- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Бала психологиясы: кенже...
Бала психологиясы: кенже бала
Ата-ана барлық баласын бірдей жақсы көреді, алайда мұны кейде іс жүзінде көрсете алмай қалып та жатады. Кенже балалар мен тұңғыш балалар ғана өзін ерекше жақсы көреді деп ойлауы мүмкін. Мұндай жағдайды болдырмас үшін ата-ана барынша балаларға әділ болып, махаббаты мен көңілін теңдей бөлуі керек. Олардың мінездері, өмірге көзқарасы ата-анасының мейіріміне, отбасында нешінші болып дүниеге келгеніне байланысты.
Кенже балалардың ең басты ерекшелігі – еркелігі. Өзінен кейін перзент болмаған соң оның ерке болуы заңды. Өсе келе тағдырдың тар жолына түсіп, қиындық көрмесе, шолжаң, бірбеткей, ештеңенің байыбына бармайтын, мінезі өмір бойы сақталуы мүмкін.
Оның бауырларына ата-анасы «Бұл кішкентай ғой, бере ғой», «Сен үлкенсің ғой, айтқанын орындай ғой» деп, қалауының барлығын орындап өсіргеннен кейін өмірде басқа адамдардан да осындай қадам күтеді. Барлық жерде өзінің дегені болуы керек.
Кенже балалар ерекше ақылды болады. Тіпті жоғары білімі болмаса да, бірнеше дипломы барларға қарағанда деңгейі биік тұруы мүмкін. Оған себеп: ата-анасы бала тәрбиесіне қатысты біраз тәжірибе жинап, ақыл тоқтатқан жасында дүниеге келуі.
Әке-шешесі алдыңғы балаларына «болмайды», «жаман болады», «жұрт не дейді» дегенді көп айтса, соңғы балаларына келгенде қақпайлай беру қате екенін түсінеді. Сондықтан бала да еркін болып, өзін кез келген ортада қысылмай-қымтырылмай ұстайды. Өзіне деген сенімділігі жоғары болады.
Еркіндік ой еркіндігін де туғызады. Ойына келгенді бірден айта салады. Бұл аузына келгенді айтып, ойланбай сөйлейді деген сөз емес. Алайда «біреу ренжіп қалады-ау» деген ойға қарағанда, «көзқарасымды білдіріп, шындықты бетке айтуым керек» деген пікірі басым тұрады.
Олар өзіне тиесілі нәрсеге қалайда қолы жететінін біледі. Сол себепті тыраштанып, біреудікіне көз тігуді, таласуды ойлай бермейді. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген мәтел де оларға аса келіңкіремейді. Өмірде қулық-сұмдықпен ісі жоқ, аздап аңқаулау болады. Дегенмен қолындағысынан айырылмайды, ешкімге есесін де жібермейді.
Бір жаман жері – үйдегі көп тірлік өзінің мойнында. «Үйдің кішісі болғанша, иттің күшігі бол» деген бар. «Анау тұрғанды алып берші», «барып келші», «алып келші» деген сөздердің барлығы өзіне бағытталады. Оның жақсы жағы – өскенде өзінен өзі еңбекқор адам боп шыға келеді.
Еркін, ашық, бойында комплекстер болмағандықтан, кез келген адаммен әңгімесі жарасады, барлығымен бірдей тез тіл табысып кетеді. Әсіресе, екі баланың кенжесі емес, көп балалы үйде өскен кенжетайлар басқалармен ортақ тіл табыса алмайтындарды мүлде түсіне алмайды.
Тұңғыш баланың пікірі
Томирис Есқали: Үйдің кенжелері ерке болады. Ол – анық. Одан бөлек, олардың еркін болатынын байқадым. Үйдің үлкендері ата-анамен еркін әңгімелесе алмаса, кішкентайлары ылғи өз ойларын ашық айтады. Олардың бойында «маған бұйырмай қалады-ау» деген қорқыныш болмайтын секілді. Өйткені, олар алдындағы балаларға сенеді. Сонымен қатар, олар ата-анаға жақынырақ болады. Қанша дегенмен, әкелік махаббат, ата-ананың сезімі бір-екі баладан соң оянады ғой. Олар пысық әрі шешімді тез қабылдайтын секілді және таңдау еркіндігі үлкендерге қарағанда басым болмақ.
Үйдің кенжесінің пікірі
Дария Оразымбет: Үйдің кенжесі болған рахат қой. Барлығының назары өзіңде болады. Қалаған нәрсеңді алып береді. Аға-әпкелерің, жезделерің де өз балаларынан кем көрмей, аса қамқор болып жүреді. Неше жасқа келсең де еркелететеді. Өз бетіңмен өсіреді. Үйдің кішісі боп туғаныма қуанамын.
Психолог пікірі
Ханым Орынбаева: Кенжетайлар әдетте өте ерке, қыңыр, өз айтқанынан қайтпайтын бірбеткей болады. Оларда эгоистік қасиет те басымырақ. Себебі үйдің кенжесі өмірге келерде барлығы оны асыға күтеді. Өмірге келгеннен бастап аяғын жерге тигізбей, барлығы еркелетіп, дегенін істейді. Олар барлық адам менің айтқаныммен жүруі керек не менің дегенім болады деген қағидамен өмір сүреді. Әрдайым өздеріне сенімді болады. Себебі бауырларынан күш алады. Өзінен үлкен аға-әпкелеріне арқа сүйейді.
Ал сіз үйде нешінші баласыз?
@. @assel_assanova