Ата-анаға кеңес: Балаға алғашқы көмекті қалай көрсетеміз?

Бала денсаулығына қауіп төніп тұрғанда сабырлы болу қиын. Байбаламға салынбас үшін ата-ана шұғыл жағдайда не істеу керегін білу керек. 103 нөміріне хабарласқаннан кейін ата-ана не істеуі керек?

Жара

Бала жетіге келгенше жерден таяқ жейді. Бала терісін зақымдайтын нәрселерге жиі ұрынады. Тері ағзаны бактерия өтуінен қорғап тұрады. Бала ағзасы жұқпаға сезімтал болып келетіндіктен, жараны бірден өңдеуге тырысыңыз.

Не істеу керек?

- Қолыңызды антисептикалық сабынмен жуыңыз;
- Зақымдалған теріні сумен жуып, оған йод немесе жасыл дәрі (зеленка) жағып қойыңыз;
- Жараның көлеміне қарай оған пластырь жабыстырыңыз немесе оны зарарсыздандырылған бинтпен ораңыз;
- Қан ағысты әлсіздендіру үшін зақымдалған жерді жүректен жоғары көтеріңіз;
- Егер қан қатты ағып жатса, маманға хабарласыңыз.

Артериялық және көктамырдан аққан қанды айыра білген жөн:
- Артериялық қан ағу кезінде қанның түсі ашық қызыл болады, қан фонтан секілді атылады және жараның лүпілі болады. Оны әлсіздендіру үшін жарадан 10 см жоғары тұрған артерияны басу керек. Содан соң сол жерге бұрау салу керек.
- Көктамырдан қан аққан кезде қанның түсі қою қызыл болады, ал жараның лүпілі болмайды. Оны тоқтату үшін зақымдалған жерді жүректен жоғары көтеріп, жарадан 10 см жоғары жерге бұрау салыңыз.

Сыну немесе буын шығу

Бұлар тәжірибелі ата-ананың өзін шошытатын ең жағымсыз зақымдар. Бірақ байбаламға салынбау керек. Көзбен диагноз қоюға тырыспаңыз: сынық пен буын шығуды тек рентген айыра алады. Бұл екі зақым да қауіпті болғандықтан, бірден жедел жәрдем шақырыңыз.

Не істеу керек?

- Балаға зақымдалған дене бөлігін қозғауға мүмкіндік бермеңіз;
- Зақымдалған жеріне салқын бірдеңе басыңыз;
- Егер қан ағып жатса, оны тоқтату керек. Ол үшін жараның үстіне таза мата қойып, үстінен бинтпен ораңыз;
- Жедел жәрдем келгенше баланы қозғамаңыз.

Күйік

Күнге күйіп қалу немесе үстіне қайнаған сұйықтық төгіп алу – күйіктің пайда болуына себеп көп. Егер зақымдалған жер 3 сантиметрден аспаса, тері сезімталдығын сақтаса және тек кішкене қызарса, онда дәрігерге қаралудың қажеті жоқ. Алайда егер тұрмыстық химия себебінен күйік пайда болса, тері күлбіреп кетсе, тері қоңыр/қара түске боялса, сезімталдығын жоғалтса, бірден жедел жәрдем шақырыңыз.

Не істеу керек?

- Баланы бірден күйік алған жерден әрі алып кетіңіз;
- Күйікті салқындатыңыз. Ол үшін күйген жерді салқын судың астында 20 минуттай ұстаңыз;
- Күйген жерге ылғалдандырғыш крем немесе алоэ гелін жағыңыз;
- Күйікті бинтпен ораңыз, бірақ қатты қыспаңыз;
- Қан айналымды жоғарылату үшін балаға су беріңіз.

Суға кету

Суға батып жатқан баланы уақытында байқау маңызды, себебі суға батушыға айқайлау қиынға соғады. Суда жүзіп жүрген балалар әрдайым ата-анасының бақылауында болуы тиіс. Суға батушыны көрген бойда оны судан шығарудың амалын жасаңыз.

Не істеу керек?

- Баланы ішімен тізеңізге жатқызыңыз. Оның басы төменге салбырап тұруы керек;
- Тыныс алуы мен тамыр соғуын тексеріңіз;
- Егер тыныс алмай жатса, жедел жәрдем шақыртып, аузына жасанды дем беруді бастаңыз: баланың мұрнын қысып, терең тыныс алып, баланың аузына терең тыныс шығарыңыз. 20-30 секунд ішінде жылдам 5-10 тыныс шығарыңыз. Егер баланың кеудесі көтеріліп жатса, жалғастырыңыз: минутына 12-15 тыныс беріңіз;
- Содан соң баланы жедел жәрдем келгенше бір қырымен жатқызыңыз.

Тоққа түсу

Электрлік тіс щеткасының өзінен тоқ соғуы мүмкін. Оның зардабы тоқтың типіне, кернеуіне және баланың жалпы денсаулығына байланысты. Егер зақымдалушы талып қалса, тырысып қалса, күйік пайда болса және тыныс алуымен проблема болса, бірден жедел жәрдем шақыру керек.

Не істеу керек?

- Сізге де тоқ соқпас үшін резеңке немесе былғары қолғап киіп, баланы тоқтың көзінен алыстатыңыз;
- Егер бала талмаған болса, оны шалқасынан жатқызып, үстіне көрпе жауып қойыңыз. Сол кезде қан айналым қалыпқа келеді. Жедел жәрдем шақырыңыз;
- Күйік кезінде барлық қажетті әрекеттерді жасаңыз;
- Егер тыныс алуы қиындап жатса, аузына жасанды тыныс беріңіз;
- Егер баланың жүрегі соқпай жатса, жүрегіне массаж жасаңыз.

Талып қалу

Күтпеген жерде барлық адам, соның ішінде, балалар да талып қалуы мүмкін. Оның себептері көп: тымырсық ауа, оттек жетіспеуі, ауру, аштық, әлсіздік, уайым, қорқу және т.б. Оның қояншық ұстамасынан айырмашылығы – тырыспаның болмауы. Бала талмас бұрын одан бас айналу, жүрек айну, ыстықтау және суық тер секілді белгілер байқалуы мүмкін.  

Не істеу керек?

- Баланы шалқасынан жатқызып, сағатқа қарап, талған уақытын жаттап алыңыз. Егер бала 3 минут өткен соң өзіне келмесе жедел жәрдем шақырыңыз;
- Бала киімінің алдын және терезелерді ашыңыз;
- Баланың қолын және бетін суық сумен салқындатыңыз;
- Мақтаны мүсәтір спиртіне малып, оны баланың мұрнына жақындатыңыз;
- Бала есін жиғанда оған қою әрі қанты бар шай беріңіз: ол артериялық қысымды және қандағы глюкоза деңгейін көтереді.

Тұншығу

Баланың тамағына кез келген нәрсе тұрып қалуы мүмкін. Егер бала демала алса, бірақ жөтеліп тұрса, оны тыныштандырып, жөтеліп алуына көмектесіңіз. Кей жағдайда бала тамағын ұстап, демала да, жөтеле де алмайды. Ол кезде алдымен жедел жәрдем шақырыңыз.

Не істеу керек?

- Бір қолыңызбен оның денесін ұстап, шамалы еңкейтіңіз: екінші қолыңыздың алақанымен арқасынан, жауырын арасын 3-5 рет ұрыңыз;
- Баланың артына жабысып тұрыңыз. Жұдырығыңызды бала кіндігінен сәл жоғары қойыңыз. Ал екінші қолыңызбен жұдырықты ұстап, бала ішін жай қысыңыз.
- Егер бала әлі де тыныс алмай жатса, 5 рет жасанды тыныс жасаңыз. Содан соң оны бір қырымен жатқызыңыз.

Кез келген жағымсыз жағдайдан соң баланы тыныштандырып, онымен жай сөйлесіп, жақын арада жалғыз қалдырмай, жанынан табыла біліңіз.