Қазіргі кезде киноға бару отбасылық демалыстың дағдылы түріне айналды. Ол ересектерге де, балаларға да қызықты. Алайда, өте қатты дыбыс, қараңғылық, бір орында ұзақ отыру, жылдам өзгеретін суреттерді бақылау, зер салу баланың жүйке жүйесіне ауыр сынақ. Әдетте, толық метражды мультфильмдерде 6+ таңбасы белгіленеді. Сонымен, қай жастан бастап балалармен бірге кинотеатрға баруға болады? Кей психологтардың ойынша, кино көрсететін залға бірінші рет бала төртке не беске толғанда апарған жөн екен. Біріншіден, бұл жаста балалар көпшілік мақұлдаған тәртіппен таныс болады. Екіншіден, экранда болып жатқан нәрсе оған жақын әрі қызықты болғанда, бес жасар баланың шыдамдылық деңгейі одан кіші балаларға қарағанда әлдеқайда жоғары болады. Үшіншіден, баланың дабыл жарғағы өте қатты дыбыспен сүйемелге бейімделген. Баланы кинотеатрға алып келерде ол жер қараңғы және шулы екенін ескерткен жөн. Жанр таңдауға үлкен жауапкершілікпен қарау керек: ол мультфильм немесе отбасымен көруге арналған фильм болуы тиіс. Қарапайым сюжеттік желі және шектен тыс қорқынышты кейіпкерлердің болмауы киноны жаңадан бастап көрушіге де, оның ата-анасына да жақсы демеу болады. Сонымен қатар, баламен киноға барарда оның жеке ерекшелігі мен қалауын ескеру керек. Негізінде, алдымен мультфильмді өзіңіз көріп алып, балаларға көруге болатын-болмайтынын бағалаған жөн. Балалардың көпшілігі алты-жеті жасқа келгенде, ереже бойынша, киноға тыныш барып, ләззат алады. Жүйке жүйесі әлсіз (шудан, тобыр адамнан жылдам шаршайтын) және өте белсенді балаларға жүйке жүйесінің мұндай жүктемеге пісіп жетілуіне ұзақ уақыт қажет. Егер Бару керек пе әлде жоқ па?, Бала шыдап отыра ала ма? деген сұрақтар туса, әлі де ерте деген сөз. Балалардың жасына қарай өзін ұстау жіктемесі: Бір жарым жастан төмен зейіні құбылмалы, айналасында не болып жатқанын түсінбейді, экрандағы суреттер оны максимум 2-3 минутқа қызықтыруы мүмкін; Бір жарым-екі жас аралығындағы балалар қоғамдық орындардағы тәртіп ережесін түсінбейді, анасының өтінішіне қарамастан қатты сөйлейді. Сурет оларды он минуттай алаңдатуы мүмкін; Екі-үш жаста 20 минутқа дейін тыныш отыра алады, одан кейін әрекеттің ауысуын қалайды немесе ата-анасының зейінін аудару үшін еркелік көрсете бастайды; Үш-төрт жаста өздерін ересектерше ұстауға тырысады, залда жарты сағаттай отыра алады, сыбырлап сөйлесіп көреді;Бес жас бірінші рет кинотеатрға баруға болатын қолайлы уақыт. Бала бұл жаста өзін ұстай алады, толық метражды мультфильм желісін қызыға қарайды, дәретханаға бармай бір сағат шамасында отыра алады. Ата-анаға қажетті пайдалы кеңестер: Билеттерді таңертеңгі сеансқа алған жөн. Әңгіме билеттің бағасында емес, әдетте, таңертең көрермен аз болады. Сондықтан бала өзін қолайлырақ сезінеді; Залға кірер алдында дәретханаға тағы да барып шыққан жөн; Өзіңізбен бірге жейтін бірдеңе ала кіру керек. Ол печенье не жеміс-жидек болуы мүмкін; Кішкентай балалар сұйықтықты жиі ішкісі келеді. Сондықтан, су немесе шырын ала кіріңіз. Газдалған сусын ұсынылмайды. Себебі, газдалған сусын одан әрі шөлдетеді және іштің кебуіне әкеледі; Билеттерді алдыңғы төрт қатарға алмауға тырысыңыз. Балаларға экранға жақын отыру зиянды, ол көзге көбірек жүктеме түсіреді. Жеті жасқа толмаған балаларға 3D немесе 4D сеанстарына кіру ұсынылмайды. Бала әсершіл болса, шағын ойыншығын алып кірген дұрыс. Егер балаға залда отыру жайлы емес екендігі көрініп тұрса немесе шаршаса, оны соңына дейін отыруға қинамай, шыға салыңыздар. Кинотеатрға бару тек мультфильмнің өзі ғана емес, сонымен қатар барлық отбасымен демалу және көңіл көтеру, сеанстан соң көргенді талқылау және сезіммен бөлісу. Кинодан шыққан соң, баланың ойын сұрау арқылы оның өз әсерін еркін көрсетуіне үйретуге болады.