- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Бала тәрбиесі: қоғамдық...
Бала тәрбиесі: қоғамдық орындарда өзін ұстауға үйрету
Бала болған соң тентек болмай, жыламай тұрмайды. Алайда автобуста, пойызда жұрт ұйықтап жатқанда еркелеп жылап, мазаны алатын балалар ешкімге ұнамайды. Дүкенде айтқан затын алып бермей қойса, жата қалып жылайтын балалар да бар. Оларды қалай тәртіпке салуға болады?
Балаға әр жерде әртүрлі тәртіппен жүру керегін түсіндіріңіз. Үйде айқайлап, шулап ойнауына рұқсат ететін болсаңыз, ал сыртқа шыққанда қатты дауыс шығаруға болмайтынын, басқа адамдар ренжитінін түсіндіріп айтыңыз.
Ата-ана баланы сыпайылыққа үйретуі тиіс. Мұны ойын түрінде жүзеге асыруға да болады. Бұл оңай ережелерді тез үйреніп алуға арналған арнайы ойын әдістері, балаларға арналған кітаптар бар.
Балаға ескерту жасағанда оның шамына тимейтіндей етіп, жұқалап жеткізіңіз. Бала сіз сызған сызықтан шығып кеткенде қолданатын «сиқырлы сөз» ойлап табыңыз. Тек бұл сөз оны басқалардың алдында ұялтатындай болмауы керек. Жұрт көзінше табалаған үлкендердің өзіне ұнамайды, ал баланың кішкене жүрегін өзіңіз ойлап көріңіз. Сөзіңіздің пайдасынан зияны көп болып жүрмесін.
Егер ата-анасы баласын ұзақ жолға алып шығатын болса, алдын ала дайындағаны дұрыс. Реті келсе, ойнауына, өзін еркін ұстауына көбірек уақыт бөлгені жөн, алдағы уақытта біраз уақыт бір орыннан қозғалмай отыруға тура келетінін түсіндіру.
Баланың іші пысып, жабырқамас үшін, оны алаңдататын сүйікті ойыншығын өзіңізбен үнемі алып жүру керек.
Мысалы көлікке мінерде аяғы лас болып қалса, ол үшін көпшілік көзінше ұрсудың қажеті жоқ. Жай ғана адамдарға кедергі келтірмейтіндей орын тауып отырыңыз.
Балаңыздың мүмкіндіктеріне көңіл бөліңіз. Балалар шудан, көпшілік жиналған жерден, ұзақ жолда жүруден тез шаршайды. Сол себепті өзін өзі басқара алмай, түрлі қылық шығара бастайды. Балаңызды басқа балалармен салыстырып, неге үш сағаттық цирк қойылымына шыдамайды, неге жұрттың баласы сияқты бірнеше сағат әткеншекте ойнауға шыдамы жетпейді деп налудың қажеті жоқ. Қайта өзіңіз балаңызға қуаныш сыйлайтын, өзіңізге қарағанда сол көбірек шаттанатын жерлерге барыңыз.
Бала қоғамдық орындарда шуламас үшін оның назарын басқа нәрселерге аударып отырыңыз. Онымен әңгіме айтыңыз не басқа ермек ойлап табыңыз. Ол үнемі бір нәрсемен айналысып отырса, артық қадамға бармайды. Мысалы дүкенге барған кезде «Анау сусынды ала қойшы», «мынау сүттің жарамдылық мерзіміне қарап алу керек», «бұл жеміс осындай жерде өседі», «мына нан бізге көп еңбекпен келеді» деп сөйлеп жүрсеңіз, ол сізді тыңдаудан артық тентектікке «қолы босамайды» әрі білмегенін үйретіп, танымын арттыра түсесіз.
Бала сыпайы, тәртіпті болып өсуі үшін, ең алдымен өз тәртібіңізге, өзіңізді ұстауыңызға, адамдармен араласуыңызға мән беріңіз. Қоғамдық көлікте болмашы әрекетке бола басқалармен ұрысып, бет жыртысып жатсаңыз, тіпті тілі шықпаған, есін білмейтін баланың өзі бұл әрекетті өзіне қабылдайды.
@. @assel_assanova