- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Балаға қанша ойыншық...
Балаға қанша ойыншық керек?
Ғалымдар ойыншықтардың балаларға әсерін зерттеу мақсатында қызықты тәжірибе жүргізеді. Балаларды 4 және 16 ойыншығы бар бөлмелерге кезекпен-кезек кіргізеді. Бірінші бөлмеде балалар беріліп ойнайды, қиялдайды және бір-бірімен белсенді араласады. Ал екінші бөлмеде балалардың ойыншықтың көптігіне таңғалған жақсы көңіл күйі көп ұзамай нашар көңіл күй мен ашуға ауысады. Бұл ойыншықтың көптігі мен әртүрлілігі бала психикасына негативті әсер ететінін дәлелдейтін бірінші тәжірибе емес. Бұдан неліктен деген сұрақ туады.
Кішкентай балалар біруақытта бірден 5-тен артық затқа зейін қоя алмайды: егер баланың көз алдында өте көп қызықты заттар жатса, оның жүйке жүйесіне күш түсіп, бала онымен күресе алмайды. Сондықтан психологтар балаға көп ойыншық алмауға кеңес береді. Бірақ бала ойыншық сұрай берсе, қалай бас тартамыз?
Егер балада басынан ойыншық аз болса, ол жаңа ойыншық алуға саналы түрде қарайды және кенеттен сатып алып беруді сұрамайды. Ол өзінде барды бағалайды, жаңасын аларда жақсылап ойланып таңдайды.
Ал егер балада ойыншығы өте көп болса, оның біразын көрінбейтін жерге салып тастап, санаулы түрін ғана қалдырыңыз. Бір ай өткен соң күнделікті көріп жүргенін салып тастап, оның орнына басқа ойыншықтарын шығарып беріңіз. Егер бала дүкенде ойыншық сұрап жылай берсе, қалаған ойыншығын туған күнінде немесе басқа бір мейрамда алып беретініңізді айтып келісіңіз. Сол кезде оған жаңа ойыншық шынымен де қуаныш сыйлайды. Аяқ астынан немесе ойламаған жерден ойыншық алудан бас тартыңыз.
Кейде бала ата-анасын өзіне қалай қарататынын білмей, олардың махаббатын ойыншық сұрау арқылы тексереді. Сондықтан бұл бала тәрбиесі және отбасыдағы қарым-қатынас туралы ойлану керегін білдіретін белгі болуы да мүмкін.
Ойыншық сатып аларда ескеретін 5 жайт:
1. Баланың жасына сай емес ойыншық алмаңыз. 2 жастағы балаға робот алсаңыз, ол онымен ойнамайды, керісінше, қорқып кетеді. Егер таныстарыңыз баланың жасына сай келмейтін ойыншық әкелсе, бала өскенше алып қойыңыз.
2. Қарапайым ойыншықтар алыңыз. Форматы қаншалықты қарапайым болса, ол қиялды соншалықты жақсырақ дамытады. Мысалы, бала қарапайым легодан түрлі нәрселер жасай алады.
3. Түрлі категориядағы ойыншықтар алыңыз. Сізде қыз бала болғандықтан ғана оған тек қуыршақтың түр-түрін ала берудің қажеті жоқ.
4. Ата-анасымен бала бірге ойнайтын дамытушы ойыншықтарға мән беріңіз.
5. Ойыншықтың санын азайтып, сапасына көбірек мән беріңіз.
А. Жапатова