- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Баланы балетке беруге...
Баланы балетке беруге 7 себеп
Балет — өнердің әсем әрі тылсым түрі. Ал балериналар нәзіктіктің, сұлулықтың және көркемділіктің белгісі саналады. Алайда нәзіктігіне қарамастан бишілер шыдамды және еңбекқор келеді. Ендеше, баланы балетке берудің пайдалы тұстарын қарастырайық.
Егер анасы қызын балет студиясына бергісі келсе, алдымен қызының қалауымен санасуы керек. Бала билегенді жақсы көреді, ал музыка оған қозғалуға шабыт бере ме? Онда оны балеттің алғашқы сынама сабағына апарып көруге болады. Бірақ алдымен оған балеттің бір үзіндісін көрсеткен жөн. Мысалы: «Шерткіш» көрсетілімінен үзінді. Егер оған ұнаса, оны классикалық бимен (балетті жиі солай атайды) айналысуға апаруға болады. Себебі балеттің балаға пайдасы мол.
1.Үйлесімді даму
Балеттің тарихы XV ғасырдан бастау алады. Одан бері қанша өзгеріс болса да, балеттің үлгісі сол күйінде сақталған. Ең басты элемент — классикалық музыкамен жаттығу. Жанды дауыстағы музыка ырғақ сезімін және музыкалық түйсігін қалыптастырады. Классикалық музыка сүйемелдеуімен жаттығу музыканы, сурет өнерін және архитектураны басқаша қабылдауға көмектеседі. Бала атақты композиторларды, әлемге танымал аңыздарды және би тарихын білетін болады. Бұл ой-өрісінің дамуына пайдалы.
Нейротілтанушылардың ойынша, хореографиялық қозғалысты игеруші адам миының кеңістікке бағдарлануға, қозғалыс күшіне және эмоциялық жағдайға жауап беретін аумақтары жұмыс істейді. Бишінің жаттығуы кезінде қабылдаудың барлық каналдары (визуалды, есту, жанасу және эмоциялық) іске қосылады.
2. Мінездің қалыптасуы
Балетпен айналысу — ол еңбек. Тіпті, әуесқой қойылымға шығу үшін де жас бишілерге өз-өзімен көп жұмыс жасау керек болады және ерік-жігері мен төзімділігін жаттықтырады. Балет балалардың еңбекқорлығын, жинақылығын, зейінін және талапкерлігін дамытады.
3. Денсаулыққа және дене сымбаттылығына пайдалы
Балеринашылар әрдайым сұлулық эталоны болып саналды. Балетпен айналысатын баланы бірден ажыратуға болады: ол арқасын тік ұстайды және иілгіш келеді. Балетпен айналысу сколиоз (омыртқаның қисаюы) бен майтабанның алдын алады.
4. Икем ауқымының кең болуы
Балет — классикалық би. Ол — барлық бидің негізі. Яғни, бала кезінде балетпен айналысқан адам өсе келе қалауына қарай кез келген би стилін таңдай алады.
5. Өзіне сенімді болу
Қазір баланың лидерлік қасиеттері мен жауапкершілігін дамыту маңызды. Ашық сабақтарда немесе мерекелік шараларда баланың өзі немесе топпен өнер көрсетуі оны адамдар алдында өз-өзін ұстауға үйретеді. Бала өскенде қандай мамандық таңдаса да оның бойындағы бұл қасиет оған тек пайдасын тигізеді.
6. Командада жұмыс істей алу
Балет топтық жұмысқа үйретеді. Мұндай ұйымшылдық пен қолдау жиі нағыз достыққа айналады. Қойылымға дайындалу процесінде балалар серігін түсінуді және сезуді, келісуді және бір-біріне сенуді үйренеді.
7. Энергия шығару мүмкіндігі
Би күні бойы шығара алмаған түрлі эмоциялар мен артық энергияны шығаруға мүмкіндік береді.
Ұлдар да балетпен айналыса алады. Өсе келе оларға физикалық жүктеме қосады. Сондықтан бұлшықеттері қатаяды, сахналық тәжірибе жинайды және өз-өзіне сенімді бола түседі.
А. Жапатова