды былай ұстау, әрине, қиын. Оған қанша қайрат жұмсалады. Бірақ біраздан тіпті жеңілге айналады.
Әдеттің адамға көп пайдасы тиеді:
1) Әдет арқасында адам белгілі ғана істерді істеп, тақақтап ұшына шығады, анық орындайды. Әрбір істің басын шала бермейді.
2) Істің тиянақты, көрікті болуына себепкер, әдеттенген істі адам тиянақты істейді.
3) Уақытты һәм күшті далаға жібермейді, бәлки үнемдейді. Әдеттенген істі көп күш жұмсамай адам тез һәм жеңіл істейді.
Адам өмірінде әдет осындай зор орын алатындықтан, тәрбиеші барлық күшін жұмсап, баланы неғұрлым жақсылыққа әдеттендіруге міндетті. Бала нашарлыққа бір әдеттеніп қалса, оны қайта түзеу оңай нәрсе емес, есте болу керек. Ауру қалса да, әдет қалмақ емес. Әдет тым бойға сіңсе, құмарлыққа айналады.
Құмарлық шектен шықпай белгілі мөлшерде болса, әрине, пайдалы. Құмарлық болмаса, адам өмірінде білгілі бір жолды қуып кете алмайды. Бірақ көбінесе құмарлық шектен шығып кетеді. Көбінесе адам бірнәрсеге құмар болса, басқа барлық нәрседен көзді жұмып безіп кетеді. Бір тілекке басқа тілектің, бір нәрсеге басқа нәрсенің бәрін құрбан қылады, құмар болған нәрсенің пайдалы, пайдасызына қарай алмайды. Сол құмарлық жолында ұяттан, ардан, барлық адамшылықтан айырылады. Мысалы, қиссадағы Қыранбайдың малға құмарлығы сықылды. Маскүнем адамның арақ құмарлығы сықылды. Мұндай құмар адам – сау емес, ауру адам болады. Мұндай құмарлық адамды өрге сүйремейді. Сондықтан тәрбиеші балада мұндай құмарлықты болдырмауға міндетті.
Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» кітабынан
Ұқсас жазбалар:
Сенімсіздіктің түбірі неде?
Баланың ойлауын қалай өркендетеміз?