"Бақытты отбасы" бағдарламасымен үйді қалай алуға болады?

"Бақытты отбасы" бағдарламасымен үйді қалай алуға болады?
Фото: pixabay.com

Қазақстанда 12 сәуірден бастап "Бақытты отбасы" бағдарламасына өтініш беру басталды. Өтініштер 26 мамырға дейін қабылданады. Өтінішті қалай беру керегін және конкурстан кейін не істеу керегін түсіндіріп өтейік. 

1. Әкімдікте кезекте тұру және бағдарламаға өтініш беру

Бағдарламаға қатысу үшін әуелі әкімдікке кезекке тұрып, отбасы мәртебесін (көпбалалы, толық емес немесе мүгедектігі бар бала асырап отырған отбасы) растайтын құжат алуыңыз керек.

Осыдан кейін "Бақытты отбасы" бағдарламасына өтініш беруіңіз қажет. Өтініш беру үшін:

- Hcsbk.kz сайтына кіруіңіз керек;

- сайттың басты бетінде немесе "Қолжетімді баспана" бөлімінде - "Бақытты отбасы" тармағын таңдап – өтініш жіберу пернесін басыңыз;

- пайда болған терезеде ЖСН және телефон нөмірін енгізу керек;

- өтініш беруді SMS-хабарламада келген кодпен растау қажет;

- өтінішті растағаннан кейін, өтінім нөмірі бар SMS-хабарлама келеді, міндетті түрде сақтап қойыңыз.

Өтініштер 26 мамырға дейін қабылданады.

Бағдарлама бойынша отбасының бір мүшесіне шаққандағы табысы 3,1 ең төменгі күн көріс деңгейінен (106 336,2 теңге) аспауға тиіс.

2. Тұрғын үй құрылыс жинағы туралы келісімшарт бекіту

Келісімшартты "Отбасы банкінің" кез келген бөлімшесінде немесе өзіңізге ыңғайлы уақытта және ыңғайлы жерге келетін кеңесші көмегімен бекітуге болады. Кеңесшіні www.hcsbk.kz сайтындағы "Сіздің кеңесшіңіз" бөлімі арқылы немесе ұялы телефоннан 300 нөміріне хабарласып, шақыра аласыз. Қоңырау шалу тегін.

Келісімшарт бекіту үшін жеке куәлік жеткілікті.

3. Төлем қабілетін бағалаудан өту

Бұл үшін "Отбасы банкіне" келесі құжаттарды тапсыруыңыз керек:

- отбасыңыздың мәртебесін растайтын әкімдік берген құжат;

- кәмелет жасына толған отбасы мүшелерінің жеке куәліктері және балалардың туу туралы куәліктері;

- неке қию немесе неке бұзу туралы куәлік;

- кейінгі 6 ай ішіндегі табысты растайтын құжаттар, оның ішінде ерінің немесе әйелінің, сонымен бірге қажет болған жағдайда қосалқы қарыз алушының атына берілген құжаттар.

Атыңызда несие бар болса, бұл төлем қабілетіңізге әсер етуі мүмкін. Банк басқа несиелер бойынша уақытылы өтелмеген қарыз болса, оларды жабуға кеңес береді. Бастапқы жарнаңыз және төлем қабілетін бағалауға арналған құжаттарыңыз болса, екінші, үшінші және төртінші қадамдарды біріктіре аласыз. Мұны банк бөлімшесінде ғана жасауға болады.

4. Тұрғын үй таңдау

Бұл кезеңде сізге тұрғын үй іздеп, таңдап, кез келген бағалау ұйымы арқылы таңдалған баспананы бағалап, сатушыдан тұрғын үйдің құқық белгілеуші құжаттарының көшірмелерін алу қажет.

Жылжымайтын мүліктің бағалау нәтижелерін және құқық белгілеуші құжаттарды төлем қабілеті расталған күннен бастап үш айдан аспайтын уақыт ішінде тапсыру керек.

5. Қарыз рәсімдеуге мақұлдау алу

Ол үшін сізге жылжымайтын мүліктің бағалау нәтижелерін, құқық белгілеуші құжаттардың көшірмелерін алып, банк бөлімшесіне келіп, қарыз рәсімдеуге және сіз таңдаған үйдің кепілі бойынша мақұлдау алу керек.

6. Бастапқы жарнаны аудару

Ең төменгі бастапқы жарна - қарыз сомасының 10%-і. Ақшаны банк бөлімшелері, интернет-банкинг, "Отбасы банкінің" төлем терминалдары немесе банктің серіктес ұйымдарының интернет-банкингі мен төлем терминалдары арқылы аударуға болады.

Банк кеңесшілері жарна қабылдамайды.

7. Сатушымен сатып алу-сату келісімшартын бекіту

Мақұлдау алған соң сізге нотариуста сатушымен сатып алу-сату келісімшартын бекітіп, жұбайыңыздың кепілге рұқсатын (қажет болған жағдайда) алу керек.

8. Қарыз алу

Банкке жылжымайтын мүліктің сатып алу-сату келісім-шартын және жұбайыңыздың кепілге рұқсатын өткізгенен кейін банк қарыз туралы келісім-шарт бекітіп, Халыққа қызмет көрсету орталығында немесе нотариуста кепілді тіркеу керек. Осыдан соң қарыз беріледі.

Baribar.kz

Қ. Слямбек