Қазір адамдар жиі импульсивті түрде сауда жасайды. Олардың көпшілігі — балаларының өтінішінен бас тарта алмайтын немесе оларды жаңа дүниемен қуантқысы келетін ата-аналар. Нәтижесінде, үйде бір күн ғана ойналатын ойыншықтар, шығармашылықты дамытуға арналған жинақтар және киіліп үлгерілмейтін киімдер жинала береді. Үйдің іші затқа толады, ал ақша жетпейді немесе жиналмайды. Бюджетіңізді орынды жұмсау үшін эмоционалды шоппингке қарсы тұруды қалай үйренуге болады? Ең алдымен маркетологтардың қулықтарын біліп алыңыз. Себебі олар сізді қажет емес шығындарға итермелейді.
Төменгі сөрелердегі тауарлар
Дүкенде тауарларды қою — кәсіпорын кірісіне тікелей әсер ететін бөлек ғылым. Оларды қызметшілер өз қалауларынша қоя салады деп ойласаңыз, қателесесіз. Тауарлар да маркетингтік әдіс бойынша қойылады. Мысалы, сатып алушының көз деңгейінде қойылған тауар жақсы өтеді. Балалар бөлімінде тауар қоятын сөрелерді бала бойына сай жасайды. Ал ірі супермаркеттер балалар жақсы көретін шоколад немесе басқа да тәттілерді, ойыншықтарды әдейі төменгі сөрелерге қояды. Оның әке-шешесі үйге қажетті азық-түлікті алып жүргенде, бала қолы жететін тәттілерді алып, кәрзеңкеге салады. Ал шығарда жылап, айқаласа да оларды ата-анасына алдырады.
Балаларға арналған тегін сыйлықтар
Нақты бір сомаға сауда жасасаңыз, сауда желісі дәл қазіргі уақытта барлық мектептер мен балабақшалардағы балалар қызығып ойнайтын немесе жинайтын қандай да бір затты (сувенир) сыйлыққа беретінін айтады.
Акциялар
Балалар тауарына немесе тамақтану өнімдеріне «екеуін бір бағаға ал» немесе «үшеуін алда, тек екеуіне төле» деген акциялар жасайды. Бастапқыда ол тиімді ұсыныс секілді көрініп, біраз ақша үнемдедім деп ойлайсыз. Бірақ үйге келген соң үш қорап какаоның жарамдылық мерзімі бір айдан соң бітетінін байқап, оны ол уақытқа дейін тауыса алмайтындарыңызды немесе үш бірдей футболканың аса қажеті жоқ екенін түсінесіз. Бала ол киімдерді киіп үлгермей, өсіп кетуі мүмкін.
Коллекциялау
3 жастан бастап 10 жасқа (минимум) дейінгі балалар коллекция жинағанды ұнатады. Балалардың осы қызығушылығына шоколадты жұмыртқалардан бастап құрастырғыштарға дейін көптеген тауарлардың шығарылуы негізделген. Бұл сұранысты мультфильмдердің жаңа сериялары мен компьютерлік ойындар одан әрі көбейтеді. Ал бала өскенде немесе оның қызығушылығы басылып қалғанда олардың бәрі қоқыстан бір шығады.
Супермаркеттердегі балалар арбасы
3-7 жас аралығындағы балаларға арнайы кішкентай әдемі арбалар ойлап тапқан. Балаға оған тауарларын салу ыңғайлы және олар ересектер секілді арба сүйреп, оған зат салу арқылы өздерін "маңызды" адам сезінеді. Балалар арбасы — табысты сатылым үшін лайфхак.
Адамдардың «зиянды» әдетін пайдалану
Қазір біз шырын, печенье, қытырлақтар, батончиктер және т.б тіскебасарларсыз жақын тұрған саябаққа да бармаймыз. Ол жақтың өзінде де шыдамай, балаға тәтті мақта, балмұздақ немесе попкорн аламыз. Маркетологтар осыны пайдаланады. Кішкентай сатып алушы дүкеннен түрлі түсті қаптамадағы көптеген тіскебасарлар алады. Кей ата-ана оған рұқсат бермейді, ал басқалары алып береді, себебі өздері де сондай тіскебасарлар жегісі келеді.