Бала тәрбиесі дегеніміздің өзі – үлкен ғылым. Өткен замандарда ғұмыр кешкен талай ойшыл-ғалымдарымыз тәрбие мәселесін айналып өтпей, тереңірек мән берген. «Балаға ең бірінші тәрбие беру керек…» деп әл-Фараби бабамыз айтса, ағылшын философы Джон Локк баланың санасын ақ параққа теңеген. Алғашқы әріпті түсірерде жүз ойланып толғану керектігін баса айтқан. Ал орыс педагогі А.С.Макаренконың еңбектері тіпті қызық. Көптеген сауалдарға еңбектерін оқи отырып жауап тапқандай боласың. «Баланы жас кезінде, әсіресе, бес жасқа дейін дұрыс тәрбиелей білу керек. Оның келешекте қандай адам болып қалыптасатындығы осыған байланысты. Бес жасқа дейін дұрыс тәрбие бере алмасаңыз, кейін оны қайта тәрбиелеуге тура келеді. Ал қайта тәрбиелеу – өте қиын іс» дейді орыс ғалымы. Отбасы тәрбиесіне педагог-ғалымдарымыздың ерекше мән беріп жүргендігінің мәнісі де осында жатса керек.
Баланың бақыты – жақсы ата-ананың қолында. Ата-ана баланы қалай тәрбиелесе, бала соған бейімделеді. Бірқатар мектептерде, соның ішінде Алматы қаласындағы М.Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназияда «Ата-ана – ұстаз – оқушы» үштігі бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл үштіктің бірлесе жұмыс істеуі назар аударарлық жайт. Аталмыш мектеп-гимназия еліміздегі үздіктер қатарынан көрініп келе жатқандығы осы аталған үштіктің бірлестікте жұмыс істеуінің нәтижесінде жүзеге асқандығын баса айтуымыз керек. Біз көбінесе мектеп жетістігін айтқанда ата-аналардың еңбектерін ұмыт қалдырамыз. Бұл, әрине, дұрыс емес. Оқу-тәрбие үрдісінде оң нәтижеге жетуде ата-аналардың қолдауы шешуші мәнге ие болып жатады. Сабақтан тыс тәрбие сағаттарына ата-аналарды тартып, оларды мектепішілік түрлі шараларға, мерекелік кештерге, педагогикалық кеңестерге жұмылдыру – өз кезегінде елеулі табыстарға жетуіне септігі тиетіндігін тәжірибе көрсетіп отыр. Ақын атындағы мектеп осының жарқын үлгісі бола алады.
Әрбір ата-ана мектеппен, сынып жетекшілерімен тығыз қарым-қатынас орнатпайынша, бала тәрбиесі болсын, оқыту мәселесінде болсын, біраз қиындыққа кезігуі әбден мүмкін. Ұстаз бен ата-ана қоян-қолтық бірлесе жұмыс жасаса, бала бойында жақсы қасиеттерді қалыптастыруға, жасырын жатқан қырларын, қабілеттерін ашуға үлкен мүмкіндік туатындығы аян. Несін жасырамыз, біраз ата-аналарымыз бала тәрбиесіне келгенде салғырттық танытып, бар жауапкершілікті мұғалімдерге артып қойып жатады. Баласының ішкі жан дүниесін, мінезін, дүниетанымымен бірге баланы не қызықтыратынын, қайда барып, немен шұғылданғысы келетінін біле бермейді. Мектепте оқушылардың ұйымдастыруымен өтетін көптеген игілікті іс-шараларда өнерімен танылып жүрген балалардың аналары, әкелері келіп қолдау көрсетіп, қуанышымен бөлісіп жатса, қандай жарасымды. Өкініштісі сол, бұндай жарасымды сәттердің өте аз болып жататындығында.
Өз қуанышын балаларынан, отбасынан тыс жерден іздейтін аналардың, әкелердің жағымсыз іс-әрекеттерін көріп, «әттеген-ай» дейтін кездер аз болған жоқ. Ата-ана мұғалімнен кеңес алып, баласының жағдайын біліп тұрса, мектепке жиі келіп, сынып жетекшілерімен, пән мұғалімдерімен ақылдасып тұрса, мәдениеттіліктің, көрегенділіктің, қала берді өз баласына деген сүйіспеншіліктің белгісі болар еді. Алайда кейбір ата-ананы тоқсандыққа емес, жыл бойы көрмей кетесің. Бірнеше жылдық ұстаздық тәжірибесі бар адам ретінде бұндай жағдайлардың бастан көптеп өткендігін несіне жасырамын. Бір қарағанда, мақсатымыз бір сияқты, тілегіміз де сондай секілді, алайда іс-әрекетіміз әр басқа болып жататындығына таңым бар. Мұғалімге деген құрметті ата-ана өз тарапынан көрсетпесе, қасиетті білім ордасы – мектепті қастерлеуге үйретпесе, ана тілінде сөйлеп, ана тілінде ойлауға дағдыландырмаса, қазақы әдепке баулымаса, онда жас өскін-баладан келешекте «елім десе – еміренетін» ұлтжанды азамат өсіп шығуы мүмкін бе?! Кез келген ата-ана өз ұрпағына жамандық ойламайтындығы анық қой. Болашақта ынтымағы жарасқан, берекелі қоғамда өмір сүргенін қалайды. Алайда көп ата-аналардың бүгінгі беталысына қарап, ортақ мақсатқа деген қам-қарекеттің белгісін көрмей жатамыз.
Әрбір ата-ана баласының тәртіпті, кішіпейіл, еңбекке, өнерге бейім болып өсуіне жастайынан ықпал еткені дұрыс. «Атаңның емес, адамның баласы бол» деп Абай бекер айтпаса керек. Жасөспірім ата-анасына қаншалықты сүйікті болса, қымбат болса, қоғамға да соншалықты қымбат. Баланың жақсы өнеге, тәлім алуына, ізгі қасиеттердің бәрін бойына бала кезінен бастап жинауына, өмірде кездесетін кеселді, кертартпа ғұрып, бөтен салттарды айыра білуіне, саналы, мәдениетті ұрпақ өсуіне көңіл аудару мұғалімдермен қоса ата-аналардың да, қала берді жалпы қоғамның да парызы. Ұлтжандылық қасиет пен адамгершілік сана қалыптастыру, Отан, туған жер, Атамекен десе, елең етіп тұратын жас ұрпақ өсіру – еліміздегі әр азаматтың, әр отбасының міндеті. Демек, отбасы мен мектеп күш-қайратын жұмылдыру арқылы тәуелсіз Қазақстанның келешек азаматтарын тәрбиелеу мәселесінде өздеріне артылған міндетті абыроймен атқарып шыға алады.
Автор: Қанат Едігетегі
Дереккөз: Ана тілі