Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сүйенсек сәбилерде туа пайда болатын ақаулар саны азаяр емес. Сондай туабітті аурулардың біріне жарық (грыжа) түрлері жатады. Жарықтардың қауіптілігі сол – сыртқа шыққан ағзаның қысылып қалуы. Бұл жерде қан тамырлары, жүйке талшықтары қоса қысылып, жаншылған тіннің шіруіне алып келеді. Мұндай жағдай өте қауіпті асқынулар тудырады. Жарықтардың қай жерде қалай пайда болуының себебі де түрліше. Жалпы балаларда жарықты 5-6 жасқа дейін жоспарлы операциямен алып тастайды.
Туа пайда болған жарықтар арасында жиі кездесетіні – көкет жарығы. Ол көбінесе көкеттің (диафрагма) дұрыс жетілмеуінен, әлсіздігінен пайда болады. Бұл жағдайда ішкі ағза асқазан, ішек жолдары, бауырдың бір бөлігі, бүйрек көкірек қуысына ығысады да, сол жерде дамып жарық пайда болады. Аталған жайт өкпе тінінің дамымауына, жүректен шыққан кейбір қан тамырларының ығысуына алып келеді. Мәліметтерге сүйенсек, кей мемлекеттерде сәбиді осындай ақаумен дүниеге әкелуге шектеу қойылады екен.
Туабітті пайда болатын күрделі жарықтың тағы бір түрі ми жұлын жарықтары. Бұл да жарықтың ауыр түріне жатады. Өйткені жарықтың қалташасына мидың немесе жұлынның бір бөлігі шығып кетуі мүмкін.
Жарықтың келесі бір тобы шап, ұма, кіндік жарықтары. Олар туабітті пайда болғанымен уақыт өте келе байқалады. Оған жоспарлы түрде операция жасалады. Туа сала нәресте өміріне қауіп төнбегендіктен, тиісті шаралар уақыт өте келе жүргізіледі. Оның да өзіндік көрсеткіштері бар. Шап жарығымен туылған балалар 2-3 жастан 5 жасқа дейін емделуі керек. Кіндік жарықтарына 5 жастан кейін операция жасалады. Бұл жарықтар көбіне ер балаларда кездеседі. Бала жасына және күшіне сай дене жаттығуларын жасағаны дұрыс. Себебі өтпелі кезеңдегі жасөспірімнің бұлшық еті әлсіз келеді. Ал бұлшық етке күш түскеннен жарық пайда болуы ықтимал. Егер қыз балаларда шап жарығы кездессе оған ата-аналар бей-жай қарамағаны абзал. Өйткені қыз баланың шап жарығында аналық без болады. Аналық без қысылып, жаншылған кезде дамуы нашарлап келешекте бедеулікке алып келуі мүмкін.
Ата-аналар осы ретте мына жайттарды есте ұстағаны жөн:
Балаңыздың шап аймағынан, кіндік айналасынан, іштің төменгі бөлігінен томпаюлар білінсе, салғырт қарамаңыз;
Дәрігер жарық бар екенін айтса, дереу балалар хирургінің қабылдауына жазылыңыз;
Сәбиіңізге туабітті жарық диагнозы қойылса, уақыт өткізбеңіз. Өйткені жарық ауруының емделетін белгілі уақыттары бар;
Жарық бірден баланы мазаламауы, ауру сезімдері байқалмауы мүмкін. Ауырмайды деп жүре бермеңіз. Тексертіңіз.
Дереккөз: anabol.kz