Бір орында тыншып бір минут отыра алмайтын, бір ойыншықпен ойнай алмайтын, үнемі қозғалыста болып, барлығының назарын өзіне аударып отыратын балаларды кездестіресіз бе? Ондай балалар көп жағдайда ата-анасына ұқсап тым белсенді болады. Оны қалай тәрбиелеуге болады? Баланы ойынға не серуенге апарар алдында бірден онымен уақытын келісіп алыңыз. Белгіленген уақыт аяқталғанын оған ересектер емес, таймер не оятқыш шырылы айтсын. Сонда агрессияға берілмей, өзі ойынын аяқтап үйге қайтатындай болсын. Баланың таңдауына қарсы болмаңыз, бірақ шектен шықпауын да қадағалаңыз. Балаға тапсырма берерде алдымен біреуін ғана айтыңыз. Сол істі аяқтағаннан кейін екіншісін тапсырасыз. Үйде жағымды психологиялық атмосфера қалыптастырыңыз. Теледидардың, радионың, компьютердің дауысы аса қатты шықпауын мұқият қараңыз. Үйдегілер де бір-бірімен араласқанда айқайлап, даурықпай, бәсең, бірқалыпта сөйлесуін ескертіңіз. Бала бойындағы энергиясын пайдалы істерге жұмсауын бақылаңыз. Ол үшін таза ауада ұзақ серуен ұйымдастырыңыз. Бос уақытында ойыншықпен ойнау үшін де физикалық күш жұмсалатынын ескеріңіз. Үйде қатаң режим сақтаңыз. Әр күні бір мезгілде оятып, бір мезгілде ұйықтатып, бір уақытта тамақтандырыңыз. Балаға балабақшада не мектепте сақтауы тиіс ережелерінің тізімін жасап беріңіз.Ол мұны іштей қайталап жүрсін. Адам тым көп жиналатын жерлерге жиі бармауға тырысыңыз. Бұл баланы одан сайын тынымсыз етуге әсер етеді. Баланың тәртібі үшін қолданылатын мақтау сөздер мен жаза белгілеңіз. Бітірген ісі үшін, мысалы пазл құрастыру, сурет бояу секілді ұсақ түйекке де мақтап отырыңыз. Бұл оның сенімділігі мен өзін өзі бағалау деңгейін көтереді. Балаңызды әр істің арасында тыныштық сақтап, үзіліс жасауға үйретіңіз. Есте сақтаңыз, баланың әр ісіне назар салып, шыдамдылық танытсақ, бұл оған болашақта өз жолын табуына көмектеседі.