- Негізгі бет
- Шаңырақ
- Азық-түлікті сақтау ережелері...
Азық-түлікті сақтау ережелері
Жазда үйдегі азық-түліктердің бұзылу мүмкіндігі өседі. Сондықтан ыстық маусымда олардың дұрыс сақталуына мұқият болу керек. Мысал үшін осындай кезде тоңазытқышыңыз бұзылып не дұрыс істемей қалса, азық-түлік құртылмауы үшін не істеуге болады?
Ет
Етті тоңазытқышсыз-ақ сақтауға болады. Оны қағаз сулықтармен құрғатып сүртіп, бетіне сиыр не қойдың майын жағыңыз. Етті пергамент қағазына орап, салқын жерге іліп қойыңыз.
Басқа тәсілді де қолдануға болады. Етті бірнеше секундқа қайнап тұрған суға салыңыз. Осылайша оның бетінде қабық пайда болады. Артынан етті кептіріп, қалың жіппен орап, жақсы желдетілетін жерде сақтаңыз. Тамаққа қолданғанның алдында еттің қабығын алып, әдеттегідей қуырыңыз не пісіріңіз.
Етті сақтаудың басқа тәсілдері де бар: етті сірке суына малынған матаға орау, немесе қатты тұздалған суға салу. Қандай әдісті қолдансаңыз да, бірінші етті тазалап жууды ұмытпаңыз. Әрине бұл тәсілдердің ешқайсысы да етті өте ұзаққа сақтауға мүмкіндік бермейді.
Тауық еті
Тауық етін сақтау үшін оны тазалап, жуып, сірке суына малынған матамен тығыз ораңыз. Мата кебе бастаса оны қайта сірке суына малып алыңыз. Басқа әдіс бойынша тауық етін жан-жақтан тұзбен жағып, желдетілетін жерге іліп қоюға болады.
Шалғам мен қияр
Осындай көкөністерді бірнеше ай бойы тоңазытқышсыз-ақ сақтауға болады. Ол үшін сабақтарын жоғары қаратып, эмальденген кастрөлге салыңыз. Үстінен суық су құйыңыз. Суды екі күнде бір рет ауыстырып тұру керек.
Шұжық
Шұжықты суықта сақтай алмасаңыз, оны қатты тұздалған суға бірнеше минутқа салыңыз. Шығарып, бетін сүлгімен сүртіңіз. Осылай өңделген шұжықты қараңғы, салқын жерде сақтаңыз.
Сыр
Сыр тоңазытқышта тұрмаса, кеуіп, қатып қалады. Бұның алдын алу үшін, оны тұзды ерітіндіге малынған сулыққа орап сақтаңыз.
Сүт
Сүт ашып кетпеуі үшін, оған бір түйір ас содасын қосып, қайнатып алу керек. Сүтті шыны не саз құмыраларында сақтаған дұрыс. Сыртын сулы матамен орап, ыдысты суға салып қойыңыз. Әрине желдетілетін, салқын жерге қою керек.
Консервілер
Консервілерді ашқан бойда ішіндегі тағамды шыны немесе эмальденген ыдысқа салған дұрыс. Үстінен бір кесек қант салып, бетін қақпақпен берік жауып, оны осылайша 2-3 күн тоңазытқышсыз-ақ сақтауға болады.
Консервіленген қызанақ, томат шырыны мен пастасы тез көгеріп қалады. Осы заттарды ұзаққа сақтаймын десеңіз, бетіне жұқа қабат май құйып қойыңыз.
Балық
Балықты ішек-қарнын тазалап, желбезектерін алып тастау керек. Оны жумастан, қағаз сулықтары көмегімен кептіріп сүртіңіз. Балықтың бетін тұзбен жағып, бірнеше күн тоңазытқышсыз сақтай аласыз.
Балықты ұзақ мерзімге сақтау керек болса, тұзды суды қайнатып, оған сірке суын қосып, балықты суыған осы ерітіндіге салыңыз. 5 күннен кейін дауаны қайталаңыз.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: eva.ru
С. А