Балалар арбасын қалай таңдау керек?

Балалар арбасын қалай таңдау керек?
Фото: vsemetri.com

Балалар арбасының тарихы XVIII ғасырдан басталды. Ең алғашқы бесікарбаны британдық Лордтар отбасы тапсырысымен Уильям Кент есімді өнертапқыш құрастырып шығарған. Өткен 180 жыл ішінде бесікарба нарығы қатты дамып, отбасының  күнделікті тұрмыстық затына айналды. 

Бүгінде балалар арбасын көптеген ел шығарады және олардың сан түрі бар. Сондықтан ең әуелі бесікарбаның сапасы мен балаға ылғайлы болуын қарастыру қажет. Яғни бұл тұста шығарған елдің фирмасы да маңызды рөл атқарады. Бесікарбаның салмағымен қоса оның әрбір бөлшегіне баса назар аудар жөн.

Қаңқасы

Кез келген ата-ана баласына әрбір заттың сапалысын алып беруге тырысады. Ал, бесікарба сатып алмас бұрын ең бірінші оның негізгі қаңқасының беріктігіне көз жеткізген дұрыс. Оны ары-бері жүргізіп, бала салмағы мен басқа қосымша бөліктерінің қандай салмаққа негізделгеніне мән беріңіз.

Дөңгелектері

Бесікарбаның дөңгелектері пластмассадан, металдан, резеңкеден жасалады. Оны таңдағанда бірінші дөңгелектердің бос болмауына, яғни берік орнатылғанына және дөңгелектің жұмсақ серіппесі (амортизатор) барына көңіл бөліңіз. Сонымен қатар жолдың кедергі жерлерінде секіріп баланың тыныштығын бұзбай, бұралаң жолда оңай жүріп, тез икемделгені дұрыс. Дөңгелек жұқа болмауы тиіс және қыс мезгілінде суыққа арналған бесікарбаны қолдану қажет. Бұл мезгілге арналған арбаның дөңгелектері үлкен және кедір-бұдыр өрнектері болады. Бесікарбалардың кейбір түрлерінде дөңгелектердің беріктігін арттыру мақсатында дөңгелектері қос-қостан қойылады. Алайда мұндай бесікарбалардың салмағы ауырлау болып келеді.

Тежегіші

Бесікарбаның ең басты назарға алатын тұсы – тежегіші. Бұл баланың қауіпсіздігінің кепілі. Сондықтан тежегіштің дұрыс жұмыс істейтінін қадағалап, мұқият тексеріп алу қажет. Сонымен қатар тежегішті басу көп қиындық туғызбағаны дұрыс, яғни аяқ астынан басқанға оңай, ыңғайлы болуын ескеріңіз.

Қаптамасы

Көптеген бесікарбаның қаптамасы әдетте алынбалы-салынбалы болады. Себебі қаптама кірлеп кеткен жағдайда шешіп алып жуу үшін қолайлы. Бесікарбаның негізгі қаңқасын жауып тұратын бұл қаптама жуған кезде тез созылып кетпейтін берік матадан болуын ескеріңіз және жаз мезгілінде баланың астына төсеніш төсеп ыстықтатпау үшін қаптаманың аздап жұмсақ болуына да мән беріңіз.

Салмағы

Бесікарбаның ең төменгі салмағы 5-6 кг басталады. Мұндай салмақтағы бесікарба баланы отырғызып арлы-берлі жүру үшін өте жеңіл әрі оңай. Сондықтан бесікарба таңдарда оның салмағы ешкімнің көмегін қажет етпейтіндей жеңіл болғаны тиімді. Себебі баламен серуендеуге шыққан әйелдің жанында көмектесетін адам үнемі бола бермейді. Бала мен бесікарба салмағында үлкен айырмашылық болса, қолайсыздық тудырады. Яғни тез шаршауыңызға алып келеді. Тіпті кейбір жағдайларда арбаны қолға ұстап көтеріп жүруге тура келеді. Сол себепті қаңқасы жеңіл, тез жиналып, тез құрастырылатын бесікарбаны таңдаған жөн. Алайда берік металдан болғаны жақсы.

Ықшамдылық

Аналар үшін бесікарбаның көлемі өте маңызды. Себебі үлкен көлемді бесікарба көп жағдайда қолайсыз. Сондықтан жедел сатыға сыйымды, көлемі шағын түрін таңдаған абзал. Арба өзіңізбен алып жүруге ыңғайлы, қолданбаған уақытта бір бұрышқа жинап қойғанда көп орынды алмайтындай болғаны жөн.

Қосымша бөліктері

Көптеген ата-ана бесікарбаның үт құйылған бөтелкені қоятын арнайы дөңгелек ойық, ойыншықтарын ілетін ілгек және киімдері мен сөмкені салуға ыңғайлы кәрзеңке, күннен, жаңбырдан, шыбын-шіркейден қорғайтын жаппасы секілді қосымша бөліктеріне қатты көңіл бөледі. Бүгінгі таңда арбаның түрі шықты. Кейін өзіңізге ыңғайсыздық тудырмайтын түрін таңдаңыз. Бұл сіздің жұмысыңыздың жеңіл болуына көмектеседі.

Сапалы бесікарбаны ұзақ уақыт пайдалануға болады. Ұқыптылықпен ұстасаңыз, барлық балаңызды бір бесікарбамен өсіре аласыз. Себебі бесікарба бүгін алып, ертең сыймай қалатын киім емес.

Бесікарба сатып аларда осы кеңестер көмекке келеді деген ойдамыз.

Н. Үсенова