Азық-түлікке жұмсайтын қаржыны үнемдеу тәсілдері

Азық-түліктің бағасы күн санап артып жатады, ал біз оған кететін ақшаны үнемдеумен, шығындарды азайтумен әлекпіз. Көп жағдайда арзанын алуға, аз мөлшерде алуға тырысып жатамыз. Ақшаны үнемдеу жағын ойлайтын болсақ, бұл әрекетіміз орынды да. Сонымен, ол  үшін не істеу керек, бірнеше тәсіліне көз жүгіртіп көрелік.  

- Алдымен қаржыңызды есептеп алыңыз. Дүкенге жұмсайтын ең жоғары деген соманы шығарып қойыңыз. Нақты жоспар, нақты қаржы артық шығынға ұшыраудың алдын алады.

- Қажетті заттардың тізімін міндетті түрде жазып алыңыз. Және бірінші кезекте соларды алуға тырысыңыз. Бұл қажетсіз, артық заттарды сатып алып, көп қаржы жұмсауыңызға кедергі болады.

- Дүкенде көрсетілген жеңілдіктерге назар аударыңыз. Біз көбінде оларға аса мән бермейміз. Дегенмен жеңілдіктердің де ақша үнемдеуге көмегі тиеді.

- Тауарлардың бағасын біліп жүріңіз. Жиі сатып алатын заттарыңыздың қай жерде қанша бағада екенін, қай жерде арзан екенін білсеңіз, өзіңізге тиімді.

- Шығындарды азайтудың келесі түрі сіздің үйдегі жұмысыңызды көбейтуі мүмкін. Бірақ пайдасы анағұрлым көп. Дайын салат, кесілген жеміс-жидек, жалпы дайын күйінде сатылған тағамдардың бағасы өзгелеріне қарағанда қымбат болады. Ал осыларды өзіңіз үйде әзірлесеңіз, қаржыңыз қалтаңызда қалады әрі өте дәмді болатынын ұмытпаңыз.

- Көкөністер мен жеміс-жидекті арнайы дүкеннен алыңыз. Онда таңдау да көп әрі уақтылы жаңартылып отырады. Сондықтан балғын, дәмді түрлерін көкөністерге, жемістерге арналған дүкеннен ғана таба аласыз.

- Тағамды сатып алардан бұрын тоңазытқышыңызда, сөрелерде тұрған азықтарды еске түсіріңіз. Мәселен, шырын сатып алдыңыз делік. Бірақ үйіңізде тұрғанына біраз болған банан немесе алма, апельсин болса, солардан шырын жасауға болатынын ұмытпаңыз. Тартылған етті де дүкеннен алмай-ақ, өзіңіз жасауға болады. Байқалмағанымен осындай ұсақ-түйектің өзі сіздің қаржыңыздың біраз бөлігін үнемдеуге көмектеседі.

ikerim.kz