- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Баланы бақытты етіп...
Баланы бақытты етіп өсіру үшін...
Заманауи балалардың жылдам өсетінін және дамитынын байқаған боларсыз?! Өмірге келген күннен бастап бала түрлі қызыққа толы әлемге тап болады. Ата-ананың міндеті — оған өз құндылықтары мен өмір жайлы түсінігі бар білімді адам болып өсуге көмектесу.
Дамуды тоқтатпаңыз
Біз бала кезімізден бастап айналамыздағы адамдардың өмір сүру салты мен әдеттерінен үлгі аламыз. Бала есейгенше оның өміріндегі ең беделді адамдар — оның ата-анасы. Сондықтан сіз дамуыңызды тоқтатпаңыз, белсенді өмір салтын ұстаныңыз және үлгі тұтатын жақсы адам болуға тырысыңыз.
Баланың эмоционалды интеллектін дамытыңыз
Адам бақытты өмір сүруі үшін эмоционалды интеллект қажет. Өзіміздің және басқаның сезімдерін анықтай білу бізді күшті етеді және өзгермелі жағдайға жылдам бейімделуге көмектеседі. Балаға оның кішкентай кезінен бастап сезімдер жайлы және оларды білдіру неліктен маңызды екенін айтыңыз. Қандай да бір сәтте одан не сезіп тұрғанын сұраңыз. Өзіңіз де сезіміңізді білдіруден қорықпаңыз. Бұл балаға басқа адамдардың көңіл күйін жақсы түсінуге көмектеседі.
Бала үшін негізгі ақпарат көзі болыңыз
Адам дүниеге келген алғашқы күннен бастап оның өмір сүруіне және дамуына көмектесетін ақпаратты қажет етеді. Бала үнемі өзгеріп отыратын әлемде өзін сенімді сезінуі үшін ата-ана негізгі ақпарат көзі болуы керек. Баланы гаджеттермен алаңдатудың орнына онымен жиі әңгімелесуге тырысыңыз және ең қажетті нәрселерді оған сіз үйретіңіз. Бала жаңа және қызықты нәрселерді гаджеттерден емес, ата-анадан білгені дұрыс.
Сөзіңізде тұрыңыз
Уақыт өте бала сөзіңізді құнсыздандырмас үшін және сізге сенімін жоғалтпас үшін әрқашан сөзіңізде тұруыңыз керек. Әрине, жұмыспен және тұрмыстық мәселелермен қолдары босамай жүрген ата-аналар балаға берген уәделерін ұмытып кетуі де мүмкін. Бірақ әлсін-әлсін бала қалауын елемеу және уәдені орындамау баланың ата-анадан көңілі қалуына әкеледі.
Баланы мұқият тыңдаңыз
Әр адам іштей басқалардың оны естігенін және түсінгенін қалайды. Егер ата-ана баланың сөздері мен сезімдерін елемесе, уақыт өте мұндай бала тұйық әрі ешкімге сенбейтін болады. Мұндай жағдай орын алмас үшін баланы мұқият тыңдау маңызды. Баламен сөйлесуге тырысыңыз және оның сезімдерін құнсыздандырмаңыз.
Егер қателессеңіз, баладан кешірім сұраңыз
Кей ата-аналар баласынан кешірім сұраса, әлсіздік танытып, оның алдындағы беделін жоғалтып аламыз деп санайды. Негізінде балалардан кешірім сұрай алу маңызды. Әйтпесе, бала өзін еш құқығы және маңызы жоқ адам санай бастайды. Біріншіден, өз қателігіңіз үшін кешірім сұрау арқылы баламен сенімді қарым-қатынас құра аласыз. Екіншіден, оған ересек өмірде қажет болатын жақсы үлгі бересіз.
Баланың балалық шағын "тартып алмаңыз"
Заманауи балалардың көпшілігінде бос уақыт жоқ. Әрине, баланың білімді болғаны және шыныққаны жақсы, бірақ оның алаңсыз бала болу құқығын тартып алуға да болмайды. Балаға қызықты әрі дамытушы үйірмелердің пайдасы бар. Алайда мұндай үйірмелер отбасымен бірге өткізетін жылы кештерді ауыстыра алмайды.
Балаға қателесуге мүмкіндік беріңіз
Толыққанды және тәуелсіз адам болып өсуі үшін бала өмірдегі кішкентай қиындықтарды ата-ананың көмегінсіз шеше алуы керек. Балаға шектен тыс қамқор болу (гиперопека) және оның бостандығын шектеу — баланы қорғауда ата-ананың жіберетін ең үлкен екі қателігі. Егер баланы ата-анасы қателіктерден және өмірлік проблемалардан әрдайым қорғап жүрсе, ол тәуелді және өздігінше шешім қабылдай алмайтын адам болып өсуі мүмкін. Бала да қателіктер арқылы өздігінше тәжірибе алатынын ұмытпаңыз.