- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Балам жасық болып...
Балам жасық болып өсті. Неге?
Әр адам үшін өз баласынан артық ешкім жоқ. Бірақ, балаңызға «жалғыз сен» дей берсеңіз де, үлкен қателікке бой алдыруыңыз мүмкін. Жамандыққа қимасаңыз да, есейген соң балаңыз бұзық, жасық, қайырымсыз болады. Неге?
Шектен тыс қамқорлық балаңыздың бойындағы өмір сүруге деген қабілеттерді тұншықтырып тастайды. Сәл қиындық көрсе «анашым, әкешім» деп жығыла салуы әбден мүмкін.
Шектен тыс салқындық та балаңыздың бойындағы өз-өзіне деген сенімді жояды. Балаңыз өз пікірін дәлелдей алмайтын жасық болып шыға келеді.
Шектен тыс қамқорлықтың салдар қандай?
• Бала психикасының бұзылуы
Егер ата-ана баланың міндетіне кіретін бар шаруаны қолына алса, оның орнына шешім қабылдап, ақша туралы мәселені қозғамаса бала үлкен өмірге аяқ басқан сәтте есеңгіреп қалады. Өйткені, ата-ананың қамқорлығы өмірді тануға мүмкіндік бермейді. Кез келген сәтсіздікті жеңіліс ретінде қабылдайды.
• Дағдылар қалыптаспайды
Ден сау, ақыл-есі дұрыс болса да, ата-ана қамқорлығынан өзгені сезінбеген бала адамдармен қарым-қатынас орната алмай қиналады. Басына қиындық түскенде онымен күрес жүргізу керектігін түсінбейді.
• Мансапқа ие болуы қиын
Өз-өзін көрсете алмайтын, ерке, шешім қабылдай алмайтын, тіпті жауапкершілік деген ұғымнан хабарсыз баланың жұмыста жетістікке жетуі қиындау. Өйткені, ондай адамды қоғам сыйлай қоймайды.
Балаға еркіндік беріп, «өзің ойлан, өзің істе» деп үйретсеңіз, сіздің көмегіңіз әлдеқайда зор болары сөзсіз.
Ал, шектен тыс салқындықтың соңы неге әкеледі?
Салқындық бала бойындағы қорқынышты оятады. Сол себептен ол есейе келе жұрт алдында өз пікірін дәлелдей алмайтын жасық болып қалады.
Жасықтық – ата-ананың салқын қарым-қатынасынан туындайтын ең жеңіл салдар. Өйткені, ата-ана мейірімін сезінбеген бала қатыгез болып өседі. Осылайша, оның отбасылық өмірі қиындықтарға толы болады.
Бала жылуды сырттан іздеп, адасуы әбден мүмкін. Ондайда, оны тура жолға салу мүмкін емес.
Баланы қалай тәрбиелеу керек?
Құр айқай немесе шектен тыс өбектеу жұмыстары баланың тамырына балта шабары сөзсіз. Одан да екі ортаның теңдігін қалыптастырыңыз. Керек кезде еркелетіп, кейде қабағыңызды шытып, ұрысып та қойыңыз. Бастысы, балаңызға таңдау мүмкіндігін беріп, баланың ойын тыңдаңыз.
Т. Есқали