Ақсүйек мейірімді ісімен, ақылдылығымен, адалдығымен ерекшеленеді. Ардан аттамай, ата атына нұқсан келтірмей, туралықты жақтайтын адам. Мұны баланың санасына тура осы сөздермен айтып отырып, «Сен тәрбиелі, көргенді болып өсуің керек!» деп емес, іспен көрсеткен жөн. Көрегенді болу үшін тағы қандай қасиеттер бойдан табылуы тиіс?
Ар-абырой
Текті ұрпақ текті атаның бар мұрасын сақтап қалады. Бұл мұра дегеніміз көзге көрінетін заттардан бөлек, абырой мен ар деген құндылық. Сүйекке таңба салмай, тура жолдан таймай, артылған жүкті абыроймен алып жүру – ұрпақтың міндеті. Берген серттен жаңылмау, әр іске жауапкершілікпен қарау, ардан аттамау тағы бар. Жеті атаны білу осы үшін де маңызды. Аталарының тек емес екенін біліп жүретін бала сол жауапкершілікті арқалап жүргенін де сезеді.
Батылдық
Шын ақсүйектің басты қасиетінің бірі – осы. Рухы биік болса, алынбайтын қамал жоқ. Кішкентайынан ата-бабасының ерліктерін айтып, сол үшін де рухының асқақ екенін жиі ескертіп отыру керек. Әсіресе, дастархан басында. Тау қопаратын күші мен көзбен басатын мысы оны рухты екендігін көрсетіп отырады.
Күш
Физикалық та, моральдық тұрғыда да бала мықты болуы тиіс. Жекпе-жек түрлерін меңгеріп, бес қаруды танып қана қоймай, қолдана да алуы керек. Моральдық тұрғыда ешқашан сағы сынбауы қажет. Алдыңғы айтқан рухтың осы жерде де маңызы зор. Кез келген нәрсені көңіліне алып, тұнжырағаны оған жараспас.
Сабыр
Қандай жағдай болмасын, қысылтаяң шақта өзін сабырлы ұстаған бала өзгелерден ерекше көрінеді. Эмоциясын басқара алатын адам өзін қоршаған ортаны да өзіне тәрбиелей алады. Балаға үнемі бәрі жақсы бола бермейтінін алдын ала айтып, не болса да, сабырлы болу керектігін ескерту керек.
Ұқыпты
Сырт келбеті, жүріс-тұрысы, киім киісі, шаш үлгісі – адамның ішкі болмысының айнасы. Кездесуде, сабақта (кеңседе) – классикалық, жаттығу залында – спорттық, серуенде – кэжуал стилін ұстанып, ұқыпты, таза, күтініп жүру керектігін ерте жастан өзі әдетке айналдырғанша қадағалаған дұрыс.
Тартымдылық
Көркем мінез, келісті келбет пен алғырлық кез келген адамды таңғалдырмай қоймайды. Бірақ әрқашан «көп білемін» деп, ақылсынған – ақсүйекке жат. Ақыл сұраса, көмектес, сұрамаса, өз жөніңмен жүр. Сонымен қатар, аз сөйлеп, көп тыңдай алатын қабілетке ие болу көптің қолынан келе бермейді.