Жаңа туған сәбидің сөйлейтін тілі бола ма? Егер болмайды десеңіз, онда қателесесіз. Қандай да бір қажеттілік туғанда сәбидің қолданатын тілі – жылау. Бала мазасыздығын жылау арқылы білдіреді. Ол – ештеңеге шамасы келмейтін, тым әлсіз, әлжуаз жас сәбиге жасалған жаратушының рақымы.
Сәбидің өз өмірін іңгәлап бастауында зор мән бар. Өйткені осы жылаудың арқасында сәбидің өкпесі ашылып, тыныс алуы әрі жүректің жұмыс жасауы жақсарады. Сол себепті өмірге жаңа келген сәби міндетті түрде жылауы тиіс. Сәбилердің 70-80% туа салысымен өздігінен жылайды. Егер жыламаса, арқасын сипап, аяқ-қолынан қағу арқылы баланы жылату керек.
Бетез Ұлттық денсаулық сақтау институтында (АҚШ, Мэриленд штаты) жүргізілген зерттеу нәтижесінде өте көп жылайтын әрі бір жастан асқанда өте көп шыңғыратын балаларда физикалық әрі психолгиялық ауытқушылықтар жиі кездесетіндігі анықталған. Сол себепті мамандар кейде ата-анасы қалай жұбатса да көнбей, көп жылаған балаларды педиатрға қаратқан жөн деген кеңес береді. Жылаған балалар көбіне қолға алып құшақтағанда жұбанады. Бұл кездейсоқтық емес. Жатырдағы соңғы төрт айын анасының жүрек дүрсілін естумен өткізген сәби кейіннен сол жүректің дүрсілін естімеген уақытта мазасыздана бастайды. Қолға алынғанда, естіген жүрек дүрсілі оны қайта тыныштандырады. Ондай да сәби өзін қауіпсіз сезінеді. Сол себепті бала жылаған уақытта оны жұбату үшін алдымен қолға көтерген дұрыс.
Емізу немесе тербету де – баланы жұбатуда өте жақсы әдіс. Үш айдан асқанда анасының сөйлеген сөздеріне бала жұбана бастайды. Төрт айлығында бала көрген қызылды-жасылды нәрселерге, ойыншықтар мен естігендеріне алдана бастайды. Сәби сүтке тойған күннің өзінде қыңқылдап жыласа, онда шешесінен мейірім мен жан жылуын күткені деп ұққан дұрыс. Сүт оның материалдық қорегі болса, оған көрсетілген мейірім рухани қорегі болып табылады.
Байқасаңыз, бала әркелкі жылайды. Кейде ызаланғанда бақырып, қатты жылайды. Тәжірбиесі мол әйелдер жылаған дауысына қарап-ақ баланың не сұрап тұрғанын біле қояды. Өйткені жылау – бала мен ана арасындағы құпия тілдесу. Бір қызығы, бала қаншалықты алыста болса да арадағы телепатия арқылы шешесі оның мазасызданғанын немесе ашыққанын сезе алады. Ұйқысы қатты әйелдердің баласының жылауына қалай оянатыны да тылсым жұмбақ. Үйлеріңізден сәбидің жылаған үні емес, cәбидің шат күлкісі естіле берсін!
Дереккөз: anabol.kz