Бала тәрбиесінде нені ескеру керек?

Бала тәрбиесінде нені ескеру керек?
Фото: pixabay.com

Назым Ділтайқызы – балалармен жұмыс істейтін психолог маман, гуманитарлық ғылымдар магистрі. «Үміт еткен көзімнің нұры – балам…» кітабының авторы. «Бала тәрбиесінде ата-анаға қажеті болар» деп маманның кеңестерін беруді жөн көрдік. 

Жаңа ғасыр баласы – жаңа мінез иесі, өзгеше гипербелсенді, ақылды, ерке, өмірге дайын, əлемге өзгеріс жасайтын болып дүниеге келіп жатыр. XXI ғасыр – ерекше энергетика ғасыры. Бұл ерекше балаларға кеңестік дәуірдегі әдістер жүрмейді. Олар морт сынғыш, қолыңыздан тез шығып кетеді. Көңілі толмаса, орнын толтыратын нəрсені басқа жақтан іздейді. Ендеше, жаңа əдіс қажет. Ол қандай әдіс? 

XXI ғасыр баласын тәрбиелеуде қолданатын әдістер 

Ш.Амонашвили педагогикасында: «Әр бала белгілі борышпен өмірге келеді. Және әрбір сәбидің тек өзіне тиесілі жаны – ішкі дүниесінің сәулесі бар. Ата-ана мен педагогтың міндеті – сол сәуленің жоғалып кетуіне жол бермей, балаға өз өмір жолына бағыт көрсету», – дейді. 

1) Яғни, бала да Сіз сияқты ашулануға, қуануға, жылауға, айғайлауға, эмоциясын шығаруға құқылы. Ашуы басылған соң, біраз уақыттан кейін (2-3 күн) ғана сезіміне əсер ететін мысал келтіре отырып түсіндірген жөн. Ұл болса – əкесі, қыз болса – анасы. Қызы анасын тыңдамаған жағдайда, анасы хат жазу арқылы əсер ете алады. 

2) Хат – тəрбиелеуші ең күшті құрал. 

3) Ал өтпелі кезеңде ұлыңыз бұзықтық жасаса, оны тек əкесі ұлымен еркекше сөйлесу арқылы немесе ақыл-кеңес, бір іске көмек сұрау, бауырларына қамқорлық жасауға өтініш жасау арқылы, қол алысып, уəделесу арқылы жөндей алады. 

4) Əкесі жоқ болған жағдайда анасы шын көз жасын көрсетіп өтіне алады. Ананың басқа әдісі ұлға жүрмейді. 

5) Толықтыру әдісі – ақ-қараны түрлі-түсті суретке айналдыру. Бұл әдіс – баланың бойында жоқ нəрсені толықтыру. Яғни балаңыз қараңғыдан қорқатын болса, оған естірте «менің балам батыр» немесе «менің балам өте әділетті, мейірімді, табысты, миллионер, дарынды, ақылды, білімді, математик, ақынға… ғылымға… жазушыға… ұқсайды» деп айту керек. Ақын болмасам да, ел алдында 15 жылдан бері қорықпай семинар өткізуіме себепші болған ұстазым еді. «Сен ақын боласың» деп мені тақтаға шығарып өлең жаздыратын. Ақын болмасам да, кейіннен диссертациямды поэзиядан қорғадым. 

Баланы кез келген іске психологиялық жағынан дайындау керек. Балабақшаға, мектепке барар алдында сол күні оны күтіп тұратын сәттіліктерді айтқан жөн. Мысалы, мектепке барады; апайы оны жақсы көреді; ол «5» алады; достары тамаша; үйге келген соң бірге ас дайындаймыз; бірге ойнаймыз; ертегі оқимыз; бөлмесін жинаймыз; анасын қуантады. Міне, бала осының бәрін алдын ала елестету керек. 

Тәрбиелеудің 2 құралы: 

- Сөз; 

- Үлгі.

Сөз арқылы: 

Жетістігіне қуану, мадақтау. Ата-анасы айғайлай беретін болса, бала қате айтудан қорқып, кейде мүлдем жабылып қалады. Сабырлық танытып, нәтижесін біртіндеп күтіп, баласының көрінген жетістігін мадақтап отыру керек. Мысалы, «Жарайсың, келесі жолы бұдан да жоғары жетістікке жетесің» деп мотивация беріңіз. 

Неге атасы мен əжесінің қолында өскен бала бауырмашыл, мейірімді болады? Өйткені бар жұмсағы мен тəттісін, ертегісі мен ақыл-кеңесін, бар махаббатын немереден аяған қазақты көріп пе едіңіз? Олай болса, мейірім көрсетіңіз. Талап та қоя біліңіз, бірақ елдің баласымен салыстырмаңыз. Өйткені ол – өзіңіздің жемісіңіз, сіздің инвестицияңыз. Абай атамызша айтсам, «өл, тіріл, малыңды сат, аяма, балаңды оқыт». Ал, Мəшһүр Жүсіпше айтсақ, «Бұл бала – бүгін бала, ертең дана… Оқытпаса, ата-анасы болады жүзі қара». Бұл жердегі оқыту – бар сабақты «беске» оқыт деген сөз емес. «Бай болғың келсе – кəсіппен айналыс, білімді болғың келсе – оқы, күшті болу үшін бірлік керек» дейді тағы Ахмет Байтұрсынұлы. 

Әкесі ұлымен, анасы қызымен достық қарым-қатынаста болғаны дұрыс. Қамқорлық жасаңыз. «Мен әрқашан саған көмектесуге дайынмын» деген сөзді үнемі айтыңыз. Керісінше, баланың ойында «менің өмірім қауіпсіз», «мен жалғыз емеспін», «менің жанашырларым бар» деген сезім дұрыс орнықса, бәрі біртіндеп қалыптаса береді. 

Үлгі арқылы: 

- Балаға уақытыңызды бөліңіз. Қамқорлық танытып, шын жанашыры екеніңізді көрсетіңіз. Бірақ оған деген махаббатың шартсыз болғаны дұрыс. «5» алсаң, дүкенге апарамын деген сияқты «сауда» жасамаңыз. 

- Баланың қиналған сәтінде қолдаңыз. Сабырмен тыңдаңыз. Өз ойын жасырмай айта білуіне жағдай жасаңыз. Өтірік айтуға мәжбүрлемеңіз. Өтірік уәде бермеңіз. 

- Қателік сізден болса, баладан кешірім сұрап, ақыл-кеңес сұрап тұрыңыз. Баланың пікірімен санасыңыз. Сенім білдіріңіз. Оған бұйрық беруші болмаңыз. Өтініңіз. 

- Баланың ересек сезінуіне жағдай жасау қажет. Үнемі ақылдасыңыз, тапсырма беріңіз. Абайды әкесі Құнанбай 13 жасында-ақ ел билеу ісіне араластырған. Еркіндік беріңіз. Өзінің есеюіне жағдай жасаңыз. 

- Бірге рухани даму бесік жырын айту мен ертегі оқудан басталады. Балаға бесік жырын айтыңыз, ертегі оқыңыз, өскенде бірге кітап оқыңыз, бірге серуендеңіз, бірге кино көріңіз, бірге ойнаңыз, бірге дүкен аралаңыз, бірге табиғатқа шығыңыз, бірге талқылаңыз, бірге сыр бөлісіңіз. 

- Кішкентай кезінен баланы бақылауды үйреніңіз. Әр күні баланың неге қызыққанын, нені жасаса қуанатынын жазыңыз. Суретке түсіріңіз. Қызығушылығын бағалаңыз. Арман картасын жасауға бағыт беріңіз. 

Үш ұстаным: 

1. Балаға сену керек. Қандай жағдай болсын, оның шексіз талантына сеніңіз. «Мен саған сенемін» деген сөзді үнемі айтыңыз. Бала жазылмаған ақ парақ сияқты. Таза, пəк. Оған керемет жазба жазып, елдің керегіне жарар құнды кітапқа айналдырасыз ба, əлде керексіз шимай-шатпақ жазып, мыжып-мыжып лақтырып тастайсыз ба, сіздің қолыңызда! Сенім білдіріңіз! «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын!» деген жоқ па еді ұлт жанашырлары?! 

2. Алла тағала сізге осы баланы сеніп берді. Баланың алғашқы ұстазы – Сіз. Одан мейіріміңізді, махаббатыңызды, жылы сөзіңізді аямаңыз, алғысыңызды білдіріңіз. (Адамның адамшылығы ең әуелі ата-ана, ғылым, ұстаз, құрбы-құрдасқа байланысты. Абай.) Бұзық, тентек бала – аңғарымпаз, жетілген, өзгеріс жасайтын жан. Оның бұзықтық жасау себебі, оған көңіл бөлінбейді, өте дарынды немесе болып жатқан жағдайға көңілі толмайды, елдің назарын өзіне аударғысы келеді. Егер оған мүмкіндік бермесеңіз, талантты өлтіресіз! 

3. Әр баланың өзіндік жолы, тағдыры, өз жүрек қалауы бар. Жүрек қалауын ұғыну, сезіну керек. Бала үнін, баланың жеке ойын, пікірін тыңдаңыз. Сіз жағдай жасаушы, орнын көрсетушісіз. Тағдырына араласпаңыз. Бақытсыз етпеңіз! 

«Мән-жайды ұқтырмай, құр бұйрық беруші адам тәрбиеші емес. Тәрбиеші – баланың қаһарлы қожасы болмасын, жұмсақ жолдасы болсын… Бала тіпті сенімпаз болады. Сондықтан баланың өз күшіне өзін сендіріп үйрету керек. «Қолыңнан түк келмейді» дей берсең, бала жасқаншақ, жасық болып қалады. Осыдан сақтану керек», – дейді Мағжан Жұмабаев. 

Бастауышта оқитын балалармен жұмыс істеу барысында отбасы туралы сурет салдырамын. Сонда үнемі мұғалім немесе ата-анасын өте үлкен, ал өзін өте кішкентай етіп салады. Бұл нені білдіреді? Сіз баланың қожайыны, бұйрық беруші жансыз. Бала тек өзіне жақын, оған сенетін жəне мадақтайтын адамды ғана қасына жақын салады. Бала ашуланып тұрған жағдайда ешқандай ұрсуға болмайды, еркіне қалдырған жөн. 

zhasorken.kz

А. Жапатова