Бала өмірінде ата-анасымен қарым-қатынасы аса маңызды рөл ойнайды. Бұл құрсаққа біткен сәтінен бастап өмірінің соңына дейін жалғасады. Ата-ана өз сөзімен, ісімен араға көпір салады, бұл жолмен бала ата-анаға жақындай түседі не қашықтайды. Бала мейлінше ата-анаға жақын болуы үшін жылы қарым-қатынасты қалай орнатамыз?
Алғыс айту
Бір-біріңізге айтар «рақметіңіз» көп болған сайын арада ризашылық жібі түзіледі, осылай жағымды әрекеттеріңіз есте ұзақ сақталып, қарым-қатынасты бекіте түседі. Кішкентай балаға рақмет айтқанмен бәрібір түсінбейді деп қателеспеңіз. Отбасындағы және қоғамдағы тұлғааралық қатынас мәдениеті сол кішкентай кезінен қалыптасады.
Қайырымдылыққа бірге қатысу
Баспанасыз жандарға қол ұшын созуға не жануарларға көмектесуге балаңыз да ат салыссын. Мысалы теледидардан не интернеттен көмекке мұқтаж жандарды көрсетіп жатқанда олардың оқиғасын, суреттерін ата-анасымен бірге бала да көріп, қайсысына көмектесу керегін өзі таңдауына болады. Осылай ол отбасылық бюджетті ұйымдастырғанда артылған ақшаны тәттілерге емес, қайырымдылыққа жұмсаса қайыры мол екенін ерте жастан түсінеді.
Бірге отырып алға мақсаттар қою
Егер бала өз деңгейінен жоғары мақсаттар қойса, ата-анасының көмегімен міндетті түрде жетеді. Бұл сіз оның мақсатын орындап бересіз деген сөз емес. Оның міндетті түрде мақсатына жетуіне сенім білдіріп, барлығы бірден бола салмайтынын түсіндіріп, әр күні бір қадам басса да ақыры жетуіне талпындыру.
Кешірім сұрау
Баланың алдында қателігіңізді мойындасаңыз, оған деген құрметіңізді, сіз де қателесуіңіз мүмкін екенін көрсетесіз. Оның сізге деген құрметі бұрынғыдан да арта түседі.
Балаңызды бар қалпында қабылдау
Сіздің балаңыз секілді бала жоқ, болмаған, болмайды да, ол өзінше қайталанбас жеке адам. Оны ешкіммен салыстырмаңыз. Жұрттың баласын айта бастасаңыз, бірден өзіңізді жұрттың ата-анасымен салыстырып көріңіз. Ұнай ма? Олай болса жалғастыра беріңіз.
Баланың өмірінде ерекше орын алатын шараларға міндетті түрде қатысу
Ересектер балалардың концертін жай ғана іш пыстырарлық шара деп қабылдауы мүмкін. Егер бір концертіне бармай қалсам ештеңе өзгермейді, кейін тағы да бола жатар деп ойласаңыз, қателесесіз. Ата-аналар балам онсызда жақсы көретінімді біледі, оған қалаған нәрсесін сатып алып беріп жатырмын, сол үшін жұмыс істеп жүрмін деп ойлауы мүмкін. Алайда бала ер жеткенде есінде сатып алып бермеген ойыншығыңыз емес, оның қуанышты сәтінде жанынан табылған сәттеріңіз жақсы сақталады. Ол сіздің қуануыңыз үшін өнер көрсетемін деп есептейді, ал сізге ол маңызды еместей көрінсе, баланың қабілеті сөне береді.
Шыншылдық
Балаға әр кез шыншыл болыңыз. Бірақ шындықты да абайлап айтқан жөн, әр сөздің жеткізу тәсілі бар. Мысалы балаңыз сізден бір күні өлесіз бе деп сұраса, бұл өмірдің заңдылығы екенін айтып, бірақ өміріміз жаңа басталды, әлі ұзақ өмір сүреміз деп көңілін орнына түсіріп қойыңыз.
Достар
Балаңыздың достарын толықтай танып, олардың өзі, отбасы туралы қызығушылық танытып, сұрап отырыңыз. Үйге қонаққа шақырып, өзіңіз де достасуыңызға болады. Балаңызға достары оны емес, кіммен дос болғысы келетінін өзі таңдай алатынын айтыңыз.
Отбасылық дәстүр
Отбасында өзіңдік дәстүрлеріңіз болсын, мұны сақтап жүріңіздер. Бұл бірнеше жыл бойы отбасы мүшелерінің басын бір жерге жинауға таптырмас әдіс. Мысалы жылдың бір күні отбасы мүшелері төрт көзі түгел үйде жиналуы тиіс деп шарт қойыңыз. Тіпті шетелде оқып жатса да, қандай жағдай болса да бұл дәстүр бұзылмауы тиіс.