Құрметті оқырман, бүгін біз сіздерге жексенбілік ой сергіту мақсатында аса қадірлі ұстаз, білікті маман Бүйімбаев Мағжан Биғозыұлының қаламынан шыққан отбасы мен ерлі-зайыптылар туралы авторлық ойтізбектері мен мақал-мәтелдерін ұсынамыз. Мағжан Биғозыұлы Бүйімбаев 1935 жылы 17 қыркүйекте Семей облысы, Шар ауданының Божығұр ауылында дүниеге келген. Автордың әрбір сөзі - қалам ұшындағы оның өмірлік тәжірибесі.
Отбасының бақыты – әйел, қадірі – еркек.
***
Әйелің шайпау болса: көзің соқыр, құлағың керең, аузың жұмулы, қолың байлаулы, аяғың тұсаулы дей бер!
Атың тебеген болса, артынан жүрмейсің, әйелің тебеген болса не істейсің?
***
Сәбиді ас ішуге қалай үйретсең, адамды силауды, сүюді де солай үйрет, сонда отбасыңдағы өзіңнің аналық борышыңның бірін анықтағаның.
***
Қатты айтпа қатынға қаһары бар, жұмсақ айтпа, артыңнан асары бар, сондықтан да қатты мен жұмсақтың ортасын да ұста, тоқтатуға оңай.
***
Еріншек әйел ерінің мойнына асылғыш келер, табысын шашқыш келер.
***
Қонақтың жайлы, жайсыздығын әйеліңнің қимылынан-ақ аңғаруға болады.
***
Бала әке шешенің қайталануы десем шындыққа жақын ба, қалай? Оны көріп өзіңнің өткен өміріңді елестетесің, сондықтан балаңа өз қателігіңді қайталамайтын жағын ойластырып тәрбиелеу керек.
***
Ақылды әйел үш бала тапқан соң мінезін көрсетеді.
***
Үйлене сала, әйелімді білдім деме, тоқсан тоғыз білмегенің бар.
***
Қырсық әйел тырысқақ, кеудесін жаман ой кеулеп, не айтарын білмей, момын күйеуін аңдуда болады. Ердің бірінші бақыты расында жайлы, жарқын жары дер едім.
***
Үстемдік бар жерде еркіндік пен даму жоқ. Тіпті отбасында да осы құбылыс болады.
***
Әке шешенің тұрмыс салты, өмір көрінісі сәби үшін бағыт бағдар көрсететін компас.
***
Ерін сыйлаған әйел қартайса да, еліктің лағындай жан жүрегі нәзік сезімге толы нұрлана береді. Мұндай отбасында жүрегі адамгершілікке толы сәбилер тәрбиеленіп өседі.
Дереккөз: ulagat.blogspot.com
Ұқсас жазбалар:
Неке – ең тәтті сезімдердің тоғысы
Неке жүзігі неге аты жоқ саусаққа салынады?