«Иә» сөзінен бөлек «жоқ» деген де бар екенін бала ерте бастан-ақ біле бастайды. Баланың еркелігі таусылып, қырсықтығы көрінсе, қалай әрекет етеміз? Біз оқырманға ең керекті кеңестерді беруге тырыстық.
Не істеу керек?
Психологтар 2,5-3 жастан аспаса балаға жаза қолдануға болмайтынын айтады. Өмірге кеше келген бала бірдеңе түсінбей жатса, оны жазалауға құқыңыз жоқ. Ал егер 3 жастан асқан болса ғана, оған не үшін жазалау әрекеті қолданылғанын түсіндіру керек. Егер сізді түсінген болса, ол әрине, бұл қылығын ешқашан қайталамайды. Бала өзінің не үшін жазаланғанын білмей, ата-анаға қарсылық көрсетеді. Ата-ананың басты мақсаты – бұл ісінің қате екенін ұғындыру. Егер бала бұзық бола бастаса, әке-шешеге бағынбай қойса қайтесіз? Айтқаныңызды түсінбесе, тәрбиенің қай жолымен жүргенді дұрыс санайсыз? Көңіл-күйіңіз болып тұрып егер бала диванға секірсе оған күліп, көңіл-күйіңіз жоқта оның бұл қылығына ұрысып берсеңіз, ләжсіз қателесесіз. Бұдан бала не істеу керек екенін ұқпай, дал күйге түседі. Егер бала дастархан үстінде шай төгіп алса, кейбір әке-шеше айғайға басып, оны аса жақсы емес сөздермен мазақтай жөнеледі (жынды, сұмырай, тентек). Қонақта отырған кезде де дәл осылай болады. Ал егер өзі шыныны сындырып алса, оларға кім ұрыспақ? Сондықтан да, бала ойын адастырмау өте маңызды. Бала – әке-шешесінің айтқан әр сөзін құлағына құйып алады. Тағы бір жақсы әдіс - елемей қою. Бұл әдісті емшектегі балаға қолдануға болмайды. Назарды басқа жаққа әкету әдісі көбіне кішкентай балаларға қолданылады екен. Жасөспірімдерге бұл әдісті қолдану нәтиже бермейді. Елемей қойып немесе жазалаудың орнына оның көңілін өзгеге бұрғаныңыз абзал. Жазалау әдісін ұру деп түсінбеу керек. Жазалау іс насырға шабатын болса, жағдайдың қиын болатыны туралы ескерту айту орынды. Үш жасқа дейінгі балаларға қолданылмайды.Баланы қалай жазалау керек:
Бала өзінің не үшін жазаланып жатқанын түсінуі керек; Егер балаға бүгін бір әрекетті жасауға мүмкіндік берсеңіз, келесі күні оған шектеу қою дұрыс емес; Ата-ана бірдей келісіп отырып жазалау керек; Ашулы кезде баланы жазалауға болмайды; Әділетті болыңыз; Баланың бір ісіне екі рет жаза қолдануға болмайды; Балаға қорлау сөздерін айтпаңыз; Баланың алдында қателік жасасаңыз, жалтармай, кешірім сұраңыз; Баланың орнына өзіңізді қойып, ойланып көріңіз; Күні бойы балаға кек сақтауға болмайды; Балаға жақсы көретініңізді көрсетіңіз, тек нашар қылықтарына ашуланғаныңызды түсіндіріңіз; Баланың достары мен қатарластары алдында ешқашан жазалау әдісін қолдануға болмайды!Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: adme.ru