Баланы жақсы көре тұра қалай қатты еркелетіп алмау керек? #2

Баланы жақсы көре тұра қалай қатты еркелетіп алмау керек?  #2
Фото: www.gracechurchwm.com

Сәбиді туа біткен болмысы қандай дәл сондай етіп қабылдауы жайында және оны кемшіліктерімен, қателіктерімен қоса жақсы көре білу керектігі туралы естіп жүрміз. Алайда баланы тәрбиелеуде барлығына рұқсат беру мен тәртіп арасындағы шекара қандай болуы тиіс? Балаға не істеуге рұқсат, ал ата-анаға не істеуге болмайды? Баланы жақсы көре тұра қалай еркелетіп жібермеу керек?

Басы

3-мысал. Үй жинасуға көмек сұрағанда балаңыз естімегендей болады.

Сіздің алғашқы реакцияңыз – оған ұрсу, талап ету немесе жазалау. Баланың қажеттілігі мен сезіміне аяушылық таныту керек. Баладан бұл проблемадан қандай шешім көретінін сұраңыз, өз ұсыныстарыңызды айтып, содан соң оның нұсқасын тыңдаңыз. Сол шешімдердің бірін таңдаңыз. Балаға таңдау жасауға мүмкіндік беріңіз. Мысалы: қандай ретте, қай уақытта және не істейтінін таңдау. Ол әңгіме барысында өзін бағынышты емес, толыққанды адам сезінуі керек. Сол кезде ол өзіне берілген міндет бөлігін жауапкершілікпен орындайтын болады.

4-мысал. Сіз балаңыздың кіммен және қалай араласатынын, қайда және қай уақытта жүретінін және не істеп жүргенін жақтырмайсыз.

Сіздің алғашқы реакцияңыз – тыйым салу және өз айтқаныңыздан қайтпау. Мұндай жағдайда не істеу керек? Балаға оның әрекетінің мүмкін салдарлары туралы айтып көріңіз. Балама ұсыныңыз. Бағыт беріп, мақсатты көрсетіңіз. Ұсынған баламаңыздың оған пайдасын дәлелдеп, балаға ол нұсқа неге ұнайтынын немесе ұнамайтынын тыңдаңыз. Егер оның қазіргі әрекеттерінен проблема шықса, оны өзі шешетінін түсіндіріңіз. Одан соң баланың таңдауы қандай болса да, сіз өз сөзіңізде тұруыңыз керек. Бала өз шешімінің нәтижесіне өзі жауапты болуына мүмкіндік беріңіз. Оған кеңес беру арқылы көмектесіп, бірақ іс жүзінде араласпауға тырысыңыз. Ол жағдайдың шешімін балаңыз сізден де жақсы табуы мүмкін. Балаңыздың дұрыс ойлайтынына және оның дұрыс шешім табатынына толықтай сенетініңізді білдіріңіз. Балаға деген мұндай қатынас оның болашақта жауапкершілікке және өзін-өзі тәрбиелеуінде пайдасы тиеді.

5-мысал. Балаңызды мектепте мазақтағандықтан немесе сыныптастарымен тіл табыса алмағандықтан, ол үйге көңіл күйсіз келеді.

Сіздің алғашқы реакцияңыз – балаңызға "араласу, достасу білмейсің" деп ұрысасыз немесе мектепке барып, оны ренжіткендерді кінәлайсыз. Не істеу керек? Мұндай жағдайда балаға ең керегі – онымен бірге уайымдау және проблеманы өздігінше шешуіне мотивация беру. Оның проблемасын шешіп беру емес, жұбату емес, керісінше, шын пейіліңізбен түсінісу керек. Оның сезіміне тілектес болу, баланың күшіне және дұрыс шешімді өзі табуына сенімді болу қажет. Оның сезімін сөзбен білдіріңіз. Егер оның көңіл күйі түсіп, ренішті болса, «әрине, достарыңның көзінше күлкіге қалдырса, көңілге тиеді ғой» деген секілді айтыңыз. Баладан достасу үшін не істегенін сұраңыз. Бұл проблеманың қандай шешімін көріп тұрғанын сұрап, өздігінен ойлануға үйретіңіз. Өмірде кездесетін қателіктерден қашпай, шешім таба білуіне үйрету керек.

6-мысал. Балаңыз жаңа бәлішті пісіру кезінде немесе жаңа электроқұрылғыны тексеру мақсатында асүй немесе үй қатты шашылып қалды.

Сіздің алғашқы реакцияңыз – ретсіздік үшін немесе артынан жинай алмайтындығын айтып, ұрсу. Мұндай ісіңізбен баланың болашақта белсенділік көрсетудегі және қызығушылықпен сүйікті ісімен айналысуға деген ынтасын жоғалтасыз. Мұндай жағдайда болып жатқан іспен келіспеушілігіңізді білдіріңіз. Яғни, балаға ұрыспай, «Мен – сөйлем» құрыңыз. Мысалы: «Сен шашып тастапсың» орнына «Мен асүйдегі ретсіздікке риза емеспін» сөйлеміне ауыстырыңыз. Жағдайды қалай түзеуге болатынын айтыңыз. Мысалы: «Мен асүйді мынадай жағдайда көрсем, қатты ренжимін (сезіміңізді білдіріңіз)», «Мен артыңнан бәрін тазарлап кетерсің деп ойлағанмын», «Біз кешкі тамақ ішуіміз үшін сағат 8-ге дейін асүйді жақсылап жинастырып қойғаныңды қалаймын». Сол секілді бала кішкентай кезінен сурет салғанды жақсы көруі мүмкін. Үйді шашасың деп айқайлап рұқсат бермеуге болмайды. Артынан жинап жүруін өтініп, шығармашылықпен айналысуына кедергі болмаңыз.

7-мысал. Бала бірдеңені уайымдап жүр, бірақ не болғанын айтпайды.

Сіздің алғашқы реакцияңыз – оны уайымдап, өз-өзіңізбен тұйықталып, өзіңізді немесе балаңызды кінәлау. Не істеу керек? Өзара түсінушілікті қалыпқа келтіріңіз. Баланы құшақтап, қолынан ұстаңыз. Бұл тыныштандырады, қуаттандырады, ішкі қауіпсіздік сезімін қалпына келтіреді, соның себебінен дұрыс шешім қабылдауға негіздейді. Физикалық байланыс орнатудың барлық мүмкіндіктерін пайдаланыңыз. Мысалы, басыңызды оның иығына қойыңыз немесе өз қолыңызды оның қолына қойыңыз.

Балаға оның проблемасын шешіп бергеніңіз немесе қалай істеу керектігі туралы нұсқау керек емес, ол оның уайымына тілектес болғаныңызды, түсінісу, эмоциялық ортақтасу, оның әрекетінің парасаттылығына және өмірлік проблемаларды өздігінен шеше алатындығына сенім білдіргеніңізді қажет етеді.

А. Жапатова