Қазір балалар Youtube желісінен түрлі бейнежазбалар көреді, көріп қана қоймай сол көрген нәрсесін, шетелдік балалар ойнайтын қымбат ойыншықтарды алуды қалайды. Көбінесе мұндай жағдай мектеп жасына дейінгі балалары бар ата-ана үшін мәселеге айналады. Бала не ата-ана қалтасы көтермейтін қымбат ойыншықты алғысы келеді, не бір алғанда бірнеше ойыншық аламын дейді.
Мәселенің шешімін табу үшін алдымен бала не үшін мұндай ойға келгенін анықтау керек. Мүмкін қатарынан қалғысы келмейді (барлығында бар, менде ғана жоқ), мүмкін басқаларынан айрықшаланғысы келеді (ешкімде жоқ, менде ғана болады), бәлкім ол мұнша қымбат нәрсе екенін түсінбейді, жай ғана жаңа ойыншық қалайды. Тіпті тым ерке балалар ата-анасы өзінің қандай өтініші болса да орындайтынын тағы бір рет дәлелдегісі келгендіктен қымбат ойыншық қалауы мүмкін. Ол ойыншықты қазір ғана алғысы келді ме әлде көптен армандап жүр ме, мұны да анықтаңыз.
Егер бала тілегін орындауға мүмкіндігіңіз келмесе, қазір алып бере алмайтыныңызды түсіндіріп айтыңыз. Ақшаңыз жетпейтінін де айтудан қысылмаңыз. Егер бұл ойыншықты алмасақ, осынша уақыт қарнымыз тоқ жүреді не осынша киіміміз болады деген секілді салыстырма мысалдармен түсіндіріңіз. Ал егер осынша жыл банан мен балмұздақ жемей жүремін десең, сол ақшаны өзің жина деген шарт қойып көріңіз. Бала мұндай жағдайды түсінбейді деген ойдан аулақ болыңыз.
Ол ойыншықтың үйдегі алатын көлеміне де мән беріңіз. Оның қай жерде тұратынын, ешкімге кедергі келтірмейтіндей орын табу керек екенін, қай жерде сақтап, қалай таза ұстап ойнайтынын баламен бірге ақылдасыңыз.
Егер қазір болмаған мүмкіндік кейін туатынына көзіңіз жетіп тұрса, бұл ойыншықты баланың туған күнінде не жаңа жылда, отбасылық мерекелерде алып беремін деп уәде етіңіз. Уәде бердіңіз екен, оны міндетті түрде орындаңыз.
Ал қаржылық жағдайыңыз жетпейтініне сенімді болсаңыз, балаға оны алып бере алмайтыныңызды бірден айтыңыз. Көреміз, ертең алып берем деген секілді құрғақ сөздермен, жағдайды одан ары ушықтырмаңыз. Оның орнына арзанырақ ойыншық табуға тырысыңыз немесе баланы кафеге, саябаққа апарып, онымен бірге ойнап, көбірек уақыт бөліп, ойыншық алып бере алмасаңыз да, балаңыз сіз үшін қымбат екенін көрсетіңіз.
Мұндай мәселенің алдын алу үшін баланы жастан дағдыландырыңыз. Оны қуанту үшін арзан екен деп көліктер, қуыршақтар, тәттілерді үйіп-төгіп күн сайын әпере беруге болмайды. Бала осы жағдайға үйреніп алады да, уақыт өте келе сізді күн сайын бір нәрсе алып беруге міндетті деп қабылдайды және күн өткен сайын талап-тілектері ұлғая түседі.
Сонымен қатар барлық қалауын шектей бермеген де жөн. Ойнау және жаңа ойыншық алғысы келу баланың балалығына тән ұғым. Арзан ойыншықтар кейде бала денсаулығына кері әсерін тигізетінін де естен шығармаңыз. Арзан материалдан жасалған ойыншық тез сынып, жоғалады. Ал лайықты бағаға алынған нәрсемен бала ұзақ уақыт ойнайды әрі есінде жақсы сақталады. Балаға әр затына ұқыпты болып, мұқият қарауды үйретіңіз де, қолда бар боп тұрса, одан ештеңе аямаңыз.
Ал енді сөз соңында журналист, педагог тұлғалардың бұл тақырыпқа ата-ана ретіндегі көзқарасы қандай екенін өздерінен сұрайық.
Ақерке Әбілхан, журналист:
Біріншіден, балалар мүлде телефон ұстамайды. Тәртіп солай. Сондықтан ютубта көрсететін қымбат ойыншықтар туралы білмейді. Кейде жақсы жетістіктері үшін ғана ютубтан мультфильм қосып береміз. Сатып алып бере берсең бала ойыншыққа ешқашан тоймайды. Әкесі алғашында бірден бірнеше ойыншық сатып алып беретін. Бір алғанда көп ойыншық алса, әрқайсысымен жеке ойнамаған соң, ол да қызықсыз боп қалады. Әкелері де түсініп, енді бір-бірден ғана әпереді.
Балалар арзанына да мәз болады. 500 теңгелік машина әперсек те лақтырып жібермейді. Өздерін ойыншық сататын дүкенге алып кірмеуге тырысамыз. Көзі тоймай, барлығын аламын деп жер тепкілеп жылайтынын білеміз ғой. Қазір осылай жасасаң, осындай сыйлық береміз деп, қандай зат алғысы келсе, алдына бір мақсат қоюды үйретіп жүрміз. Қалауына еңбектеніп жетуді үйреткіміз келеді. Бала болған соң себепсіз де тосын сый жасап тұрамыз. Бірақ сөзінен қайтпай нақты бір затты сұрап тұрып алмайды.
Анара Мұстафина, журналист:
Біз қызымыздан ештеңе аямауға тырысамыз. Ондағы мақсатымыз, арманда өспесе екен, бір нәрсеге қол жеткізу қиын екен деген ойлардан ада болсын дейміз. Дегенмен, адекват көзқарас ұстанамыз, яғни нақты ойнайды деген, қажет деген қымбат ойыншықтар әперуге тырысамыз. Мысалы, екі рет қымбат қуыршақ «Lol» әпердік. Себебі арзан түрлерінің жағымсыз иісі шығады әрі сапасыз. Қуыршақпен жақсы ойнады. Бірақ Барбидің үлкен үйін алып бермедік. Себебі өзіміздің үйіміз оған тарлық етеді. Оның орына кішкентай баламасын алып бердік. Баламызға ақша қайдан келетінін, кейбір ойыншықтарды алуға біз көп жұмыс істеуіміз қажет екенін түсіндіреміз. Сондықтан, оған жыламай балабақшаға баруы керек деп айтып отырамыз.
Ескендір Бестай, педагог-тренер:
Ойыншық – балалық шақтың маңызды бір бөлігі. Баланың ойыншықты қабылдауы және қарым-қатынасы да өзекті. Бірақ ойыншықтың бағасы оған еш әсер етпейді. Ойыншықтың не істей алатыны емес, бала ол ойыншықпен не істей алатыны маңызды. Сондықтан да педагогтар «ең күшті ойыншық – таяқ» деп айтқан шығар.
Ата-ана да үнемі баланың сұраныстарын қанағаттандыруы шарт емес. Бұл жерде баланың жасы, қаржылық жағдай, сол кездегі жағдай сынды бірнеше фактор роль ойнайды. Біздің қоғам бағаны санмен өлшейді, ол дұрыс емес. Біреу шоколадқа мың доллар жұмсаса, біреу жемеу үшін сонша қаражат жұмсайды. Яғни, баға және одан шығатын арзан не қымбат деген түсінік адамның психологиясына байланысты.
Редакцияның, ата-ананың, маманның пікірін ұсындық, ой түю өзіңізден, құрметті оқырман!
Ал сіз балаңызға ең көп дегенде қанша теңгенің ойыншығын алып бердіңіз және алар едіңіз?