Балада болуы керек 10 ойыншық

Балада болуы керек 10 ойыншық
Фото: crello.com

Қазір ата-аналардан баласының ойнай білмейтінін жиі естуге болады. Оның бірнеше себебі болуы мүмкін. Невропотолог мамандар балаларда міндетті түрде болуы керек 10 ойыншықты ұсынады. Олардың арасында қымбат немесе «эксклюзив» ойыншық жоқ.

Баланың ойыншықпен ойнамауының мынадай себептері болуы мүмкін:

- Шамадан тыс қамқорлық жасау немесе бақылау. Кейде ересектер балаға кішкентай кезінен бастап қателік жіберуіне ешқандай мүмкіндік бермейді. Ата-ана балаға шектен тыс қамқорлық жасау арқылы оның еркін әрі дербес болуына кедергі келтіреді. Ал ойын — ол еркіндік. Баланың пікірін, ойыншықтарды немесе ойынды көруін, оның қиялын қолдай білу маңызды.
- Ойыншықтың көп болуы. Ата-ана баласында ең жақсының барлығы болғанын қалайды. Бірақ нәтижесінде, егер ойыншық өте көп болса, балаға ауыр болады. Мұндай таңдау шашыраңқылық пен үрей тудырады. Негізінде ойын үшін жиырма бес емес, бес машинаның өзі жеткілікті. Егер машиналар көп жиналып қалса, бірнешеуін ғана қалдырып, қалғанын тығып қойыңыз. Кейін бала жалыққан соң, оларды басқаларымен ауыстырасыз.
- Үнемі гаджетпен ойнату. Егер сіз балаға басынан бастап, кез келген түсініксіз жағдайда гаджеттен мультфильм қосып беріп үйретсеңіз, оған басқа нәрсені таңдау қиын болады. Гаджетттер баланы пассивті рөлге үйретеді, ал кез келген ойында шығармашылық белсенділік қажет. Гаджеттерді сөндіріңіз немесе мөлшермен ғана беріңіз.
- Ересектердің балаға қалай ойнау керегін көрсетпеуі. Ойнау — балада туа салысымен пайда болатын икем емес. Балаға ойнап көрсету, бірге ойнау, қызықтыру және уақытында балаға бастама беру — ата-ана шеберлігі.

Балада болуы керек 10 ойыншықты ұсынамыз:

Доптар
Доптардың бірнешеуі болған жөн. Олардың түрлі өлшемде және фактурада болғаны жақсы. Бір жағынан, доп бала үшін қауіпсіз, ал екінші жағынан — ол ойынға арналған шексіз мүмкіндік. Бала миы үшін доп өте тиімді, себебі ол жалпы және ұсақ моториканы, кеңістік координациясын, көру және жанасу түйсігін дамытады.

Маталар
Қарапайым матаның өзі қуыршаққа арналған көрпе, костюм элементі немесе құрылыс материалы бола алады. Ол — түйсік дамуына арналған керемет материал.

Конструкторлар
Құрастырудың барлық түрлері — текшелерден бастап «легоға» дейін баланың терең дамуына ықпал етеді. Ол оның ұсақ моторикасын, қиялын және жалпы ой-өрісін дамытады.

Шатыр
Тығылуға, өзін дербес және жайлы сезінуге болатын жабық жерлер бала психикасына жағымды әсер етіп, тыныштандырады және босаңсытады.

Шығармашылыққа арналған керек-жарақтар
Қарындаштар, бояулар, пластилин, борлар, моншақтардың пайдасын әр ата-ана біледі. Сондықтан олар кез келген балада міндетті түрде болуы керек.

Су ойыншықтары
Бала суға түсіп отқанда қолына шелек, құты немесе қарапайым йогурттың ыдысын беріп қойыңыз. Бала суды бір ыдыстан екіншісіне құю арқылы, сапыру арқылы түйсіктік қабілетін дамытады.

Сабын көбігі
Сабын көбігін үру жай көңілді уақыт өткізу ғана емес, ол — баланың сөйлеу қабілетінің дамуына өте пайдалы ойыншық.

Пазлдар
Кеңістік ойлауын, шыдамдылықты, еріктілікті дамытуға көмектесетін керемет құрал.

Бейнелі ойыншықтар
Қуыршақтар, аюлар және басқа да «достар» — бала «тірілтетін» ойыншықтар. Бала мұндай ойыншықтармен сюжетті-рөлдік ойындар ойнай алады. Бірақ олардың өте көп болмауын қадағалаңыз.

Үстел ойындары
Үстел ойындары баланы ереже бойынша ойнауды және бірлесіп әрекет етуді үйретеді, жеңу мен жеңілу тәжірибесін алады.

А. Жапатова