- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Балаға қандай витамин...
Балаға қандай витамин қажет?
Бүгінде дәріханалардан дәрумендік (витаминдік) комплекстерді табу қиын емес. Олар түрлі жастағы адамдарға, әсіресе балаларға арнап шығарылған. Ал енді олардың жеміс-жидек, көкөніс, жануар текті табиғи дәрумендерден артықшылығы бар ма, ағзаға әсері қандай, оларды қалай қолданған дұрыс?
Дәрумен-минералдық комплекстер құрамындағы заттардың жеміс-жидек, көкөніс құрамындағыдан ешқандай да айырмасы жоқ. Айырмашылығы – табиғи өнімдерде ол аз, ал дәрумен-минералды комплекстерде ол жеткілікті есептелген мөлшерде. Мәселе тек олардың қандай жағдайда өсірілгендігінде және қанша уақыт қалай сақталғанында ғана. Сондай-ақ кейбір өнімдерді шикі күйінде жеу қиын, енді бірі пісіру кезінде пайдалы заттарынан айырылады. Кәдімгі көкөніс, жеміс-жидектерде дәрумен аз, сондықтан оны көп жеу керек болса, ал дәрумен-минералды комплексте ол есептелген, жеткілікті мөлшерде.
Дегенмен, кейбір дәрумен-минерал комплекстері балаларда аллергиялық реакция туындатады. Мысалы, бір-біріне үйлеспейтін В1 және В12 дәрумендерін бір мезгілде қабылдау осындай әсер туындатуы мүмкін. Бірақ бұдан шығатын жол бар, яғни нақты дәрумендерді бөлек қабылдауға мүмкіндік беретін дәрумен-минерал комплекстерін алу керек.
Кейде аллергия дәрумен-минерал комплексіне қосылатын жасанды бояғыштар және ароматизаторлар әсерінен де туындауы мүмкін. Сондықтан қажет кезінде құрамында табиғи заттары аз комплекстерді пайдалануға мүмкіндік бар.
Негізі балаларға арналған витамин-минерал комплекстері олардың жас ерекшеліктеріне шақталып жасалады. Сондықтан таңдау кезінде осыған аса мән беру керек. Яғни балаға үлкендерге арналған дәруменді мөлшерін азайтып болса да беруге болмайды.
Ағзаны, әсіресе бала ағзасын қажетті заттармен қамтамасыз ету үшін арнайы шығарылған дәрумен-минерал комплекстерін пайдаланып тұрыңыз.
Н. Үсенова