Аз уақыттың ішінде тойға дайындалудың жолдары

Үйлену тойы – әрбір адамның өміріндегі маңызды кезеңнің бірі. Әдетте тойды ұйымдастыру ұзақ уақытқа созылады. Біздің елде тойға бір не жарты жыл бұрын дайындалады.

Ал егер тойға бір ай қалып тұрса, қалай дайындаласыз? 30 күннің ішінде тойды ұйымдастырып үлгеру мүмкін бе? Massaget.kz сізге осы жайында пайдалы кеңес ұсынады.

Бірінші жайт

Ең алдымен тойға бір ай қалғанда АХАЖ-ға барып, некелеріңізді заңды түрде тіркеуді бастаңыз. Құжат тек бір айдан соң дайын болады. Содан соң бірден той бюджетін есептеуге кірісіңіз.

Тойдың құнын анықтаған соң, жоспар құрып, жобамен қанша ақша жұмсалу керектігін ойластырып қойыңыз.

Дайындық міндеттерін көмекшілеріңізге бөліп, бекітіңіз. Күйеу жігіт, құрбыларыңыз, әпке-сіңлілеріңіз бен кәсіби маманға не дайындауы керектігін нақты айтып, мерзімін белгілеңіз. 

©Дарья Лапина

Мысалы:

Қалыңдық: той көйлегін сатып алады, гүл шоғын таңдап, тапсырыс береді, стилист пен визажист, интерьер дизайнерлерін, флористерін таңдайды, тортқа, мейрамханаға тапсырыс береді;

Күйеу жігіт: той көліктерін дайындайды, фотограф пен видеограф жалдайды, асаба, биші, әртістерді іздестіреді, сусындарға тапсырыс береді;

Өзгелер: сақиналарды таңдап, мәзір мен той бағдарламасын қадағалайды, қонақтарды шақыру, орналастырумен айналысады.

Екінші жайт

Тойды өткізетін жерді таңдау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі мейрамхананың интерьеры сіздің көңіл-күйіңізге тікелей әсер етеді. Алдымен бірнеше нұсқаны қарастырып, барлығына хабарласыңыз. Бүге-шігесіне дейін ұялмай сұрап алыңыз. Хабарласқан күні мейрамхана администрациясымен кездесуге дайын болыңыз. Сол күні барып, бәрін көріп, келісімшартқа қол қойып кеткен жөн. Себебі жаз маусымында бос мейрамхана табу оңай емес.

©Асан Нұрымжанов

Мейрамхана таңдауда қызмет бағасын, сусындар мәселесін, басты мәзірін, музыка құрылғыларының жайын анықтап алыңыз.

Үшінші жайт

Мейрамхана мен мәзірге тапсырыс беріп болсаңыз, фотограф пен видеограф жалдау керек. Бұл да ең маңызды жайттың бірі. Тойдан кейін қалаған уақытта сурет, бейнежазбаны қарап, еске алып отырасыз. Сондықтан тәжірибесі мол жақсы мамандарды іздестіріңіз.

Содан соң стилист пен визажист, флорист, асаба мен көлікті таңдап, тапсырыс беріп қою керек.

©Илья Тарасов

Егер тойыңызға бір ай қалса, тынбай, ерінбей бәрін тап-тұйнақтай етіп ұйымдастыруға тырысыңыз. Жұртқа ренжіп, ызаланбай, сабырлы болуыңыз керек. Жаныңызда сенімді құрбыңыз болғаны дұрыс.

Тойыңыз ойдағыдай өтсін! Бақытты болыңыз!