Біз осыған дейін ауа ылғалдандырғыштың қандай пайдасы бар екенін айтып өттік. Енді бұл құрылғыны қалай таңдау керектігіне және түрлеріне тоқталамыз.
Ауа ылғалдандырғыштың қажеттілігіне көз жеткізу үшін бөлменің ылғалдылық деңгейін тексеру керек. Ол үшін арнайы аспап – гигрометр пайдаланылады. Оны жеке сатып алуға болады, бірақ көбіне ол ауа ылғалдандырғыш жиынтығында болады. Егер бөлмедегі ылғалдылық деңгейі қалыптан төмен болса, құрылғының қажеттілігіне дау болмайды.
Ауа ылғалдандырғыш қызметі жағынан үшке бөлінеді: дәстүрлі, бумен және ультрадыбыстық. Бұдан өзге, олар қосымша функцияларының, мысалы, ионизатор, қашықтықтан басқару пульті, дисплейі және түрлі тетіктері болуымен ерекшеленеді.
Ауа ылғалдандырғыш түрлері
Дәстүрлі (немесе салқын) ауа ылғалдандырғыш – балалар бөлмесіне жарайтын арзан нұсқа. Арнайы аспапқа буландырғыш элементтерге берілетін су құйылады. Кіріктірме желдеткіштің көмегімен бөлмедегі ауа аспапқа сорылады, буландырғыштан өтіп, сыртқа ылғалданып шығады. Аспап арқылы өткен ауа ылғалға тояттап қана қоймай, шаң, тозаң мен микробөлшектерден тазарады. Сондықтан аппаратты ауа жақсы айналатын және жылу көзіне жақын жерге қою керек.
Дәстүрлі ауа ылғалдандырғыштың фильтрі қоспалармен бітеліп қалмас үшін тазартылған немесе дистилденген су құю ұсынылады. Мұндай аспапты ароматерапия үшін де қолдануға болады. Ол үшін суға бірнеше тамшы эфир майын тамызса жеткілікті.
Ауа ылғалдандырғыштың мұндай түрі шусыз жұмыс істейді, біршама қуаттылыққа және өнімділікке ие, электр қуатын үнемді пайдаланады және салыстырмалы түрде арзанырақ. Бөлмеге ылғалды ауамен қамтамасыз ету гигростаттың бақылауымен емес, автоматты түрде жүреді: аспаптан қаншалықты құрғақ ауа өткен сайын, ылғалдану деңгейі де көтеріледі, ал 60% дәрежесіне жеткенде үдеріс бәсеңдейді.
Бумен ылғалдандыратын құралда екі электрод суды қайнағанша ысытады. Ылғал бөлмеге ыстық бу ретінде тарайды. Аспап су таусылғанша жұмыс істейді: сұйықтық тоқ өтетін электр тізбегін матастырады, қайнап, буға айналады. Су толық қайнап болған соң тізбек ажырайды да аспаптың қызметі тоқтатылады.
Мұндай түрдегі ауа ылғалдандырғышты ароматизатор ретінде де, ингалятор ретінде де пайдалануға болады – суға иістендіргіш май немесе шөп қайнатпасын қосу қажет.
Бумен ылғалдандыратын аспаптардың өнімділігі мен қуаттылығы мықты болғандықтан электр қуатын да көп тұтынады. Аспапта кіріктірме гигростат болғаны маңызды. Сонда ол белгіленген ылғалдылық дәрежесіне жеткенде өз бетінше өшіп қалады. Аспаптан ыстық бу шығатындықтан, оны жиһаздардың жанына және адамдар көп отыратын жерге қоймау керек.
Ультрадыбыстық ауа ылғалдандырғыш – ең танымал, заманауи және тиімді болып саналады. Суға батқан пьезоэлектрлік элемент электрлік ауытқуды механикалық тербеліске айналдырып, ұсақдисперстік су бөлшектерін шығарады. Бөлмедегі құрғақ ауа кіріктірме желдеткіштің көмегімен су бұлты арасынан өтіп, ылғалға тояттап, тұман ретінде шығады. Оның температурасы 35°С-тан аспайды, сондықтан аспап балалар бөлмесінде қауіпсіз. Мұндай ауа ылғалдандырғыш дыбыссыз жұмыс істейді, қуаттылығы төмен болғандықтан электр қуатын аз пайдаланады, бірақ соған қарамастан өнімділігі жоғары.
Аспапта бөлмедегі ылғалдылық деңгейін нақты анықтау үшін және автоматты түрде өзі өшуі үшін арнайы кіріктірме гигростат қажет. Оған тазартылған немесе дистилденген су пайдалану ұсынылады. Фильтр бітелуі мен тозуына байланысты оны екі айда бір рет айырбастап тұру қажет.
Өндірушілер өшіп тұрған құрылғыдан суды толықтай төгіп тастап, бактериялар мен жағымсыз иістің тарамауы үшін құрғатып сүртуді ұсынады. Ауа ылғалдандырғышты электр құрылғыларынан бір метр қашықтықта ұстау керек.
Сурет: 1-metr.com, homester.com.ua
Дайындаған: Анар Мұстафина