- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Бала тәрбиелеуде жіберілген...
Бала тәрбиелеуде жіберілген қателіктерді қалай түзеуге болады?
Баласын тәрбиелеу кезінде қате жіберіп, оны қалай түзететіндігін білмейтін ата-аналарға немесе қателік жібергісі келмейтін жас ата-аналарға арналған бірнеше кеңес ұсынамыз.
Неліктен бала тәрбиелеуде қате жібереміз?
Барлық ата-ана қателік жібереді. Баласын тәрбиелеуде бірде-бір қате жібермеген ата-ана жоқ. Оның бірнеше себебі бар:
1. Бала тәрбиелеу туралы білімнің жоқтығы. Бізді мектепте, университетте көп нәрсеге үйреткенімен, ешкім бала тәрбиелеу туралы нақты білім берген жоқ. Сондықтан әркім өз білгенінше немесе көргені бойынша тәрбиелейді.
2. Шаршау. Әсіресе, бірнеше бала болса, шаршаған ата-ана баланың бүгін шығарған тағы бір қылығын, еркелігін немесе мінезін көтере алмайды.
3. Жағдайды жылдам өзгерткісі келу. Жағдайдың жылдам әрі лезде өзгергенін қалап, балаға қалай ұрысқанымызды, айқайлағанымызды байқамаймыз.
4. Күту мен шындықтың сәйкессіздігі. Балалар біз ойлағандай емес, басқа болатындығын ешкім айтпайды. Адам болашақ баласының қандай болатындығын, қалай әрекет ететіндігін ішінде ойлап жүреді, ал баласының негізгі болмысы басқаша болып шығады. Сөйтіп, ішкі қақтығыс пайда болады. Сіз әркез баладан өзіңіздің ойлағаныңызды күтіп, оны әрдайым түзетіп отырасыз, тоқтатасыз, олай еместігін айтасыз және жөндейсіз.
Егер балаңызды "мен қазір кетемін, сен қаласың" деп жиі қорқытып, ол сол сөзден кейін қатты жыласа, жиі ұрсып, ұрған болсаңыз, онымен өте қатал болсаңыз, ереже бойынша бала қорқа бастайды. Сізге деген сенім бұзылады. Ол келесі секундта сізден не күтуге болатындығын білмейді немесе керісінше, сізден не күтуге болатындығын жақсы білетіндіктен, ол сізге сенбейді. ата-анасы оны жақсы көретіндігіне де сенбейді. Сондықтан араңызда жылы қатынас болмайды. Ол өскенде сізге жиі қонаққа келмейді, жай жағдайыңызды білу үшін телефон соқпайды. Ол сізден алшақ кетуге асығады (мысалы, жігіттер басқа қалаға оқуға түсуге, қыздар жылдам күйеуге шығуға), қысымыңызды сезбей, өз білгенінше өмір сүруге тырысады.
Кей балалар "сынып", барынша ерте қашып кетуге тырысса, басқалары қарсы тұрады. Сіз оған қысым көрсетсеңіз, ол қарсылық білдіреді. Сөйтіп, балада әр нәрсеге (жақсыға да, жаманға да) қарсы тұру қабілеті пайда болады. Жақсы нәрсе айтсаңыз да, қарсы тұрады және барлығын кері істейді. Оның да бала өміріне келтірер зияны көп.
Жіберілген қателікті түзетуге бола ма?
Егер өз қателігіңізді түсініп, барлығын түзетуге бел бусаңыз, кез келген қатынасты қай уақытта болмасын өзгертуге болатындығын ұмытпаңыз. Қателікті түзетуге арналған 3 қадам:
1. Нені өзгерткіңіз келетіндігін ұғыну. Қандай қатынасты қалайсыз? Оны өзіңіз ойластырыңыз. Жай "жақсы қатынасты қалаймын" дей салмай, барлығын егжей-тегжейлі ойластырыңыз. Мысалы, әр күні жылулық пен махаббат алу, түсінушілік пен серіктестікте болу, баламмен сөйлесуден рақат пен ләззат алғым келеді және т.б.
2. Баланы өзгертуді тоқтатыңыз, өзіңізді өзгертуді бастаңыз. Осы уақытқа дейін оны өзгертуге тырысып көрдіңіз, ештеңе шықпады. ендеше, кезек өзіңізге келді.
3. Әрекет жоспарын құрыңыз. Өз-өзіңізді тәртіпке келтіру мен үлкен ынтаның арқасында өзгеруге болады. Алдыңыздан талай қызықтырғыш нәрселер өтеді, соның барлығына шыдап, өз-өзіңізді ұстап үйрену керексіз. Мысалы, "бүгін өзімді ұстайтын жағдайда емеспін, қатты шаршадым" дегіңіз келетін сәттер болады, бірақ өзгеруді қолға аламын десеңіз, шыдау керек болады.
Өмірімізге өзгерістерді қалай енгіземіз?
1. Ескертулер жазып қойыңыз. Ұялы телефон бетіне, бөлмеңіздегі қабырғаға "Мен баламды жақсы көремін! Бәріне шыдаймын! Өзгеремін! Сабыр!" деген секілді сөздер жазып қойыңыз. Әрине, адам болғасын шаршаймыз, оның үстіне үйге дейінгі жолда басқа адамның көңіл күйі әсер етеді. Соның барлығы жиналып, үйге келгенде жақсы көретін балаларыңызға шығады. Болмайтын нәрсе үшін ұрса бастайсыз, тамақтарын тез ішіп, орындарынан тұрғанын қалайсыз. Сондай уақытта ескертуге қараңыз да, төбеге қарап 40 секунд тұрыңыз, содан соң басыңызды түсіріңіз. Бетіңізді суық сумен жуыңыз, айнаға қарап өз-өзіңізге келіңіз. Содан соң ғана жақсы көңіл күймен балаларыңыздың алдына барыңыз.
2. Балаларыңызға немесе күйеуіңізге көңіл күйіңіз жоқ кезде айтуларын өтініңіз. "Анашым, бүгін ашулысың ғой" деген сөзді естіген жағымсыз, бірақ көмегі тиеді. Себебі сіз ашу үстінде ештеңе байқамайсыз, ал біреу ескерткенде одан сайын жынданбай, "маған 10 минут уақыт беріңдер" деп, бөлмеңізге кетіңіз. Кішкене жатыңыз, бетіңізді жуыңыз, айнаға қараңыз да "балаларым жұмыстан шаршап келген ананы көргендерін қаламаймын, оларды қатты жақсы көретін ананы көргенін қалаймын" деп шашыңыз бен бет әлпетіңізді дұрыстап, қайта оралыңыз. Сол кезде бәрі өзгеретіндігін байқайсыз. Жаңа ғана жүйкеңізге тиген нәрсенің ештеңеге тұрмайтынын көресіз.
3. Не істеу керектігін білмесеңіз, тоқтаңыз. Қандай да бір жағдайда не істесеңіз де келіспейді, бала естімейді, оған ашуланасыз, ренжисіз, өзіңізді күшсіз қалғандай сезінесіз. "Тағы не істеймін" деп мазасызданбай, тоқтаңыз. Әйтпесе, оның орнына мәселені шешіп беремін деп, тағы бір қателік жібересіз, содан соң тағы өкінесіз.
4. Кешірім сұрауға асықпаңыз, өзгеруге асығыңыз. Балаға қатты айқайлап, ұрғаннан кейін біраз уақыт өткен соң өзіңізді кінәлі сезініп, кешірім сұрағыңыз келеді. Кешірім сұрау жүйесі бізді үйреткендей оңай емес. Оны "ұрдыңыз-кешірім сұрадыңыз, ұрдыңыз-кешірім сұрадыңыз", яғни қайталана бергендіктен, оның түк пайдасы жоқ."Кешір" сөзінің мәні кетеді. Оның орнына өзіңіз өзгеруге тырысыңыз, бірден ашуланбаңыз, өзгеруге көп уақыт кететіндігін ұмытпаңыз. Содан соң бала өскен кезде әлі де іштей өзіңізді қандай да бір әрекетіңіз үшін кінәлі сезініп, кешірім сұрағыңыз келсе, бір-ақ рет шынайы, жүрегіңізбен кешірім сұраңыз. "Кешір! Мен ол кезде не істерімді білмедім" деп бір рет айтыңыз да, ол әрекетіңізді ешқашан қайталамаңыз. Егер бұл уақытта қатынастарыңыз жақсы болса, балаңыз "анашым (әкешім), ештеңе етпейді, өтіп кетті, мен сізді жақсы көремін" деп айтады. Міне, осы бағытқа қарай қозғалып, өзгеруге барынша тырысыңыз.
А. Жапатова