Ұсақ моторика майда нәрселермен жұмыс істеуге, әдемі жазуға, сонымен қатар дұрыс сөйлеуге де тікелей әсер етеді. Кішкене кезімізде қаншалықты затты ұстап көреміз, құрастырғыш құрастырамыз, текше (кубик) жинаймыз, өскенде соншалықты ақылдырақ бола түсеміз. Атақты педагог А.В.Сухомлинский айтқандай: «Сәби кезде қолы қандай шебер болса, бала да сондай ақылды боп өседі».
Бала кездегі «қуырмаш», «бас бармақ» деген секілді ойындар да осы ұсақ моториканың дамуына жақсы әсер етеді. Балаңыз ойыншықты не басқа нәрсені қызықтап, сипалап, ұстап көреді, аузына салып дәмін байқайды – бұл әрекетіне қарсылық танытып, қолындағы нәрсесін алып қоймаңыз, ол әлемді өздігінен танып жатыр. Ересектерге бұл ұсақ-түйек секілді көрінгенімен, балалар үшін тұнып тұрған ғылым. Ермексаз, балшық, қамыр секілді нәрселер осы моториканың жетілуіне жақсы көмектеседі.
Қазір дүкендерде түрлі ойыншық бар. Дегенмен өз асүйіңізде қызықты әрі дәмді нәрселер көп бола тұра, босқа ақша құртудың қажеті қанша?! Мысалы, күріш, қарақұмық (гречка), бұршақ секілді дәнді дақыл түрін алайық. Қолға ұстауға ғана емес, бала қиялына толықтай ерік беруге де ыңғайлы. Түбі тереңдеу ыдыс алыңыз да, оған бір ойыншықты салып, үстін дәнді дақылдармен көмкеріңіз. Балаға тәрелкенің түбінде күшік жатқанын айтып, оны дақылдардың астынан құтқарып шығаруды тапсырыңыз. Ол қуана-қуана іздеп, қолымен ұстап, астын тексеріп көреді.
Астық түрлерінен картина жасауға да болады. Картон қағаздан жақтауша (рамка) жасап, бала осының үстіне бұршақты, қарбыз дәнін жапсыруға көмектесіңіз. Макароннан моншақ жасауға да болады. Осы кейін гуашь не акварельмен бояйсыз. Бұл ойынның барлығы балаға қызықты болуымен қатар, дамуына да әсері орасан зор.
Мозайка, лего, пазл, Рубик кубигі, тікендері бар доптың өзі бала қолының моторикасы жетілуіне көп көмектеседі.