- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Баланы күндіз ұйықтатудың...
Баланы күндіз ұйықтатудың 5 әдісі
Баланың күндіз ұйықтағаны жақсы. Бірақ кішкентай балаларды күндіз ұйықтату оңай емес. Біз ұсынған кеңестерге көз жүгіртіңіз.
Жағдайға бала көзімен қараңыз. Күннің ортасы, ойын қызып жатыр. Сүйікті қуыршықтар, көліктер саяхатқа шықты. Кенеттен, анасы келіп, "ойынды кейін жалғастырасың, ал қазір ұйықтау керек" дейді. Бұл жағдайда бала ұйықтауға емес, ойынын үзгенге қарсылық білдіреді. Алдымен баланың ойынына қосылуға тырысыңыз, содан соң оның сюжетіне демалыстың қажеттілігін қосыңыз. Мысалы, қуыршақты ұйықтатуды ұсыныңыз.
"Жай жата тұрайық". Егер бала ойнап отпаса да ұйықтауға қарсылық білдірсе, ереже орнатыңыз: "Қазір демалатын уақыт". "Егер ұйқың келмесе, қасымда жай ғана тыныш жат" деп көріңіз. Сондай-ақ жапқышты жауып қойыңыз.
Күн тәртібін сақтаңыз. Балаларға күн тәртібін сақтау пайдалы. Егер бала балабақшаға барып жүрсе, демалыс күні де оны таңертең ерте оятып, түстен кейін ұйықтатқан дұрыс. Сондай-ақ пайдалы дәстүрлер ойлап табыңыз. Мысалы, күнде ұйықтарда баланың арқасын сипау немесе сүт, айран беру.
Мультфильмді сөндіріңіз. Ми ояу жүру және ұйықтау сұрағында жарық-қараңғыдан және әдеттен бағдар алады. Бала мультфильм қарап отқан кезде жарық экранға және ондағы жылдам ауысып жатқан түрлі түсті суреттерге қарап, ми ұйықтау емес, көңіл көтеру керек деген белгі алады. Сондықтан ұйықтауға 40 минут қалғаннан бастап мультфильмді сөндіріп қойған дұрыс.
Мүмкіндік болса, өзіңіз де ұйықтаңыз. Бірдеңені түсіндірудің ең оңай әдісі – көрсету. Бала үшін ата-ана үлгі.
Алайда баланы ұйықтатпауға да болады. Мысалы, басқа елдерде 3 жастан асқан баланы күндіз ұйықтатпайды, бірақ кешке шамамен 19:00-20:00-де ерте ұйықтатады.
А. Жапатова