Көрген өнегесі мен алған тәрбиесінің арқасында адам табысқа жете алады. Баланың жетістікке жетіп, мақсатқа қол жеткізуі – ата-ананың берген бағыт-бағдарына байланысты. Жалпы, табыс деген не? Бақыт, денсаулық, өз еңбегімен жетістікке жету. Осы сөздермен баланы қанаттандыра білген ата-ана баласының еңбегін, жетістігін көре алады. Ата-ана тағы қандай бағыт бере алады?
1. Ақпаратпен жұмыс жасау
Біздің әлем түрлі жаңалыққа толы. Қала берді, жарнама, хабарлама, ескертпелер. Өмірде жаңалық арқылы әлемді таныған және жаңалықты пайдаға асыра алған адам жетістікке жете алады. Санаға қабылданып жатқан ақпараттың пайдалысы мен пайдасызын ажырата білу де қабілет. Міне, балаға жасынан осы құндылықты айтып өсіру керек. Мысалы, балаға «бестік алып кел» деген талапты тіке айтпау керек. Сіз де оның «бестік» алып жүруіне ықпал етуіңіз керек. Биологиядан жақсы баға алғанын қаласаңыз, қоршаған ортадағы тірі ағзаларды таныстырыңыз. Ол туралы сіз де бірге ізденіңіз. Тағы бір мысал, жоғарыда хабарламаның өзі де ақпарат беретінін айттық. Алдағы ауа райының қолайсыздығы туралы әр телефонға хабарлама келіп жүр. Егер бала «Дауылды ескерту» деген хабарламаны оқыса, дауылдың не екені, қалай пайда болатыны туралы ақпарат беріңіз. Айналадағы жарнамаларды да назардан тыс қалдырмаңыз. Олардың уәжін және айтар ойын балаға жеткізе біліңіз. Қосымша ақпарат ешкімге артық еткен емес.
2. Іздеу және табу
Қазіргі уақыт – ғаламтордың заманы. Оны бағындыра алатыны бар және тұтқыны болатындары бар. Балаға ғаламтор тек іздеу үшін керек екенін айтқан дұрыс. Сонымен қатар, кітапханадан артық қор жоқ екенін сіңіре білу керек. Өзі іздеп тапқан дүние санаға сіңімді болары сөзсіз.
3. Жоспарлау
9-10 жасқа дейін бала жоспар құра алмайды. Бірақ бұл – аса керек қабілет. Балаға тізім құруды үйретіңіз, ертеңгі күнін, демалыс күнін немесе мерекені қалай өткізетіні туралы сұраңыз. Ол сол күнді қалай елестететінін параққа суреттермен түсіріп көрсін. Суреттегі орындалған жоспардың жанына «+» таңбасын қойып отырсын. Есейе келе, тізім жазуға бағыттаңыз.
– Сабақтан келдім, демек, үй тапсырмасын орындаймын.
– Егер қатты шаршасам, аздап тынығып, кейін үй жұмысына отырамын.
– Күрделі тапсырманы бірінші орындаймын, жеңілдері соңына қалсын.
– Үй тапсырмасын жексенбі күніне қалдырмаймын: жұма күні барлық тапсырманы бітіріп, демалыс күндері тынығамын.
4. Артылған міндеттерді орындау
Өзі қалаған тірлікті жасап үйренген бала тым ерке әрі жалқау болып өседі. Жалқау, ерке адамға басқа тапсырма беріп, оны орындату – қиын іс. Адам мақсатына жету үшін өзі жасамаған дүниелерді жасап үйренуі керек. Барлық баланың өз міндеті болуы керек. Оятқыш шырылдағанда ояну, төсек-орнын жинау, ойнаған ойыншықтарын шашпай жинау, тәрелкелерді жуу секілді белгілі бір тапсырмалар баланың мойнына артылуы тиіс. Олардың арасына өзі әлі жасап көрмеген тірлікті берсеңіз, бала шаршап қалмайды, қайта ширайды. Ата-ана тек бағдар беріп, сыртттай бақылап отыруы тиіс. Сонымен қатар, ауыр сөздермен жекіп емес, «Жарайсың!», «Бәрекелді!», «Қолыңнан келмейтіні жоқ екен» деген тәрізді сөздермен қолдап, демеп отыру артық етпейді. Керісінше, қанат бітіреді.