Сурет салу балдырғандар үшін қарапайым ермек емес. Салған суреттерінен баланың психолгиясын, жай-күйін аңғаруға болады. Қоршаған ортасына деген пікірін, ойын сол суреттерімен көрсете алады. Ал сіз балаңыздың немесе кішкентай бауырыңыздың өнерін қалай бағалайсыз?
Әр бала – болашақ тұлға. Олардың да айтар өзіндік пікірі, көзқарасы бар. Салған суреттері сараптаманы қажет етеді. Дегенмен психолог-педиатрлар барлық балаға тән ортақ ұқсастықтар барын анықтаған және оларға ерекше мән беруді ұсынады.
Суретте баланың өзін-өзі бейнелеуі
Баланың суретте өзін-өзі бейнелеуі оның отбасы мүшелерімен және қоршаған адамдармен қарым-қатынасын білдіреді.
− Егер бала суретте өзін басқалардан үлкен етіп бейнелесе, бұл өзін асыра бағалайтынын білдіреді.
− Бала өзін ашық позада бейнелесе (қолы құшақ жая тұрғандай, дене пішіні шеңбер тәрізді), ондай балалар ақкөңіл, мейірімді болғаны.
− Ал бала өзін жабық позада бейнелесе (дене пішіні сызық немесе тік төртбұрыш тәрізді, қол-аяқтары төмен қарап тұр), ондай бала тұйық мінезді, ұялшақ болуы мүмкін. Адамдармен тіл табысуы қиын.
− Суреттегі ұсақ бөлшектер де бала туралы ақпарат берді. Мысалы, көйлектің оюына дейін салатын балалар ұсақ нәрселерді бейнелеу арқылы ата-анасының назарын өзіне аударғысы келеді.
− Егер бала өзін өзгелерден өте алшақ салса, не мүлде салуды ұмытып кетсе, мұның астарында алаңдауға тұрарлық күйзеліс жатуы мүмкін. Ондай жағдай балақай өзін жалғыз сезінгенде, жабырқап жүргенде көрініс табады.
Өзгелерді суреттеу
Баланың туыстарымен не достарымен қарым-қатынасын суреттегі бейнелері арқылы түсінуге болады. Мысалы, бала сурет салған сайын белгілі бір жақын адамды ұмыт қалдырса немесе барлық адамдарды бояп, сол адамды боямай кетсе, бұл – қауіпті белгі: бала үшін бұл − кек алудың бір түрі.
Ашу белгілері
Суреттегі агрессия белгілері (жұдырық, азу тістер, өткір нәрселер, т.б.) оның өшпенділікке бейімділігін, сонымен қатар, өзін-өзі қорғау қажетігін білдіреді. Бұл жағдайда баламен асықпай сөйлесіп, баланың кімнен қорқып немесе қорғанып жүргенін анықтап алған жөн.
Қорқу және сенбеу белгілері
Баланың суреті оның қарым-қатынасынан басқа, өзінің қорқынышы туралы да көп ақпарат бере алады:
− Баланың суретінде түзетулер көп болса немесе өшіріп, қайта салса, ол отбасындағы жағдайдың нашар екенін көрсетеді. Қайта өшіріп, қайта салу қорқыныш, үрей сезімінің нәтижесі болуы мүмкін. Шартты сызықтар, нақты контуры жоқ суреттер де соның бейнесі деп түсініңіз.
− Суреттегі адамдардың көзі тым үлкен болып бейнеленсе, ол баланың қорқыныш сезімін білдіреді.
− Егер суреттің сызықтары әлсіз, әрең көрінетін болса, бұл бала ата-анасының махаббатын толық сезінбей, қателесуден қорқуының белгісі.
Баланың әр ісіне, қылығына, сөзіне мән берсеңіз, көп нәрсе ашылары сөзсіз. Сіз де осы айтылғандарға тәжірибе жасап көріңіз.