- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Балабақшаны таңдар сәтте...
Балабақшаны таңдар сәтте нені ескерген жөн?
Ғалымдардың сөзіне сенсек бала 3 жасқа дейін тәрбиеленеді екен. Яғни, одан кейін оны тәрбиелейтін – қоғам. Дегенмен, адамдардың басым көпшілігі бала бір жастан асқан бойда оны балабақшаға беруді жөн санайды. Балабақшаны таңдар сәтте нені ескерген жөн? Жекеменшік балабақшалар дұрыс па әлде мемлекеттік балабақшадан орын бөлуін күткен жөн бе?
1. Топқа бөліну
Балаларды жасына сәйкес кіші және ересектер тобы деп бөліп жатады. Бірақ, ондағы балалар санына аса мән бере қоймайды. Егер топта 12-15 адамнан артық болған жағдайда тәрбиешілер барлық балаға бір уақытта қарап үлгермейді. Ондай сәтте баланың бойында өз бетімен шешім қабылдау дағдысы қалыптасады. Яғни, қоғамға ену үрдісі жылдамырақ жүзеге асады.
Дегенмен, бала санының көптігі оқу үрдісіне кері әсерін тигізеді. Балалардың бәрі тып-тыныш емес. Олардың да тентектігі болады. Соның ішінде, «қиын» балалармен жұмыс жасауға тәрбиеші көп күшін жұмсайды. Есесіне, оқыту шараларына келгенде салғырттық танытуы әбден мүмкін.
2. Мұғалімдер мен тәрбиешілер
Егер балабақшадан тек балаңызға бас-көз болумен қатар, түрлі мәдени шаралар мен білім беруге арналған бағдарламаларды күтсеңіз, онда мұғалімге де мән бергеніңіз жөн.
Мектепке дейінгі салада қызмет ететін тәрбиешілер әмбебап-мұғалім екенін естен шығармаңыз. Тәрбие, оқыту шараларымен бір адам айналысады.
Балабақшаның қаржылық жағдайы жақсы болғаны тиімді: мамандандырылған мұғалімдерді жұмыспен қамтамасыз ете алады. Есесіне әр пәннен түрлі мұғалім береді әрі сабақ өзінің әртүрлі өтуімен қызықты бола түседі.
3. Балаларға арналған шаралар
Тәрбиешілер неғұрлым креативті ойлап, заманауи технологияны үздік қолдана алған сайын бала үшін балабақша соғұрлым қызықты бола түседі. Балабақшада балалық шағын өткізетіндіктен, оның жарқын, қызықты әрі естелікке толы болуы маңызды.
4. Қарама-қарсы байланыстың болуы
Балабақша сізбен қаншалықты жиі байланысқа шығады? Осыған аса мән бергеніңіз жөн.
• Сіздің электронды поштаңызға жіберілетін апта сайынғы тәрбиешінің есебі: балаңыздың тәртібі, жетістігі мен туындап отырған қиындықтар туралы сөйлесіңіз.
• Түрлі мессенджерлердегі ата-аналардың топтары. Бұған тәрбиеші хабарландыруларды, ақпараттарды, мерекелік шаралардан суреттерді жібере алады. Түрлі мәселелердің шешімін бірге қарастырады.
• Ата-аналар сырттай бақылай алатын бақылау камераларының болуы да өте тиімді.
5. Денсаулық сақтау шаралары
Балабақшада түрлі ортадан балалар жиналғандықтан, олардың денсаулығын қадағалау өте маңызды. Сіз таңдап отырған мекемеде қандай шаралар жасалатынын білгеніңіз жөн. Медбике таңертеңгісін балаларды тексере ме, тазарту жұмыстары қаншалықты жиі жасалады – осының бәріне мән бергеніңіз дұрыс.
6. Сынақ апталығы
Барлық жағымды жақтары мен жағымсыз жақтарын ұзақ отырып сараптауға болады. Егер балабақша ұжымы сынақ апталығын ұсынса, одан бас тартпаңыз.
Балаңызбен бірге балабақшаға барып, тәрбиешілерді, топтарды бақылаңыз. Сізді мазалаған сұрақтардың жауабын іздеңіз.
Әрине, қаражат жағдайына келгенде мемлекеттік балабақша тиімді. Бірақ, жеке меншік балабақшаның мүмкіндігі жоғары екенін де естен шығармаңыз.
Т. Есқали