Балаға әріптерді ерте үйрете берген жөн деп саналады, себебі кішкентай кезінде оның есте сақтау процесі жылдам жүреді. Алайда кішкентай баланың зейінін бір нәрсеге аудару қиын. Сондықтан ата-аналар түрлі қулықтарға барады.
Печенье пісіру
Балаға әріптердің жазылуын есте сақтауға көмектесіңіз. Ол үшін оны әліпби түріндегі печенье пісіруге шақырыңыз. Қамырдан кішкентай жолақтар кесіп, олардан баламен бірге әріптер жасаңыз. Қай әріп қалай жасалатынын көрсетіп отырыңыз. Печеньелер дайын болған соң бала оларды өздігінен ерітілген шоколадпен немесе қант ұнтағымен безендіре алады. Балалардың көпшілігі бірінші өз есімін айтуды және жазуды үйренеді. Дайын печеньелерден балаға өз атын шығаруға көмектесіңіз.
Мармелад дайындау
Дүкеннен әріптер түріндегі мұз қатыруға арналған силикон форма табуға болады. Оған балалар жақсы көретін мармелад дайындаңыз. Мармеладты үйден дайындау қиын емес. Жеміс-жидектер мен қантты қайнатсаңыз болғаны. Дәмді әрі пайдалы мармеладтардың рецептілерін интернеттен таба аласыз.
Әріптерді тірілту
Әріптер тез жатталуы үшін баламен бірге «байланыс» ойынын ойнаңыз. Мысалы, қарақұмықтан — «Қ» әрпін, күріштен — «К» әрпін, ал тарыдан «Т» әрпін жасауын сұраңыз. Бала бұл ойынды ойнау кезінде әріптерді үйренеді және ұсақ моторикасын дамытады.
Қызықты бояу
Ғаламтордан әліппе түріндегі бояуға арналған суреттерді тауып, шығарып алыңыз немесе оны дүкенннен сатып алыңыз. Әр әріп сөзбен және суретпен бірге жүреді. Мысалы: «Б» — бақа, «П» — піл. Әліппені үйренуді бастауды шешсеңіз, күнде бір әріппен танысып, сол әріпке арналған суретті бояуға беріңіз. Сол кезде бала жаңа ақпараттың көптігінен шатасып кетпейді.
Жапсырмалар қолдану
Балалардың көпшілігі жапсырмаларды жақсы көреді. Олардың жапсырмаларға қызығушылығын әріптер үйренуге пайдаланыңыз. Түрлі түстегі және өлшемдегі әріп жапсырмалар көп. Оларды балалар тауарлары сатылатын дүкендерден табуға болады. Мысалы, оларды асүйде қолдануға көмектесіңіз: бала әріп жапсырмаларды жармалар, макарондар және қант тұратын ыдыстардың сыртына ішіндегі өнімнің атауын жазып жабыстырсын.