Үйінде баланың иісі бар қай ата-ана болмасын, кішкентайларына бөлме арнап, бар жағдайды жасауға тырысады. Бала бөлмесін қалай сәндеп, қалай даярлаймын деген сұрақ бар ананың көкейінде болары анық. Ең әуелі сәбидің қауіпсіздігі мен жайлылығын қарастыру керек. Бұл бөлме баламен қатар анаға да ыңғайлы болуы тиіс. Себебі көп уақытын балалармен өткізетін де, тазалап, жиыстыратын да осы жандар.
Балаларға арналған бөлмені көбіне ертегі мен қиял әлеміндегі стильмен безендіріп, бала жасына байланыста топқа бөліп қарастырады. Балаға бір бөлмені арнап, егжей-тегжейіне дейін ойласытырып қойсаңыз, талғамыңыз бен таңдауыңызға сенсеңіз де, мамандармен ақылдасқаныңыз жөн. Алайда, көбіне сәбиге дайын бөлме даярлап, оны жоспарлап қоя бермейміз. «Шаңыраққа бала несібесімен келеді» деп, сәби туғаннан кейін бөлме жайын қарастыра бастаймыз. Сонымен, кешегі жатын бөлмені сәбилерге арнап қалай даярлауға болады? Қалта көтеретіндей, сәнді, бүлдіршінді елітетін ертегілер әлемін қалай жасауға болады?
Кеше ғана дүниеге келген сәби, көзді ашып жұмғанша аяққа оралып, еңбектеп, кейін жүре бастайды. Сондықтан белгілі стильде емес, еркін стильде бөлмені безендірген абзал. Бүгін бала «өрмекші адамға» қызықса, ертең-ақ оның таңдауы басқаға түседі. Сондықтан аса көп қаражат шығармай, талғамға сеніп, қызықты дүние жасауға болады.
Әрине терезеге перде, жапқыштарды ауыстырып жаңартып қоюға болады. Бірақ оған да әуреленудің қажеті шамалы. Мәселен, ұл балаларға көбелек кейпіндегі жапсырмаларды жапсыруға болады. Көбелек көбіне бостандықтың, еркіндіктің нышаны. Ал қыз балаларға гүл, бантик секілді декорлар жарасымды болады. Бұлар сырт көзге ұсақ-түйек боп көрінгенмен, кейін бөлменің өзгергенін өзіңіз де байқайсыз.
Сонымен қатар, түсқағазды өзгртіп, машақаттану да қажет емес. Арнайы ылғалға төтеп беретін жапсырмаларды да қолдануға болады. Бұл жапсырғыштардың желімі түсқағазға әсер етпейді. Қабырғаға қандай сурет жапсырасыз, әрине, өз қалауыңыз. Түрлі аңдар мен жануарлар, пират кемелері немесе тіпі төгіліп, көздің жауын алатын түрлі түсті гүлдер. Ал күз түскен шақта, сарғайған жапырақтарды жапсырып қоюға болады. Бұл ес біліп, жан жағын аңғарып жүрген баланың танымдық қасиетін арттырады. Және бұлар тек түсқағаздарға емес, сөрелерге де, шкафқа, есікке тіпті айнаға да жапсырыла береді. Сондықтан сіздің қалауыңыз тек қабырға болмауы мүмкін.
Бала бөлмесін түрлі жиһаздармен толтырып, кеңістікті тарылтудың қажеті жоқ. Шағын әрі ыңғайлы болған абзал. Ойыншықтар мен киімдерден ауыспайтын бөлменің мейлінше кең болғаны дұрыс. Кереует пен жұмсақ орындықты бірге қойғанша, жастық тәріздес қобдишалар алған жөн. Сырты жастық секілді жұмсақ. Оның үстіне отыруға болады. Бірақ төменгі жағында бәрнеше сөресі бар. Кітап, мектепке керек құралдары секілді ұсақ-түйек дүниелер салуға таптырмайтын жәшік.
Балаларға арналған бөлмеде ілініп тұрған сағат көзге бірден түседі. Расымен, үлкен әрі анық, түрлі ертегі кейіпкерлері бейнесіндегі сағаттар әдемі көрінеді. Көзге көрінетін, баланы қызықтыратын сағат ілген жөн. Сағат таңдарды айналып тұратын сағат тіліне аса мән беру керек. Бұл тағы бүлдішіннің танымына, сағат тануына септігін тигізеді.
Бөлменің ішіне сәбидің нұрымен қатар күн нұры да толық түсуі керек. Жарық әрі жылы көрінуі тиіс. Баланың жас екершелігіне қарай майшамдар қойсаңыз да болады. Қараңғыдан қорқатын балалар үшін жұлдыз не ай бейнеленгендерін алуға кеңес береміз. Және баланың көзіне әсер етпес үшін жарық түсіргіштің аса кішкентай көлемде болған дұрыс емес.
Міне, осындай біліне бермейтін, көріне қоймайтын дүниелердің шаңыраққа өзі үйлесім мен сән беріп тұрады.