- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Бала тәрбиесі: қоршаудан...
Бала тәрбиесі: қоршаудан шығу
Қала – өркениеттің ордасы. Тіпті бүгінде көркейіп, адам танымастай дамып жатқан қалалар қатары артып келеді. Қалалық өркениет адамды интеллектуалды деңгейге жеткізіп, олардың жан-жақты болуына жол ашты. Дегенмен...
Қазір не көп, қоршауы темірден тұратын аула көп. Хайуанаттар бағы секілді. Іштегі тіршілікті сырттан бақылайсыз. Ішке ену үшін шетте отырған күзетшіден рұқсат алуыңыз керек. Ересек адамдар үшін қалыпты жағдай болғанымен, балаңыз үшін бұл пайдалы емес. Өзі төрт қабырғаның ішінде қамалып жүретін балаңыз, сыртқа шықса да төрт қоршаудың ішінде ойнаса оның ой-өрісі қалай дамымақ? Бала бала болып ойнау керек. Дүниетанымын ашу үшін өзіне қызықты нәрсеге еліту керек. Бірақ біз бағын байлап қойған жоқпыз ба?!
Қоршауда өскен бала ертең сыртқы ортаны жат қабылдайды. Жасқаншақ болады. Көшенің тәртібін, даланың заңдылығын көрмеген баладан не талап етесіз. Оның көргені «төртбұрыш» қана ғой.
Балаңызды жаныңызда ұстап, оны өмір сүруге үйрете алмайсыз. Қолыңыздан келсе тауға, бауға, ауылға апарыңыз. Табиғатпен етене байланыста өскен ұрпақтың ертеңі үміт күттіреді. Жұмысбастылық кез келген адамның басында бар. Бірақ ең басты міндетіміз ұрпақ өсіру екенін естен шығармаңыз. Қалада тұруға жұмыс бабы мәжбүрлейтін жағдай болса немесе қаланың азаматы болсаңыз, тас өмірден сәл алыстау жерден бау-бақшалы үй салыңыз. Кейін апта сайын 2-3 рет балаңызды ертіп барыңыз. Көрсін, білсін. Бала күнінен тас ұстап, тас қабырға көріп ержеткен балаңыз, даланың нәзік нотасына қосыла алмайды. Өмірді қараңғы әрі қауіпті етіп көрсетпеңіз.
Егер балаңыз ақылды, ойлау қабілеті биік, көзқарасы кең болсын десеңіз қоршаудан шығыңыз.
М. Ақан