- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Бала ауруына қатысты...
Бала ауруына қатысты 5 жалған пікір
Кез келген адам өзі ауырса да, баласы ауырса да әдетте халық еміне жүгінеді. Олардың арасында шынымен адам ағзасына пайдасын тигізетін түрлері жетерлік. Бірақ дәрігерлер кей кеңестерді қолданбауға кеңес береді.
1. Жоғары температураны түсіру
Жоғары температура ағзаның вирустармен жақсы күресуіне ықпал етеді. 38,5 градусқа дейінгі температура адам денсаулығына әсер ететін патологиялық фактор бола алмайды. Баланың жағдайына қарай 38,5 градусқа дейінгі температураны дәрімен түсірмей, ағзасының онымен күрескенін күтуге болады. Бірақ одан жоғары температура бала ағзасына қауіпті, сондықтан бұл кезде қызу түсіретін дәрі беріп, дәрігер шақыру керек.
2. Қызуы көтерілген баланы терлету үшін орап тастау керек
Біреулер адам терлесе, барлық вирустар термен бірге сыртқа шығып, ол жылдам жазылады деп ойлайды. Бірақ қызуы бар адамды одан сайын қабаттап жауып тастасаңыз, ағзаның жылуды реттеу процесін бұзып аласыз. Температурасы өте жоғары баланы, керісінше, салқындату қажет. Кей жағдайда оны шешіндіріп, үстін суықтау сумен сүртіп шығу керек болады.
3. Вирус адам ағзасында үш күн белсенді болады
Мұндай пікір қайдан шыққаны белгісіз. Бұл тақырыпқа байланысты ешқандай зерттеу жоқ. Адам ағзасындағы вирус 2 күннен 5 күнге дейін белсенді болуы мүмкін. Нақты уақыты анықталмаған. Сондықтан балаңыздың ауырғанына 3 күн болып, бірақ толықтай жазылмаса, оны қонаққа немесе адам көп жерге апармауға тырысыңыз.
4. Антибиотик ішу қауіпті
Кей аурулар антибиотиксіз емделмейді. Ауырып жатқан балаға антибиотик бермеу арқылы оның ауруын одан сайын асқындырып алуыңыз әбден мүмкін. Бірақ антибиотикті тек дәрігердің тағайындауымен алу керек. Дәрігерлердің көпшілігі дәріханалар антибиотикті тек рецептімен сатуды қолға алғанын қалайды.
5. Тамағы ауырған балаға міндетті түрде сүт беру керек
Адамдардың көбі сүт емдік қасиетке ие екеніне сенеді және оны ұрпақтан ұрпаққа таратып келеді. Әрине, сүтте пайдалы компоненттер бар. Тамақ ауырған кезде бала жылы сұйықтық ішуі қажет. Алайда ол міндетті түрде сүт болуы керек деген қате пікір. Ол шай, қарапайым жылы су, компот және т.б болуы мүмкін. Сондықтан балаңыз сүтті жақсы көрмесе, тамағын емдеймін деп оны қинап ішкізудің қажеті жоқ.