- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Баладағы және жасөспірімдегі...
Баладағы және жасөспірімдегі депрессияны қалай анықтаймыз?
Көпшілік депрессияны ересектердің серігі деп ойлайды. Жұмыстағы сәтсіздік, жақындарынан көңіл қалу, жас дағдарысы – мұның бәрі өз салдарын беретіні сөзсіз. Алайда, депрессия кішкентай балаларда да, жасөспірімдерде де болады. Балаға не болғанын түсіну үшін депрессия белгілерін білу керек.
Депрессия деген не?
Анықтама бойынша, депрессия – көңіл күйдің төмендеуі мен рақат алу қасиетінің жоғалуы жататын психикалық бұзылу. Сонымен қатар, депрессиясы бар адамдарға өзін-өзі төмен бағалау, өзін-өзі кінәлі сезіну, түңілу, зейіннің жоғалуы, ұйқы мен тәбет бұзылуы және өз-өзіне қол жұмсау туралы ойлау тән.
Баладағы депрессияның ұлғаюына көп жағдайда ата-ананың депрессия туралы білімінің аздығы әсер етеді.
Балалардағы депрессия белгілері
Депрессия ересектерде, жасөспірімдерде және балаларда болады. Бірақ олардың белгілері әртүрлі көрінуі мүмкін.
Балалардағы (мектеп жасындағы балалар) депрессияға мыналар тән:
- Ата-анасына шектен тыс "жабысу";
- Өзі туралы үшінші жақта сөйлеу, ата-анасын кенеттен аты-жөнімен атау;
- Өзін тыныштандыру үшін зиянды әдет ойлап табу (мысалы, саусағын сору);
- Психикалық дамуының баяулауы;
- Жабырқаңқы бет әлпеті және көзге тіке қараудан қашу;
- Жиі жылау.
Бала өсе келе депрессияның белгілері де өзгереді. Бастауыш оқушыларынан селқостық, ойынға деген қызығушылықтың жоғалуы, үнемі көңіл күйінің нашар болуы, қорқыныштар, оқуына кедергі болатын түрлі қиялдар білінеді.
Күйзеліске түскен жандар сізге не айтуы мүмкін?
Жасөспірімнің мақсаты – жан-жақтан келген қысымға төтеп беру
Жасөспірімдер сырттай (мектеп, ата-ана, барлық өскен талаптар) және іштей (дененің өзгеруі, гормонды жүйе қалыптасуы) қысымға тап болады. Жасөспірімдерге бірнеше маңызды талаптар қойылады:
- Өзінің өзгерген денесін қабылдау;
- Болашаққа мақсат қою, әрекет жоспарын өздігінше құру;
- Өзінің әлемдегі орнын түсінуге тырысу, ата-анасынан тәуелсіздігін сезіну және олармен жаңаша өзара әрекеттесуді үйрену;
- Құрдастарымен жаңа қатынас орнату, соның ішінде романтикалық қарым-қатынас және т.б.
Мұның барлығына ата-ана мен мұғалімдер қоятын талаптар да бар. Бұл оңай міндет емес, сондықтан ата-аналар балаларының көңіл күйіне және іс-әрекетіне мән беруі керек.
Жасөспірімдік депрессия белгілері
- Қайғы сезімі (кейде себепсіз жылай береді);
- Ашуланшақтық немесе көңіл толмаушылық;
- Күнделікті жаттығулардан рақат алмау немесе қызығушылығының төмендеуі;
- Отбасымен және достарымен дауласунемесе олармен сөйлескісі келмеу;
- Өзін-өзі төмен бағалау, кінә сезімі;
- Өткен сәтсіздіктерін ойлай беру немесе өзін-өзі қатты сынау;
- Назар аудару, шешім қабылдау және есте сақтаумен қиындықтардың тууы;
- Шаршау және күш жоғалту;
- Ұйқының бұзылуы;
- Тәбеттің өзгеруі – салмақ қосу немесе салмақ жоғалту;
- Толқу, мысалы, алға-артқа жүре беру, саусақтарын сықырлату немесе бір орында отыра алмау;
- Ойлаудың, сөйлеудің немесе қозғалыстың баяулауы;
- Денесінің немесе басының түсініксіз ауыра беретіндігін айту;
- Ашу қысу, бұзушы немесе тәуекелді іс-әрекет (мысалы, ойық, күйік, пирсинг, тату);
- Өз-өзіне қол жұмсаудың жоспарын құру.
Байқағаныңыздай, депрессия белгілері өте көп. Ата-ана міндетін жеңілдету үшін негізгі төрт жағдайға мән беруіңізді сұраймыз:
- Балаңыздың үлгерімі бірден түсіп кетті;
- Балаңыздың физикалық жағдайы бірден өзгерді: тез шаршайды, ауруға шағымданады, нашар ұйықтайды және т.б;
- Құрдастарымен қарым-қатынасы бірден нашарлап кетті;
- Қарапайым заттар мен өтініштер ақылға қонымсыз реакцияны шақырады.
Егер осы белгілер балаңызда екі апта бойы немесе одан да ұзаққа сақталса, жасөспірімдік депрессияның болуы әбден мүмкін. Депрессияны міндетті түрде маман ғана емдеу керек. Емдеу барысында дәрігер жиі дәрілер жазып береді және психологпен жұмыс жасау керек болады. Психологқа тек бала емес, міндетті түрде ата-ана да баруы керек. Себебі бала біртіндеп өз сезімін, қалауын білдіруді үйренсе, ата-ана баланы тыңдай білуді және қабылдауды үйренуі тиіс.
Күйзелістегі адамға қалай көмектесуге болады?
А. Жапатова