Кей ата-аналарды интернет пен технология дамыған заманда балаға қолмен жазу дағдысы қаншалықты қажет болатыны және неліктен мектепте оған аса мән беретіні ойландырады. Жазба сөздің маңыздылығы неде?
Жаза білу шынымен де маңызды
Жазба сөз — тек әріптерді жаза білу емес. Бұл күрделі біріктіргіш процесс. Біз жазуды меңгерген кезде біруақытта бас миының барлық облысы жұмыс істейді. Оған қоса, ол толық функционалдық жүйені жасай отырып, барлығын үйлесімді орындайды. Көру облысы жұмыс жадында сөздің және әріптің бейнесін сақтау және жаңғырту үшін жауап береді, ал есту — фонемамен жұмыс істейді. Сондықтан балалар жазуды жаңадан үйреніп бастаған кезде әр сөзді дауыстап айтады. Мидың қимылдық және терең бөліктері бұлшықеттердің жеткілікті тонусы үшін жауап береді. Бұлардың барлығы семантикалық сәйкес сөздерді іздеумен және анализ жүргізумен бірге жүреді. Бала әріпті жазу кезінде оның миы секундына қаншама тапсырма орындайтынын ойлаңызшы?!
Біз жай жазуды ғана үйренбейміз — біз жаңа функционалдық жүйе қалыптастырамыз, мидың барлық бөліктерін бір желіге байланыстырамыз. Егер мектептерде жазуды пернетақтада теруге ауыстырса, сөзсіз, оқу процесі жеңілдейді, бірақ ол балалардың когнитивті функцияларына әсер етеді.
Дайындықты қашан бастаған дұрыс?
Әдемі жазу бала қолының қаншалықты дайын екеніне байланысты: жалпы тонусы, дене күйі және моторика. Бала қолы туылған кезден бастап табиғи жолмен жазуға дайындалады: құмсалғышта ойнап отырғанның өзінде бала моторикасын дамытады. Секіру, велосипед тебу, арқан жіпті саябақта ойнау да осы мақсатқа ықпал етеді. Қазір ата аналар арасында баланы ерте дамыту кең тараған, алайда 4-5 жастан ерте оны жазуға отырғызудың мәні жоқ. Бұл жаста қарындашты дұрыс ұстап үйрену жеткілікті.
Егер балада мына дағдылар қалыптасқан болса, оның жазып үйренуге дайын екенін көрсетеді:
- білекті айналдыра алу және толқынды сызықтар сала алу;
- түзу сызықтар сала алу (алдымен вертикаль және горизонталь, кейін диагонал);
- түрлі бағыттағы үзік-үзік сызықтар салу.
Баланы жазуға қалай қызықтыруға болады?
Жазуға қызығушылық тудыру үшін ол неден басталатынын түсіну маңызды. Жазба сөз — әрқашан ақпарат беру. Ол суреттен басталады. Бала анасына ұқыпсыз боялған суретті әкелгенде немесе әкесіне шимайланған парақты сыйлағанда ол сол арқылы өз ойларымен бөлісуге тырысады. Ересектер оның бұл әрекетін мақтауы керек. Бала өз сөздерін сызықтар мен сызықшалар арқылы кодтап жазады, идеясын бейне арқылы жеткізуге тырысады. Сондықтан суретті бастамашылық ету маңызды. Балаға қарындаштар, борлар, бояулар және қылқаламдар ұсыныңыз, саусақпен сурет салдыртыңыз, қағазға нүктелер мен алақан ізін салыңыз және бояуды үйретіңіз.
Заманауи балаларға жиі сурет салудың ұнамайтын себебі — жалпы тонуспен және оның асимметриясымен проблема болуы. Балалардың қарындашты дұрыс ұстай алмауына гаджеттер мен дұрыс емес дене күйі әсер етеді.
Балалар ересектер сияқты болғысы келеді. Сондықтан өзіңіз жиі жазыңыз! Жастығының астына хат қалдырыңыз, оған әңгіме жазып беріңіз, бір-біріңізге қағаздан оқыңыз және бала сізді қайталаған кезде эмоцияларыңызды ашық білдіріңіз. Сізге түрлі түсті хаттар алған қатты ұнайтынын айтыңыз және ол салған әдемі суреттерді тоңазытқышқа іліп қойыңыз. Балаңыздың барлық шығармашылығын сақтап, оның сурет арқылы жеткізгісі келген нәрсесі сіз үшін өте маңызды екенін көрсетіңіз. Мұның барлығы — жазба сөздің негізі. Сурет салудан рахат алу біртіндеп әріптер жазудан, содан соң сөздер жазудан рахат алуға ауысады. Егер 5-6 жасқа таман балада мұндай ұмтылыс пайда болмаса, бастапқы деңгейге қайта оралыңыз: сурет салып, шимай хаттар жасау.
Қатені түзеу керек пе?
Қазір балаларға арналған жаттықтырушы оқу құралдарының түр-түрі сатылады. Олардың балаларға пайдасы өте көп. Балаға қызықты болу үшін лабиринт түрінде берілген тапсырмаларға мән беруге болады. Бастысы, мұндай оқу құралдарын бала жасына сай етіп алу маңызды. Әріптерді шағылыстыра немесе сөздерді оңнан солға қарай жазу — үйренудің қалыпты кезеңі. Балаға қалай дұрыс екенін түсіндіріп, оны жайлап түзеуге болады. Сондай-ақ, бірінші сыныпқа дейін орфографияға мән бермеуге болады. Егер мұндай проблемалар 6,5–7 жаста өздігінен ретке келмесе, нейропсихологқа көріну ұсынылады. Егер бала жазу кезінде қарындашпен немесе қаламмен қағазды тесіп ала берсе, ол жиі бұлшықеттер гипертонусын білдіреді. Бұл жағдайда ортопед маманымен кеңесіп, білекке арналған жаттықтырғыштарды байқап көруге болады.