Балалар ойынының өміріне әсері

Балалар ойынының өміріне әсері
Фото: Салтанат Туғанбаева

Ойнау арқылы балалар айналасындағыларды, қоршаған ортаны танып-біліп, есте сақтау қабілетін арттырады, ойындағысын толық жеткізуді үйренеді. Сондай-ақ ойын олардың қиялына қанат бітіріп, алға жетелейді. Демек, ойын – жай ғана ермек не уақыт өткізу амалы емес, балалардың дұрыс өсіп-дамуында ерекше рөл атқаратын тәрбие құралы.

Ойынның психологиядағы алар орны

Үй ішіндегі тыныштық пен тазалықты талап етіп, баланың еркін ойнауына мүмкіндік бермеу – оның дұрыс дамып-жетілуіне кедергі келтіргенмен тең. «Айқайлауға болмайды!», «Жүгіруге болмайды!», «Секіруге болмайды!», «Шашуға болмайды!», «Сөйтпе-бүйтпе!» деп баланың еркіндігін шектеу арқылы оның жаңа нәрсеге қызығушылығын, құлшынысын басып, белсенділігін төмендетіп тастайтын ата-аналар болады. Осыдан кейін-ақ балалар енжар, жалқау, қорқақ, ұялшақ, ештеңеге қызықпайтын, сөзге шорқақ, ойын толық жеткізе алмайтын, тұйық болып өседі. Тіпті қалыпты дамуы тежеліп, қатарынан қалып қалуы да ғажап емес. Сондықтан балалардың дұрыс ойнауына, өздерін еркін сезінулеріне еш кедергі жасауға болмайды. Керісінше, мейлінше белсенді қозғалыста болуына жағдай жасап, ұзақ уақыт бір жерде отырып қалмауын қадағалаған жөн. Балаңызға уақытыңызды бөліп, бірге ойнаңыз, көбірек сөйлесіп, айналасындағыларды танып-білуіне мүмкіндік беріп, қызығушылығын оятыңыз. Бірақ балаңызбен ойнағанда ол жай бақылаушы болып сыртта қалмасын. Оның да ойынға араласып, ертегілеріңіздің негізгі кейіпкері болуын қадағалаңыз. Әйтпесе, жай қарап отырғаннан, біріншіден – жалығады, екіншіден – «Бұлай ойнау қолымнан келмейді. Тек үлкендер ғана осылай істей алады екен» деген ойда қалады. Бұған жол бермеңіз.

Сан алуан ойыншық

Балаңыз беріліп ойнап отырғанда оның ойынын бұзбауға тырысыңыз. Ойыншықтың көп болғаны емес, олардың әртүрлі болғанын қадағалаңыз. Ұл екен деп өңкей көлік немесе қыз екен деп тек қуыршақ әкеліп беру дұрыс емес. Түрлі жан-жануарлар, құстар мен жәндіктер, құрастырмақ ойыншықтар, музыкалық аспаптар, күрек, балға сынды құрал-саймандар, ыдыс-аяқ – ойыншықтардың түр-түрі болғаны дұрыс. Баланы тәрбиелейтін осы ойыншықтар болғандықтан да, күні кешке дейін тракторын дырылдатып отырғаннан ол ештеңе үйренбейді. Бір уақыт құрастырмақтармен үй құрастырсын, аң-құстың дауысын келтіріп, құрал-сайманды қалай пайдалануды үйренсін. Осылайша, бала ойнының бірсарынды емес, жан-жақты болуын қадағалаңыз.

Қандай ойыншықтар болады?

 Ойыншықтардың төмендегідей түрлері бар: 1. Дайын ойыншықтар (қуыршақ, автокөліктер, жан-жануарлар, т.б.) 2. Жартылай дайын, яғни бөлек бөлшектерден тұратын ойыншықтар (құрастырмақтар) 3. Ойыншық-материал (құм, ермексаз, таяқшалар, т.б.)

Дайын ойыншықтар балалардың ой-өрісін кеңейтеді. Мысалы, тракторлар мен жүк көліктері жүк тасиды, ал қуыршақтарға тамақ беріп, ұйықтату керек. Ит үріп, үй күзетеді, мысық мияулап, сүт ішеді. Осыларды бір-бірінен айыра білудің өзі – балалар үшін жақсы жетістік.

Жартылай дайын ойыншықтар балалардың ойлау, есте сақтау қабілеттерін арттырып, әр нәрсеге мұқият болуға, ұқыптылыққа, ептілікке, алдына мақсат қоя білуге тәрбиелейді. Сан түрлі ұсақ бөлшектерді біріктіріп, қалауындағыдай затты құрастырып шығу, әрине, үлкен іс тындырғанмен бірдей.

Ал ойыншық-материал, яғни құмнан сарай салып, қорған тұрғызуға, ермексазбен әртүрлі жануарларды мүсіндеуге ебі бар баланың шығармашылық дарыны бар екені сөзсіз. Мұндай ойындар ұзақ уақытты, ұшқыр ойды, сабырлықты, ептілікті қажет етеді. Өкінішке қарай, көптеген ата-аналар тазалық жоқ деген желеумен балаларын құмда ойнатпай жатады. Бұл дұрыс емес. Әрине, «Құмды ауызына салып қоя ма?» деп қорқатын болар. Ендеше, ойнауына тыйым салмай, баланың жанына отырып, бірге ойнап, құмды ауызына салып қоймауын қадағалау керек. Сондай-ақ сумен ойнау да – балалар үшін қызықты ойынның бір түрі. Суды шалпылдатып, бір ыдыстан екінші ыдысқа құйып, шашып-төгу, қайық жүзгізіп, қуыршақтарын жуындыру балалар үшін ойын ғана емес, үлкен тәрбие құралы да. Кейбір еркетайлар суға шомылмақ түгіл, беті-қолдарын жуғызбай, жылап қашады. Демек олар – судың қандай рахат екенін, суда да ойнауға болатынын білмей өскен балалар.

Балалардың ойынға шын беріліп ойнауына – қуыршақтарымен бірге өмір сүріп жатқандай немесе сүйреп жүрген көлігінің ішінде өзі отырғандай сезінуіне жағдай жасаңыз. Әйтпесе, балаңыз тез зерігіп, ойыншықтарын бірінен кейін бірін алып, лақтыра бергеннен басқа ештеңе істемейді. Бұл ойын емес. Ойынды соңына дейін ойнау керек. Сонда ғана оның пайдасы, балаға берер тәрбиесі болмақ. Еркетайыңызға ойыншықтарының иесі өзі екенін, оларды шашпауы, жоғалтпауы, сындырмауы, сынып қалса, жасап алуға тырысуы керектігін үйретіңіз. Ойнап болған соң ойыншықтарын өз орындарына жинап қою керектігін де ерте бастан үйреткен абзал.

Балалар ойыншықтарын неге сындырады?

Психологтардың айтуынша, балалар көбіне көп дайын ойыншықтарды сындырады. Бастапқыда жаңа көлік қызық көрінгенімен, ылғи оны сүйреп жүруден бала зерігеді. Оның тағы сондай 10 көлігі бар. Сондықтан оны не лақтырып жібереді, не болмаса басқа мақсатта пайдаланып көрмек болады. Сөйтеді де, ойыншыққа «өзгертулер» енгізеді – дөңгелегін алып тастайды, есігін жабылмайтын қылады, тағысын тағы. Яғни оны өзінше жасап алады. Ал біздіңше сындырады. Кейде балалар ойыншықтарын зерттеп көру үшін, «Ішінде не бар екен?», «Қалай жасалған екен?» деген қызығушылықтан ашып көреді. Бұл үшін балаларды ұрысуға, не «Бәрібір сындырып тастайды» деп жаңасын алып бермей қоюға болмайды. Сондай-ақ ойыншықтарын әдейі лақтырып, ұрып сындыратын еркетайлар да бар. Оларға «Ойыншығың сынып қалса, басқа ойыншықтарың да қашып кетеді. Сындыруға болмайды. Одан да мынандай ойын ойнайық» деп алдап-сулап, сындыруға болмайтынын түсіндіру керек.

anabol.kz

@. @assel_assanova