Қала – өркениеттің ордасы. Тіпті бүгінде көркейіп, адам танымастай дамып жатқан қалалар қатары артып келеді. Қалалық өркениет адамды интеллектуалды деңгейге жеткізіп, олардың жан-жақты болуына жол ашты. Дегенмен...
Қазір не көп, қоршауы темірден тұратын аула көп. Хайуанаттар бағы секілді. Іштегі тіршілікті сырттан бақылайсыз. Ішке ену үшін шетте отырған күзетшіден рұқсат алуыңыз керек. Ересек адамдар үшін қалыпты жағдай болғанымен, балаңыз үшін бұл пайдалы емес. Өзі төрт қабырғаның ішінде қамалып жүретін балаңыз, сыртқа шықса да төрт қоршаудың ішінде ойнаса оның ой-өрісі қалай дамымақ? Бала бала болып ойнау керек. Дүниетанымын ашу үшін өзіне қызықты нәрсеге еліту керек. Бірақ біз бағын байлап қойған жоқпыз ба?!
Қоршауда өскен бала ертең сыртқы ортаны жат қабылдайды. Жасқаншақ болады. Көшенің тәртібін, даланың заңдылығын көрмеген баладан не талап етесіз. Оның көргені «төртбұрыш» қана ғой.
Егер балаңыз ақылды, ойлау қабілеті биік, көзқарасы кең болсын десеңіз қоршаудан шығыңыз.