- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Балаларға базарлық...
Балаларға базарлық
Бүгін – Халықаралық балаларды қорғау күні. Көңілімізге қуаныш сыйлайтын жаймашуақ жаз маусымының алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін бұл мерекенің алар орны тым ерекше. Мерекені тазалықтың, пәктіктің, шаттықтың символы іспетті десек, артық айтқандық емес. Өйткені өмірдің қаталдығы мен қиындығынан бейхабар, күнә атаулыдан пәк сәбилер айналасына тек қана шаттық пен қуаныш сыйлайтын жаратылыс иелері.
Бауырыңызға немесе балаңызға дәл осы күні ерекше көңіл бөліп, естен кетпестей етіп қуаныш сыйлағыңыз келе ме? Ендеше төмендегі кеңестеріміз сіздер үшін!
Сыйлықты талғаммен және кез келген баланың жас шамасын ескере отырып таңдағаныңыз абзал.
Ойыншық – баланың рухани азығы. Ойыншықтарды олардың танымдық және тәрбиелік рөлін ескере отырып таңдайды (Егер өзіңіз таңдай алмасаңыз, сатушыдан кеңес сұраңыз).
Айтпақшы барлық жағдайдағы сияқты мұнда да шама-шарықты сезіну керек. Тым молшылық балаларға зиянды, ол тоқмейілсушілік, шектеулік, өзімшілдік секілді нашар қасиеттерді ұялатады (Менде бар нәрсе өзгелерде жоқ! Не қаласам оны аламын!).
Бүлдіршіндерге арналған ойыншықтар оңай жуылатын, түсі де, формасы да көз тартатындай болуы тиіс. Балаға жас кезінен бастап оның түсінуіне жеңіл суретті кітапшалар сыйлап, сол арқылы оның бойына кітапқа деген сүйіспеншілік дарытуға, оны күтіп ұстауға үйретуге болады.
Оларға жас кезінен бастап сурет салуға арналған құралдар, бастапқыда қарындаш пен бор, ал одан соң акварель бояуларын (4-5 жасқа толған соң), түрлі бейнелер жасау үшін ермексаз және т.б. сыйлауға болады (Сапаларына баса назар аударыңыз!)
Мектеп оқушыларына жасына сай оқитын ктіап, мектеп жабдықтарын, үстелге қойып ойнайтын ойындар немесе дойбы, шахмат ойындарына арналған бұйымдарды, велосипедті сыйға тартуға болады.
Есі кіріп қалған бүлдіршінге доп, шаңғы, шана,ролик, бокс қолғабын, бадминтон тарту етсеңіз де пайдалы болмақ.
Балаларға бұлардан басқа сыйлыққа тәтті тағамдар, жемістер және киім-кешектер берген ұнайды. Тіпті екі жасар қыздың өзі әдемі туфлиді, көбелекті, ленталы көйлектерді, алжапқышты бағалай біледі.
Олай болса, дәл осы күні баланы дүкенге ертіп алып барып, бір күніңізді оған арнауды ұмытпаңыз. Ұнататын тағамдарын дайындап беріп, қыдыртуға алып шығыңыз. Мереке күні хайуанаттар бағына, театрға, циркке, аквапаркке алып барсаңыз, бала санасында ерекше әсер қалатындығы анық.
Өйткені бала үшін сіздің сыйлығыңыздан гөрі, оған бөлген көңіліңіздің, ыстық ықыласыңыздың рөлі әлдеқайда маңызды болмақ.
« Бала –біздің болашағымыз» деп жатамыз, ендеше еліміздің ертеңі жас бүлдіршіндеріміз аман болсын, сәбилеріміздің сыңғырлаған күлкісі мәңгі таусылмасын деп тілейік!
Суреттер: etoday.ru, bikes.ironhorse.ru, kargoo.gov.kz, mombite.com