Осыдан сан жыл бұрын ата-ана баласын қазіргідей өбектемейтін. Қандай іс болса да «істей алмаймын» деген сөзді айтқызбай, ұлдың да, қыздың да шаруасын жасата беруші еді. Ол кезде небары он жастағы қыз балалардың өзі бір отбасыны ұйытып отыруға жарайтын.
– інілері мен сіңлілерін бағып, анасынан кем түспей, кірін жуып, тамағын әзірлейді;
– төсек жинайды;
– дастарқан жайып, ыдыс жуады;
– қорадағы малдар мен олардың төліне дейін жемін беріп, суарады;
– сиыр сауады;
– тауықтар қай жерге жұмыртқалайтынын жақсы біледі, оларды мүлт жібермей жинап шығады;
– қой-қозыны, үйрек-қазды, сиырларды жайылымға шығарады;
– май шайқайды;
– құдықтан су тасиды;
– қамыр илейді;
– ұршық иіреді, өрнек тоқиды, кесте тігеді, тоқыма тоқиды, киім пішеді;
– балық аулайды;
– еден жуады, сәкіні сыпырып, тазалайды;
– шабындықтан шөмеле тасиды;
– отын әкеліп, пеш тазалап, от жағады;
– ботқа пісіреді, құймақ әзірлейді, компот қайнатады, бәліш пісіреді;
– бақшадағы егінді жинайды;
– шыраның (керосин лампасы) білтесін, майын ауыстырады;
– алаша қағады;
Бүгінде бұл істерді бірі білсе, бірі атауын да естімеген. Ол дамыған заманның «арқасы» әрі «кінәсі».
Қазір «қызым – қонағым» деп, ертең барған жерде бәрібір бар шаруаны мойнына алып игеріп кетеді деп, қыз баласын үй тірлігіне жұмсамайтын отбасы көп. Енді бірінің ата-анасы «қызым тек сабағын оқысын, онсызда үйірмелерден шаршап, қолы босамайды» деп ас үй шаруасына да араластырмайды.
Ал сіз қыз баласы келін болмай тұрып, жастайынан үй тірлігін, тамақ әзірлеуді білуі шарт деп есептейсіз бе?