Жаз — балаларға ерекше әсер, ұмытылмас эмоция қалдыруға немесе баламен бірге жаңа бірдеңе үйренуге, мысалы, сурет салудың дәстүрлі емес техникаларын меңгеруге керемет себеп.
Барлық балалар сурет салғанды ұнатады, бірақ бірдеңе шықпай қалса, олар өздерінің көркемдік қабілетіне деген сенімін жоғалтып, қызығушылықтары басылып қалады. Мұндай кезде ата-аналар балаларына қызықты балама ұсына алады. Мысалы, сурет салудың дәстүрлі емес техникалары. Бұл әркімнің өз шығармашылығын көрсетуінің толық еркіндігі. Бұл жерде «болмайды» деген сөз жоқ, немен және қалай сурет салса да өзі біледі. Бала нәтижесі қалай шығады деп уайымдамайды, процестен рахат алады.
Дәстүрлі емес сурет салу — еліктіргіш және өте пайдалы іс. Біріншіден, ол қолдың ұсақ моторикасын, көру-моторлы координацияны, зейін қоюды, кеңістіктік ойлауды және қиялды дамытуға ықпал етеді. Екіншіден, балаларды зерттеуге, ойлап табуға, шешім қабылдауға және өздігінше әрекет етуге үйретеді. Үшіншіден, тыныштандырады. Бастысы, балаға көп жағымды эмоция сыйлайды.
Дәстүрлі емес сурет салудың түрлі техникалары бар: поролонмен, жұмарланған қағазбен, түтіктермен, жіппен, парафин шамымен, құрғақ жапырақпен, алақанмен, саусақпен, мақта таяқшаларымен және т.б заттармен сурет салу. Кез келген жастағы балаларға ұнайтын бірнеше қарапайым идея ұсынамыз.
Шашырама
Қажет материалдар: үлкен қатты қағаз, бірреттік пластикалық стақандар, гуашь, қылқалам, үстелге жаятын ескі клеенка немесе газет.
Бояудың 3-5 түсін таңдаңыз. Әр стақанға бір бояудан салыңыз. Аздап су құйып, араластырыңыз. Содан соң қылқаламды бояуға салып, жақсылап сулап алыңыз. Бояуды қылқаламмен қағазға өз еркіңізше ретсіз тамызыңыз және шашыңыз.
Тұз бен акварель
Қажет материалдар: қатты қағаз немесе картон, акварель бояулар, жалпақ қылқалам, тұз, клеенка.
Баладан қағаздың бүкіл бетін акварельмен бояуын сұраңыз. Қағазға сұйық бояу сіңу үшін қылқаламды жақсылап сулаңыз. Дайын суретке тұз себіңіз, сол кезде ерекше өрнек пайда болады.
Штампинг
Қажет материалдар: қатты қағаз, мөртаңба бола алатын түрлі заттар, бірреттік пластикалық тәрелке, гуашь, клеенка.
Түрлі пішіндегі, өлшемдегі және фактурадағы заттарды алыңыз. Мысалы: мата бөліктері, поролон сорғыш, конструктор детальдары, ілгектер, тастар және т.б — бұлар мөртаңбалар болады. Бояуларды тәрелкелерге салыңыз. Ары қарай бала тәжірибе жасайды: мөртаңбаларды бояуға сулап, қағазға басады.
Фотокөшірме
Қажет материалдар: қатты қағаз, ақ балауыз бор (сабын немесе шам бөлігі), акварель бояу, қалың қылқалам, клеенка.
Балаға қатты қағаз бен балауыз бор беріңіз. Ол онымен өзі қалаған суретін салсын. Ол сурет салып болған кезде қағазды акварельмен бояп шығыңыз. Сол кезде ақ балауыз бормен салынған көрінбей тұрған сурет боялып шығады.