Темір жетіспеушілігіне дұрыс тамақтанбау, жиі қан жоғалту (мысалы, қан тамырлар патологиясы себебінен) және ағзаның темірді сіңіруге қабілетсіздігі себеп болады. Бұл микроэлемент деңгейін баланың кішкентай кезінен бастап бақылау маңызды. Себебі оның ағзаға жетіспеуі бала дамуын баяулатуы мүмкін. Бала ағзасына темір жетіспеуі несімен қауіпті?
Темір жетіспесе, гемоглобиннің — оттекті органдар мен тіндерге таситын ақуыздың түзілу процесі бұзылады. Ол ағзаның тіршілік әрекетін ұстап тұруға қажет: өсу, қозғалу, тамақтану және басқа да процестер. Одан бөлек темір калорияны энергияға қайта өңдеуге және тіпті уыттармен күресуге жауап береді. Балалар ересектерге қарағанда темірдің көп мөлшерін қажет етеді. Себебі өсу кезінде кез келген пайдалы заттар жылдам жұмсалады. Микроэлементтің тәуліктік нормасы бала жасына, жынысына, өмір сүру салтына және денсаулық жағдайына қарай ұсынылады. Ағзаға темір жетіспеуін тек қан анализі арқылы анықтауға болады.
Бұл микроэлементтің төмен көрсеткіші баланың хал-жағдайына жағымсыз әсер етеді және келесі салдарларға әкелуі мүмкін.
Өсуі мен дамуының кідіруі
Темір балаға әсіресе 4-5 жасында өте қажет. Бұл жаста темір қантүзілімге, жасушаларды оттекпен қамтамасыз етуге, иммунды жасушаларды синтездеуге, өсіп келе жатқан тіндердің қалыптасуына, холестерин алмасуына және бауырды тазартуға қатысады. Бұл микроэлементтің бала ағзасына жетіспеуі оның өсуі мен дамуының тежелуін шақыруы мүмкін.
Жиі тұмаурату
Темір жетіспеушілігі иммунитетті әлсіретеді. Егер бала немесе ересек жиі тұмауратса, оның қанында осы микроэлементтің деңгейі төмен болуы әбден мүмкін. Себебі эритроциттер оттегіні көкбауырға тасымалдауға көмектеседі. Көкбауырда ағзаға жұқпалармен күресуге көмектесетін арнайы антиденелер синтезделеді. Темір жетіспесе, органдарға оттек жеткізу процесі бұзылады. Сондықтан ағзаның қорғаныш функциясы әлсірейді.
Бозарған тері
Тері түсінің өзгеруі қанайналымның бұзылуымен және қандағы эритроциттер шоғырының азаюымен байланысты. Бұл кезде тек бет терісі ғана емес, сондай-ақ тістің еті немесе төменгі қабақтың іші де бозарып кетуі мүмкін. Мысалы, бала көзін астыға қарай тартып, ішін қарасаңыз, ол қанық қызыл түс емес, ашық алқызыл немесе сарғыш болып тұрады. Мұндай жағдайда бірден қан тапсырып, темір деңгейін анықтаған жөн.
Бас айналу
Логикалық және шығармашылық тапсырмаларды орындау үшін ми көп оттекті қажет етеді. Тыныш күйде ол ағзаға келетін барлық оттек мөлшерінің 25%-ын, ал жұмыс барысында шамамен 1/3 бөлігін қажет етеді. Ағзаға темір жетіспесе, ми тапшылықты сезе бастайды. Бұл ойлануға кедергі келтіріп қана қоймай, бас ауыруы немесе айналуы мүмкін.
Жылдам шаршау
Темір жетіспеуі әлсіздік, ашуланшақтық және қарапайым заттардың өзіне зейін қоя алмаудың себебі бола алады. Рационда көмірсулар көп болса да, ағзаға оттектің және микроэлементтердің жетіспеуі кезінде энергияны алатын жер болмайды.
Жүрек соғысының жиілеуі
Темір деңгейі төмен болса, жүрек әр органға оттегі жеткізу үшін қарқынды жұмыс істейді. Уақыт өте бұл жиіленген жүрек соғысына әкеледі. Ол кейде демікпемен немесе тершеңдікпен қатар жүреді. Егер проблеманы уақытында шешпесе, ол жүректің ишемиялық ауруының немесе жүрек жеткіліксіздігінің себебіне айналуы мүмкін.